Covid-19Ресми

«Вакцина қауіпсіздік үшін салынады»

Елде вакциналау науқанының екінші кезеңі басталды. Дегенмен, медициналық қызметкер арасында да екпе алып жатқандар бар. Қазір негізінен екінші компонент салынуда. Екі компонентті алған мамандар екеуінің де әсері бірдей дейді. Вакциналау туралы бірқатар сұрағымызға №3 емхананың отбасылық денсаулық орталығы меңгерушісі Әнуар ЖҰРТПАЕВ жауап берді.

Емханада вакциналау қалай жүріп жатыр? Вакцина алған адамдар арасында жиі байқалған реакция қандай?

– Қазір емханада екінші компонентті егу жүріп жатыр. Біріншісін 243 адам алған болатын, екінші компонентті кешегі күнгі есеп бойынша 84 адам алды. Әсері дейтіндей, вакцина реакциясы қатты байқалған жоқ. Осыған дейін айтылып келгендей, қалтырау, бұлшық еттің ауруы, әлсіздік болды. Бірақ, оның барлығы бір-екі күнде толығымен басылады.

Екі компоненттің айырмашылығы бар ма?

– Жоқ, екі компоненттің бір-бірінен айырмашылығы жоқ. «Екі екпенің біреуі ауырлау» деген пікірлер болғанымен, компоненттердің барлығы бірдей әсер етеді. Тек, кейбіреулердің ағзасы бірінші компонентке, біреулердікі екінші екпені алғанда әсер беруі мүмкін. Мысалы өзім, екі екпені де алдым, екеуінде де ешқандай әсері байқалмады.

Вакцина алғаннан кейін антиденелердің түзілуі туралы айтып өтіңізші. Қанша уақытта қалыптасады?

– Антиденелердің қалыптасуы ағзада вирусқа қарсы иммунитеттің пайда болуын білдіреді. Міне, екі компонентті де алдық, енді 21 күннен кейін бізде иммунитет қалыптасуы керек. Дегенмен, 21 күн деген шартты мерзім. Иммунитеттің пайда болуы әр адамның ағзалық ерекшеліктеріне байланысты. Яғни, ол ертерек те, кештеу де қалыптасады.

Вакцина алар кезде қандай да бір шектеулер қойылады ма?

– Ондай шектеулер міндетті түрде болады. Себебі, вакцина жаңа. Адамдарға оны алатын уақыттан бұрын өз денсаулығын қадағалап, алкогольдік ішімдіктер ішпеуге кеңес береміз. Сонымен қатар, аллергиялық реакцияларының, созылмалы аурулардың асқынуы болмауы қажет. Сол сияқты коронавируспен ауырған адамдар да алты ай өтпесе, екпе алмайды.

Жақында 65 жастан асқан адамдарға екпе салуға рұқсат берілді. Осы жас санатына жататын вакцина алған медициналық қызметкерлер бар ма?

– Иә, вакцина алған ондай қызметкерлеріміз бар. Барлығы өздерін жақсы сезінеді. Қандай жаста болсын, бірінші кезекте медициналық қызметкерлердің өзі айналасына қауіпсіз болуы керек. Қаншама шақыртуларға барады, емдеу мекемесінде қаншама адаммен араласады. Ал, бір адам вирус тарататын болса, ол жанындағыларға қауіп төндіреді. Вакцина қауіпсіздік үшін салынатынын түсіну керек. Қазір барлығы оқшаулану мен шектеулерден шаршады. Қалыпты өмірге оралу үшін ұжымдық иммунитет қажет. Вакцина соған қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button