Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Виктор КУРЬЯТОВ

Виктор Константинович Курьятов 1925 жылы Қорған облысындағы Речное селосында туған. Он жеті жасында өзі тіленіп майданға аттанды. Сталинградтан Аустрияның Вайсберг қаласына дейінгі соғыс жолынан өтті.

В.Курьятов өзінің жауынгерлік қадамын Қазақстанда құрылған 38-ші атқыштар дивизиясының құрамында, Сталинград түбінде бастады. Көрсеткен ерлігі жоғары бағаланып, екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сталинград үшін шайқаста жараланды. Емделіп шыққаннан кейін Виктор 61- ші гвардиялық атқыштар дивизиясында барлаушы болды.

Бірде барлаушыларға Тираспольдің оңтүстігіне таяу жердегі жау қорғанысының түбіндегі атыс ұяларын барлап, анықтау тапсырылды. Барлаушылар тапсырманы ойдағыдай орындап қайтып келе жатқанда гитлершілердің штабына кез болады. Олар «тіл» алуға бел байлайды. Курьятов қарауылшының үнін шығармай қағып түскенде, басқа барлаушылар жер кепенің ішіне лап қояды. Офицерді тұтқынға алып, қалғандарының көзін құртады.

Кеңес әскерлері 1944 жылғы 20 тамызда Яссы-Кишинев операциясын бастады. Бірінші ұрыста-ақ Курьятов барлаушыларды соңына ерте шабуылға шықты. Немістердің траншеясына жетіп, зеңбіректің атқылауынан аман қалған екі пулеметті гранатпен жайпап, бір офицер мен үш солдатты автоматпен жайратты. Гвардияшы В.Курьятов бұл ұрыстың басқа күндерінде де батыл қимылдады. Бір аптада ол он бес жаудың көзін жойып, он гитлершілді қолға түсірді.

1945 жылғы 22 тамызда он төрт барлаушымен бірге аға сержант В.Курьятовқа Венгрияның Шарп деревнясы маңында «тіл» әкелуге бұйрық берілді.

Бұл жерден неміс қорғасын бұзу белгіленген еді. Жау шебіне таянғанда барлаушылар тобы байқалып қалып, пулемет атқылауына алынды. Бірақ, жауынгерлер тайсалмады. Жас коммунист В.Курьятов «Жігіттер, соңыма еріңдер! Ура!» деп ұрандап, шабуылға шықты. Барлаушылар да одан қалмады. Қысқа ғана жекпе-жек ұрыста траншея тартып алынды. Барлау тобының командирі Курьятов бұл ұрыста екі пулемет пен жаудың он беске жуық солдатын жайратты. Траншеяның бұрылысынан өзіне қарғыған неміске ол жалт беріп үлгеріп, қарусыздандырып, полк штабына әкеліп тапсырды.

Соғыстағы ерліктері үшін В.Курьятов «Даңқ» орденінің үш дәрежесімен де марапатталды. Соғыстан кейін Қ.Сәтбаев атындағы Жезқазған кенметаллургия комбинатында жұмыс істеді. Зейнет демалысына шыққаннан кейін Омбы қаласына қоныс аударып, өмірінің соңына дейін сонда тұрды. 2006 жылы қайтыс болды.

Басқа материалдар

Back to top button