«ҚЫР БАЛАСЫ» ізімен

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25, Ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығы және Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуы мерекелеріне орай, Ұлытау-Торғай-Тоқырауын бағытымен жүріп өтетін «Қыр баласы жүрген жолдармен» атты ғылыми-этнографиялық экспедиция жолға шықты. Экспедицияны Ұлытау ауданы орталығындағы «Хан алаңы» монументі жанында ұйымдастырылған салтанатты шара арқылы көпшілік қауым ақ тілекпен шығарып салды.

Тағлымды мерейтой шараларын межелеген бұл мерейлі экспедицияның мақсаты – Ұлытау-Торғай-Тоқырауын аралығындағы өл­кедегі тарихи тұлғалар есіміне байланысты киелі орындарда болып, «Қыр баласының» ізімен жүріп өту. Сөйтіп, өткенге тағзым етіп, өшкенді жаңғырту. Отаншылдық, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруда ұлт көсемдерінің ұстанымдарын «Мәңгілік Ел» идея­сымен сабақтастырып, қазақ қоғамын ой, мақсат, әрекет бірлігі жолында топтастыруға ықпал жасауды көздейді. Кездесулер өткізумен қатар Алаш арыстарына қатысты, 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысына байланысты деректер жинақтап, ғылыми айналымға шығару ойлары да бар. Ізгі ниетті мақсат тұтқан экспедицияның құрамында тарихшылар, өлкетанушылар, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мамандары, сондай-ақ облыс аймағындағы музейлердің өкілдері топтасқан.

Сапардың алғашқы сәтінде ғылыми-этнографиялық экспедиция мүшелері Ұлытаудың Қорғасын елді мекеніне келіп, 1814 жылы ашылған Қорғасын кеніші өндірісінің орнын және Ұлт-азаттық қозғалысының сарбазы Кейкі батырдың үңгірін көріп, аралады. Одан әрі Терісаққан арқылы Торғайға бет алған экспедиция 17 қыркүйекте Аманкелді ауданында өткізілген ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығына арналған іс-шаралар мен ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Осындағы А.Имановтың тарихи-мемориалдық музейінде болып, сала қызметкерлерімен ақпарат алмасты. Тарихи сапар барысында Торғай өңіріндегі Міржақып Дулатовтың туған жері Сағада, жерленген орны — Бидайықта, одан кейін Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған Ақкөлде болу жоспарланған. Экспедиция Ақкөлден Дулығалы мешітіне қарай шығып, Ұлытаудың Байқоңырына оралады. Бұл өңірдегі 1725-1727 жылдардағы қазақ-жоңғар шайқасы өткен орындарға аялдап, Үйтас ескерткіштер кешенін аралайды. Жездідегі М.Төрегелдин атындағы музейде жергілікті тұрғындармен және жастармен кездесу өткізбекші. Одан әрі Әлекең елін бетке алған экспедиция Жаңаарқа өңіріндегі Алаш зиялыларына қатысты орындарға соғып, Ақселеу Сейдімбек кесенесіне тәу етеді, аудан орталығындағы Сәкен Сейфуллин музейін аралайды. Ортау, Қарашілік, Өспен сияқты тарихи жерлерге табан тигізе отырып, Тоқырауын бойына атбасын тіремек. Ақтоғайдағы Көрпетай батыр кешені, Алаш арыстары Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермеков туған Төңіректас пен Беріктас, Әлиханның Талдыбейіті, Ақсораң, Бегазы кешені тәрізді көптеген тарихи орындарда болу жоспары бар. «Қыр баласы жүрген жолдармен» ғылыми-этнографиялық экспедициясының сапары Алаш көсемі Ә.Бөкейханның 150 жылдығына арналған 23-24 қыркүйектегі облыстық іс-шараларға қатысуымен аяқталады.

Амандық РАХҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.