Жаңалықтар

Волейбол клубы сатылады

      Жуырда облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасында облыстың мемлекеттік активтер және сатып алулар басқармасының ұйымдастыруымен «Қарағанды» волейбол клубын» сату мәселесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

Шараға  облыстың мемле­кеттік активтер және сатып алулар басқармасы басшысының орынбасарлары Айжан Дурсун мен Рұстам Қожабеков, «Қарағанды» волейбол клубы» ЖШС директоры Нұрлан Садықов қатысты.

2015 жылдың желтоқсан айында ҚР Үкіметі Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған жоспарын бекіткен болатын. Биыл сәуір айында аталған жоспарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл түзетулер Қарағанды облысының ұйымдарын да айналып өтпеді. Яғни, бәсекелес ортаға беруге жататын ұйымдардың тізімінен 18 ұйым, оның ішінде БАҚ-тың 17 ұйымы алынып тасталды. Ал, өткен жылдың соңында квазимемлекеттік қайталап түгендеу жүргізу барысында анықталған 10 ұйым қосымша енгізілді.

– Нәтижесінде, биыл облыс көлемінде 24 ұйым бәскелес ортаға беріледі. Ұйымдарды сауда-саттыққа шығаруды ай-айға бөле отырып, тиісті кесте бекітілді. Сөйтіп, биыл 4 ұйым сатылса, 5 ұйымға қатысты тарату рәсімі жүргізілуде. 2 ұйым сатылымға шығарылып, 8 ұйым бойынша сату алдындағы дайындығы жасалуда. Қалған 5 ұйымға қатысты жыл соңына дейін сату алдындағы дайындығы және сауда-саттыққа шығару шаралары атқарылатын болады. Жекешелендіру бойынша сауда-саттықтар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (gosreestr.kz) электрондық форматта өткізіледі, – деді облыстың мемлекеттік активтер және сатып алу басқармасы бас­шысының орынбасары Айжан Дурсун.

Сөйтіп, сатылымға шығарылған ұйымдар қатарында «Қарағанды» волейбол клубы» ЖШС де бар болып шықты. Бұған дейін аталған клубқа облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы арқылы Қарағанды облысы әкімдігі құрылтайшылық етіп келген еді. Клубтың бағалау құны – 9 641 790 теңгені құрады. Мұндағы волейбол клубының жарғылық капиталына енетін негізгі құралдар – автокөлік, спорттық құрал-жабдықтар, жиһаз, ұйымдастыру техникасы және тағы басқалар. Дегенмен, клуб биыл екі мәрте сатылымға шығарылып, өтпеуіне байланысты, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына сәйкес үшінші сауда-саттық кезіндегі құны 2 410 448 теңгеге дейін төмендетілді.

– Осымен сегіз жыл қатарынан жұмыс жасап келе жатқан  «Қарағанды» волейбол клубы» ЖШС 2009 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен құрылған еді. Осы мерзім аралығында клуб 12  спорт шеберін қанат қақтыр­ды. Жастар Ұлттық құрамасы сапында клубтың 4 ойыншысы өнер көрсетуде. 2 спортшы – Жасөспірімдер Ұлттық құрамасында ойнап жүр. Қазіргі таңда клубта 96 бала жаттығады. Бұлар жас ерекшеліктеріне қарай – кіші, орта және ересектер болып, үш топқа бөлінеді, – деді Нұрлан Садықов.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button