Құқық қорғаушылар темір тұлпар тақымдады
Жуырда облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ ішкі істер органдарының қызметкерлеріне 8 Skoda Rapid және 15 УАЗ 2206 маркалы қызметтік автокөліктер табыс етті.
ІІД материалдық базасы жыл санап жаңарып келеді. Мысалы, биыл – 9 миллиард 959 миллион 650 мың теңге бөлінді (соның ішінде ағымдағы шығынға 9 миллиард 819 миллион 70 мың теңге және капиталдық шығынға – 140 миллион 580 мың теңге).
Шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті билік органдары аймақтағы құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы мен кадр құрамын нығайту жолында қажетті жұмыстардың барлығын жасап жатқанын айрықша атап өтті.
– Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жабдықталуы қылмыстық әрекеттердің азаюына әсер етуі тиіс. Бүгінгі тапсырылып жатқан жаңа қызметтік көліктер қоғамдық тәртіп және қылмыспен күрес жұмыстарын ары қарай нығайтуға үлкен көмек боларына нық сенемін. Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарының алдына үлкен және өте жауапты міндеттер қойып отыр. Осы міндеттерді сіздер лайықты орындап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосып келесіздер. Сондықтан, адал қызметтеріңіз үшін баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін. Мемлекетіміз құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыруға үлкен көңіл аударып келеді. Осыған орай, біздің облысымызда да атқарылып жатқан шаралар аз емес. Атап айтқанда, ішкі істер саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Материалдық-техникалық база нығайтылуда. Бүгінгі шара – мемлекетіміздің осы салаға деген айрықша қамқорлығының айқын көрінісі. Сондықтан, баршаңызды осы қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Облыстық ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Мергенбай Жаппаров аймақ басшысының көрсетіп жатқан қолдауына шын ықыласпен алғысын білдірді.
«Қоғамдық, жол қауіпсіздігін және құқық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған ішкі істер органдары қызметінің негізгі басымдықтарын ескере отырып, көліктердің басым бөлігі қызметтері облыс орталығы мен аймағымыздағы аталған міндеттерді орындауға бағытталған полиция қызметкерлеріне бекітіледі. Сіздің тікелей қолдауыңызбен 50 миллион теңгеден астам қаражатқа жергілікті полиция қызметінің саптық бөліністеріне арнап, 75 көпқызметтік бейне және дыбыс жазбасын жасайтын құрылғы, сонымен қатар, 19 миллион теңгеден астам сомаға қару-жарақ, оқ-дәрілер сатып алынды. Енді бүгін, міне, сіздің қолдауыңызбен 23 бірлік темір тұлпар еншіледік, – деді Мергенбай Жаппаров.
Рауан ҚАБИДОЛДИН