Covid-19

Вирус жұқтырып босанған әйел перзентханадан шығарылды

Бүгін Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының №1 перинаталдық орталығынан жүкті кезінде COVID-19-бен ауыр түрде ауырған 36 жастағы Ирина МИРОНОВА шығарылды.

Әйел өзі мен баласы үшін қатты уайымдағанын айтты, бірақ дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында бәрі ойдағыдай болды, көптен күткен ұлы сау болып туылды. Ирина Миронованың жүктілігі асқынусыз өтті. Әйел барлық жоспарлы скринингтерден өтті және үнемі гинекологтың бақылауында болды. Дәрігерлер оған шамамен тамыз айының басында босануы керек деп болжам жасаған. Алайда, 37-ші аптада әйел өзін нашар сезіне бастаған. ПТР тестін жасағаннан кейін ол коронавирус жұқтырғанын білді.

– Басында үрей болды. Мені қорқыныш сезімі баурап, өзім үшін және балам үшін қатты алаңдадым. Мені алдымен кәдімгі жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызды, бірақ асқынулар пайда болғандықтан, перинаталды орталыққа ауыстырды. Тыныс алу қиын болды, ентігу пайда болды, температура бірнеше рет көтерілді. Дәрігерлер кесарь тілігін жасауға шешім қабылдады. Сәби дені сау болып туылды, бізде барлық көрсеткіштер қалыпты. Мен дәрігерлерге ризамын, – деді әйел.

Иринаның күйеуі Александр Халепов те әйелі мен баласы үшін қатты алаңдады.

– Біздің үлкен ұлымыз 14 жаста. Бұл біз үшін көптен күткен сәбиіміз. Мен үнемі әйеліммен байланыста болдым. Перинаталды орталықтың дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері оған өте мұқият қарады деп айта аламын. Мен дәрігерлерге олардың қажырлы еңбегі үшін үлкен рахмет айтқым келеді, – деп Александр Халепов медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Ата-анасы ұлына Дмитрий деген есім берді. Облыстық клиникалық аурухананың акушерлік-гинекологиялық қызметінің меңгерушісі Андрей Буйненко перинаталдық орталықтағы ковидтік перзентхана 7 шілдеде жүкті әйелдер арасында аурудың өсуіне байланысты ашылғанын айтты. Есептік қуаттылығы 50 адамға шақталған ковидтік перзентханада қазіргі уақытта 65 пациент бар.

– Бүгін біз үшін қуанышты оқиға. Ана мен баланы аман-есен шығарып жатырмыз. Науқаста өкпе тіндерінің 60% зақымдануы болды. Тыныс алу жеткіліксіздігі байқалды, ол реанимацияда болды. Осыған байланысты бізге оны мерзімінен бұрын босандырып алуға тура келді. Бірақ бала зардап шеккен жоқ.

Жүкті әйелдердің коронавирус ауруының ерекшелігі – диафрагматикалық тыныс алу. Босанудың өзі кешенді емдеу кезінде науқастың жағдайын жақсартады. Ковидтік перзентхана пациенттерді 22 аптадан бастап және одан да ұзақ мерзімдегі жүктілікпен қабылдайды. Бүгінгі таңда реанимацияда бес әйел бар. Барлық жаңа туған нәрестелерді біз КВИ-ға екі рет тексереміз. Өткен айда ауруы симптомсыз өткен бала дүниеге келді. Біз оны 10 күн бақылап, шығардық.

Біз балаларды аналардан бөліп алмаймыз. ДДҰ-ның ұсынымдары мен ұлттық хаттамаға сәйкес, жаңа туған нәрестеге анасымен бірге болу және емізу қажеттілігі коронавирустың пайда болу қаупінен асып түседі. Бірақ бізде баласына дерт жұқтырудан қорқып, нәрестесін алып кетуді сұраған науқастар бар. Мұндай жағдайлар аз, — деді Андрей Буйненко.

Қарағанды облысының әкімдігі. 

Басқа материалдар

Back to top button