Облыс әкімінің есебі қарсаңында

Ветеринариялық қауіпсіздік – басты міндет

Қарағанды облысының ветеринария басқармасының миссиясы аймақта жануарлардың аса қауіпті ауруларынан эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамсыз ету мақсатында ветеринария саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру болып табылады.

Іске асыру үшін бюджеттен 1,61 млрд. теңге қаражат бөлінді, бұл басқармаға есепті кезеңде халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті жұмыстарды орындауға мүмкіндік берді. Мемлекеттік мекеме басшылығы бірнеше рет Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік алаңында, жергілікті телеарналарда сөз сөйлеп, облыстық «Индустриальная Караганда» және «Ortalyq Qazaqstan» газеттерінің беттерінде тиісті ақпаратты жариялады.

Эпизоотияға қарсы іс-шаралар және бірдейлендіру бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілді. Мәселен, 2021 жылы ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының 12 түріне қарсы 4,2 млн. ветеринариялық өңдеулер жүргізілді, зертханаларда аурулардың 3 түрі бойынша 2,2 млн. биологиялық сынамалары зерттелді.

Бруцеллезге 775 мың бас ірі қара мал зерттеліп, 2 910 бас оң нәтиже көрсетті, және 1 307,6 мың бас ұсақ мал зерттеліп, 48 бас оң нәтиже берді.

Оң нәтиже көрсеткен барлық мал союға жіберіліп, мал иелеріне 32,7 млн. теңге өтемақы төленді. Облыс аумағында 2021 жылы аурудың 32 қолайсыз ошағы тіркелді. Оның ішінде қазіргі уақытта 23 ошақтан шектеу шаралары алынып тасталды, қалған ошақтарда сауықтыру шаралары жалғасуда. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошақтары пайда болған кезде жедел ден қоюды қамтамасыз ету мақсатында және қолданыстағы заңнама шеңберінде Қарағанды облысының аумағында таралуына жол бермеу бойынша шұғыл шаралар қабылдау үшін полиция, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясымен, Денсаулық сақтау басқармасымен келісілген және облыс әкімінің орынбасары бекіткен қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес республикада ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу жүргізіледі. 2021 жылы АШЖБ дерекқорына 985,7 мың бас енгізілді, оның ішінде ІҚМ – 272,1 мың бас, ҰҚМ – 491,9 мың бас, жылқы – 103,8 мың бас, шошқа – 117,6 мың бас, түйе – 365 бас. Ауылдық округтердегі емдеу-алдын алу мекемелерін кеңейту бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Өткен жылдың желтоқсан айында Абай ауданы Дубовка ауылындағы ветеринарлық пункт ғимаратының құрылысы аяқталды. Биылғы жылы Нұра ауданының Ахметауыл ауылында пункт ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің қолдауымен бюджет қаражаты есебінен Абай, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында тағы үш ветеринариялық пункт пен Осакаров ауданында екі мал қорымының құрылысы басталды. Бұл объектілердің қызметі мал шаруашылығы дамуының оң серпініне ғана емес, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімінің қауіпсіздігіне және тиісінше, халықтың денсаулығына да оң әсерін тигізеді.

Ветеринария басқармасының құзыретіне мемлекеттік қызметтерді көрсету кіреді. Есептік кезеңде 58 562 қызмет көрсетілді, оның ішінде 43 972 – ветеринариялық анықтама беру бойынша, 14 590 – ветеринариялық паспорт беру бойынша қызмет. Бекітілген жоспарға сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын арттыру және қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы барлық аудандық/қалалық ветеринарлық станциялары ішкі бақылаумен қамтылды. Қазіргі уақытта көптеген адамдар қаңғыбас жануарларды аулау мен жоюға қатысты сұраққа алаңдаулы. Бұл жерде халықтың назарын, күн сайын қараусыз қалған иттердің тістеуі салдарынан зардап шеккен адамдардың өтініш беру фактілерінің тіркелетініне аудару қажет. Жануарлар мен адамдар арасында құтырудың пайда болу және таралу көздерін болдырмау мақсатында, сондай-ақ қараусыз қалған жануарлардың популяциясын азайту үшін қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жүргізіледі. Бұл жұмысты, жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштердің негізінде, шаруашылық жүргізу құқығындағы «Аудандық/қалалық ветеринариялық станциялар» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындары (ШЖҚ КМК) жүзеге асырып отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 76,5 млн. теңге сомасына 17 379 бас қаңғыбас жануарлар ауланып, жойылды.

Биылғы жылы бұл бағдарламаға 69,5 млн. теңге бөлінді. Сонымен бірге, жануарларды қорғау ұйымдары мен еріктілер иесіз қалған жануарларға адамгершілік көзқараспен қарау мәселелерін көтеруде. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде, басқарма, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, еріктілердің қатысуымен ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ветеринария мәселелері бойынша тұрақты негізде келіссөздер мен кездесулер өткізеді. 2021 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданғанын атап өткіміз келеді. Ол биылғы жылдың наурыз айында қолданысқа енгізіледі және жануарларға арналған баспаналар салу, күтіп-ұстау және қаңғыбас жануарлардың санын реттеу жөніндегі нормаларды көздейді. Осы Заң шеңберінде, тиісті нормативтік-құқықтық актілер әзірленгеннен кейін, қараусыз қалған жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметі іске асырылатын болады.

2022 жылы, басқарма, облыс аумағында эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз ету, эпизоотияға қарсы, диагностикалық іс-шараларды уақтылы жүргізуді және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді ұйымдастыру жөніндегі қызметті жалғастырады. Бірақ мемлекеттік мекеменің сапалы жұмыс істеуі үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық ұйымдарын материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру, ветеринариялық мамандарға жүктеме нормативтерінің болмауы және т.б. Сонымен қатар, бүгінгі таңда білікті мамандар тапшылығы мәселесі өткір тұр. Нәтижесінде, бұл қызметтің сапасы мен тиімділігіне әсер етеді. Мамандар тапшылығының басты себебі төмен жалақы болып отыр. Бүгінгі таңда кадрларға қажеттілік 78 бірлікті құрайды, оның ішінде жоғары ветеринариялық білімі бар – 34 бірлік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында, ҚР Үкіметіне ветеринария саласында орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша реформа жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, саланы цифрландыру, деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, кадрларды даярлау және жалақыны арттыру қажеттілігі атап өтілді.

«Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деп атап өтті Президент.

Уәкілетті органға ветеринариялық қызметтер арасындағы функциялардың аражігін ажырату бойынша бірқатар ұсыныстар берілді. Президенттің жүйені реформалау жөніндегі міндеттерін табысты іске асыру, ветеринарлық қауіпсіздік саласындағы көптеген өзекті мәселелерді шешеді.

Қайырбек ТҰРСЫНБЕКОВ, Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button