Жаңалықтар

Тышқан жылы қандай болады?

Ғасырлар бойы қалыптасқан жыл санау жүйемізде әр жылға белгілі бір хайуанның есімі беріледі. Соның негізінде жаңа жылға болжам жасалған. Халық сенімінде елдің жай-күйі мен ауа райы жыл иесі атанған хайуанның мінезіне, болмысы мен қасиетіне байланысты құбылып отырады. Биыл тышқан жылына қадам басамыз. Бұл жыл қандай болады? Болжап көрсек…

Жыл санаудың басы – Тышқан. Шығыс күнтізбесі бойынша жыл 21 наурызда аяқталып, 22 наурыздан бастап Жаңа жыл басталады. Өз тарихында талай тауқыметті бастан өткеріп, одан алған сабағын ұрпағына өнеге етіп қалдырған бабаларымыз үшін тышқан жылы айтарлықтай жайлы болған. Тарихқа көз жүгіртсек, тышқан жылында ауыр жұт, ашаршылық пен жаугершілік бола қоймаған. Қайта ұлт тарихындағы аса маңызды оқиғалардың көпшілігі осы жылдары болған екен. Мәселен, 1456 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар өз ордасын тікті. 1936 жылы Қазақстан Ресейден бөлініп, КСРО құрамына дербес, одақтас республика ретінде енді.

Сондықтан да, бабаларымыз бұл жылды молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы деп санаған. Әрі, кішкентай ғана жаратылыс – дала тышқаны еңбекқор хайуан болып саналады. Ол алты ай жазда қыс маусымына азық қорын жинап, тыным таппайды. Осы қасиетіне қарап та жұрт оны молшылықтың бастауы деп білсе керек.

Әрине, доңыз жылының соңғы айларындағы күрделі ахуалды көріп, біліп отырмыз. Десек те, Жаңа жылдан үміт көп. Халқымыз кез келген қиындықты бірлік пен татулықтың арқасында еңсере білген. Бұл жылы да солай боларына сенім мол!

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button