Облыс әкімі

Қылмыс азайып, қамқорлық артты

Қарағанды облысының полиция департаментінде құқық қорғау органы өкілдерінің 2019 жылғы жедел қызметтік жұмыстарының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге міндеттер межесі белгіленді. Кеңейтілген кеңеске облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс прокуроры Марат СЕКСЕНБАЕВ және Полиция департаментінің бастығы Ерлан ФАЙЗУЛЛИН қатысты. Өз кезегінде аймақ басшысы полицейлер жұмысының маңыздылығына тоқталып, басты міндет – әділетті болу және тұрғындарды қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту екенін атап өтті. Осы орайда, жергілікті билік тәртіп сақшыларының еңбегін ескеріп, материалдық-техникалық базасын нығайтуды және тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

 

  • Жақын арада 200 қызметтік автокөлік, оның ішінде жеңіл автокөліктер, автобустар және басқа да арнайы техника сатып алу жоспарда. Сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірге ішкі істер органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асыруды бастаймыз. Жыл соңына дейін алғашқы кілттерді тапсырамыз, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Сонымен қатар, өз сөзінде жалпы облыс бойынша тұрғын үй құрылысының көлемі бір жарым есеге артатынын айтты. Салынатын 430 мың шаршы метр тұрғын үйдің бір бөлігі Полиция департаменті және Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлеріне беріледі деп күтілуде.

Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин өңірдегі қылмыс деңгейі төмендегенін жеткізді. 2019 жылы қылмыс 25%-ға азайған. Бұл үрдіс соңғы бес жылда байқалып отыр. Полиция мәліметтеріне сәйкес, қылмыстың алдын алу тиімді нәтиже берген. Бейнебақылау жүйесі үлкен көмек көрсететінін айтты. Өңірде барлығы 4830 бейнебақылау камералары орнатылған екен. Оның 1138-і жедел басқару орталығына тікелей сигнал жеткізеді.

  • Камералар көше қиылыстарында, адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық орындарда орнатылған. Өткен жылы бейнебақылау камераларының көмегімен 479 қылмыс ашылды. Бұл 2018 жылға қарағанда айтарлықтай көп. Сонымен қоса, 24 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде жол қауіпсіздігі бойынша – 16 мың, – деп атап өтті Ерлан Файзуллин.

Қылмысты ашуға өңір тұрғындары да айтарлықтай көмек көрсетуде. Қазір облыста 147 қоғамдық құрылымдар мен 89 волонтерлік қозғалыстар тіркелген. Үш мыңға жуық еріктілер полицейлермен бірлескен рейдтерге қатысады екен. Олар із-түссіз жоғалған адамдарды табуға көмектесіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға біршама қолғабыс етеді. Ерлан Жұмасейітұлы алдағы уақытта да қылмыс деңгейін төмендетуге қол жеткізетіндерін айтты. Азаматтарға мемлекеттік қызметтерді тез және сапалы көрсетуді міндет санайды. Келешекте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сервистік көзқарас тұжырымдамасы енгізілетін болады. «Азаматтарға арналған қабылдау» жобасы іске асырылды және жоспарланған 10 фронт-кеңсенің 5-і ашылып, мардымды жұмыс істеуде. Облыс прокуроры Марат Сексенбаев өз баяндамасында биылғы жылы кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың, сондай-ақ мал ұрлығының алдын алуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Осы мәселелердің алдын-алу барысында прокуратура полициямен бірлесіп белсенді жұмыс істейтінін жеткізді.

Кең тараған қылмыстардың бiрi ретiнде полицейлер пәтер тонау мен мал ұрлығын атады. Сонымен қатар, табиғат қаскөйлерімен күрес, жасөспiрiмдер қылмысының алдын алу, қылмыстық iстердi тергеу, есiрткi қылмысына қарсы iс-қимыл шаралары туралы айтылды.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button