Жаңалықтар

Виртуалды әлемнің әбігері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында болашағы зор бағыттардың біріне ІТ-технология­ларды қосқан болатын. Тіпті, жыл соңына дейін суперкомпьютерлер жасалып, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланғанын айтты. Қазір жоғарғы технологияларды қолданбайтын сала жоқ.

Сурет: 31.alschool.kz сайтынан

Өміріміздің оңайлап кеткені сонша, кезінде қолмен орындалатын көп дүние бүгінде автоматтандырылып, уақытты да ұтымды пайдаланудамыз. Бірақ, интернет пен цифрландырудың даму ғасырында дәл осы жерде «ізін» қалдырмай кететін адам кемде-кем. Яғни, цифрлық тасымалдаушылар арқылы белгілі бір әрекеттер жиынтығын орындай отырып, cookie файлдары түрінде сақталатын цифрланған ақпарат қалдырады. Бұл – алаяқтардың нағыз жемі. Айласын іске асыру үшін заманына қарай түрлене бейімделген олар өздерінің әуелгі әрекеттерін жүзеге асыруға кіріседі.

Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Арғын Құтышев  әлеуметтік желіде тіркеліп, банктен несие алғанда, тіпті, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде де адамның цифрлық ізі қалатынын айтады. Виртуалды әлемге жасырын кіріп-шығу мүмкін емес. Дәл осы сәтті кірпік қақпай күткен қылмыс әлемі өзінің әрекетіне кіріседі.

– Деректер қылмыскерлердің қолына түрлі тәсілдермен түседі. Біреуі азаматтардың деректерін интернеттен сатып алса, енді бірі несие алушылардың, салымшылардың мәліметтерін алу үшін банкке уақытша жұмысқа тұрады. Бұл ретте кімнің алаяқ екенін ажырату қиын. Себебі, қылмыс­керлер қашықтан, ешқандай кездесулер мен уәделерсіз қылмыс жасайды, – дейді Арғын Мешітбайұлы.

Жалпы, кез келген қылмысты әуелі құқық қорғау органы тергеп-тексергеннен кейін сотқа тапсыратынын білеміз. Бұл – алаяқтарға да қатысты. Арғын Құтышев өткен жылы Қазыбек би аудандық соты дәл осындай 43 қылмыстық істі қарағанын айтады.

– Биылғы 3 айдың өзінде алаяқтық бойынша 17 қылмыстық іс келіп түссе, оның көпшілігі интернет-алаяқтыққа байланысты. Қылмыстық істердің осы санаттары бойынша жәбірленушілердің саны өте көп. Тіпті, бір қылмыстық істің өзінде 60 жәбірленушіге дейін болатын кездер бар, – дейді Арғын Мешітбайұлы.

Сот төрағасының міндетін атқарушы кез келген санаттағы адам интернет алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін екенін айтады. Олар, тіпті, адамның жасына, санатына қарай, қылмыс түрін де өзгертіп отырады. Мәселен, зейнетақысымен қосып, барлық жинағын ұстатып қоя беретін қарт адамдарға ақша шұғыл керек туыстары болып, қоңырау шалады. Ал, жеңіл ақша іздеген жастарды курьер ретінде пайдаланады.

– Алаяқтар жәбірленушілерден алған ақшаны тасымалдау үшін лайықты ақы беру арқылы жастарды тартады. Сөйтіп, олар өзі білместен, қылмысқа қатысушы болып шыға келеді. Сондықтан, қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін жастар жұмысқа орналасу кезінде жұмыс беруші қызметінің заңдылығын тексеріп қана қоймай, екі тараптың да құқықтары мен міндеттері көрсетілетін ресми еңбек шартын жасасуы керек, – дейді Арғын Құтышев.

Алаяқтықтың келесі түрі – банктен немесе ішкі істер органдарынан қоңырау шалу. Жәбірленушіні қылмыскердің әрекетінен қорғау мақсатында өтірік қоңырау шалып, нәтижесінде олар өз еркімен несие рәсімдеп, болмаса, депозиттегі ақшаларын алаяқтарға өздері аударып береді.

– Кейінгі кезде банк карталарын жасатып, оны алаяқтардың жандайшаптарына өз еркімен берген жағдайлар жиілеп кетті. Атап айтқанда, тұрғындар өз еріктерімен банк карталарын ақшаға сатады. Сөйтіп, тағы да қылмысқа қатысы бар болып шығады. Банк картасын ешкімге бермеңіздер, – дейді Арғын Мешітбайұлы.

Интернет дәуірінде цифрлық із қалдырмау мүмкін емес. Ал, гаджетсіз өмірімізді елестете де алмаймыз. Демек, «алаяққа алданбаймын» деп, кесіп айту қиын. Сондықтан, құзырлы органдар Egov арқылы несие рәсімдеуге тыйым салған да дұрыс деген уәж айтады.

– Банк карталарын, жеке куәліктерді ешкімге беруге болмайды. Кез келген мәміле жасасу кезінде абай болған дұрыс, – дейді Арғын Құтышев.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button