Туған жерге ту тіккен

Бүгінгі әңгіме сайын далада мыңғырған мал өсіріп, ауылын құрдымға кетірмей ажарлы етіп, тұрғындар өмірін базарлы қылып отырған азамат жайлы болмақ.

Жанбөбек Қабылдаұлы Жақсыбаев – Жанбөбек ауылының «Аққолқа» бөлімшесінде орналасқан өзі аттас шаруа қожалықтың басшысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Ауыл шаруашылығының үздігі», бірнеше дүркін Нұра аудандық мәслихатының депутаты.

Жанбөбек – Қарағанды облысы Нұра ауданындағы ауыл, Қарақойын ауылдық округі орталығы. Аудан орталығы Нұра (Киевка) кентінің батысында – 306 км, облыс орталығынан 535 км жерде орналасқан. Іргесі 1940 жылы қаланған. 1961 жылы ХХІІ партсъезд атындағы кеңшар ұйымдастырылды. Жерінің жалпы ауданы – 231,3 мың га. Округтің елді мекендерінде Жанбөбек, Аққолқа, Керей ауылдары бар.

Кейіпкеріміз 1963 жылы Жанбөбек ауылында дүниеге келген, әкесі Қабылда өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында тер төккен, соңғы 28 жылда Аққолқа бөлімшесін басқарған екен. Ауылына деген ерекше махаббатын білдіргені ме, әлде ұлының кіндік қаны тамған жерге адал болғанын қалады ма, әйтеуір нәрестенің атын Жанбөбек қойыпты. Жанбөбек орта білім алған соң, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын аяқтап, жоғары білімді инженер механик мамандығын игеріп, туған ауылына қайта оралды. Бұл 1985 жыл болатын. Еңбекке араласып ауыл шаруашылығының қыр-сырына әбден қанық болған соң 1999 жылы «Жанбөбек» ЖШС-ін құрды. Ол жылдары нарыққа көшу үрдісі жүріп жатқан, экономикалық жағдай мәз емес болатын. Шалғайда орналасқан Теңіз жері – ежелден малға жайлы мекендердің бірі. Кеңес уағында бұл аймақта мыңдаған қой өсіріліп, жылқы шаруашылығы бойынша атағы дүрілдеп тұрды. Бүгін заман өзгерді ғой… Кезінде мыңдаған қой өсірген бұл шаруашылықтың тоз-тозы шығуға аз қалған еді. Кіріс болмаса, алға қойған міндеттерді орындап, елдің көңілінен шығу да мүмкін емес еді. Құрғақ уәдеден шаршаған ауыл халқының бірі – жас азаматқа күмәнмен қараса, енді бірі кешегі Қабылданың баласы ғой бізді жерге қаратпас деп сенім артты. Жанбөбек сенімді ақтады, жас болса да әке аманатына адал болып, әр басқан қадамын байыппен аттап, істеген ісіне жауапкершілікпен қарады.

Ең алдымен тұрғындардың ауылдан үдере көшпеуі үшін жағдай жасап, өз қаражатына бастауыш мектеп ғимаратын салды, одан соң ол ғимаратты бюджетке тегін өткізді. Бүгінде Аққолқада 25 түтін болса, 85 адам тұрады, соның еңбекке жарамдысы осы шаруашылықта жұмыс істейді. Жалақысы орнықты, малға керек жем-шөбі тағы бар, отын-суын жеткізіп береді.

Ендігі кезеңде қолдағы мал басының санын арттырып қана қоймай, сапасын да жақсарту мақсаты тұрды. Бұл міндетті орындауда Жанбөбек мемлекеттегі ауыл шаруашылығын қолдайтын қаржы институттарына иек артты.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінде айтқан: «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – Ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын», – деген сөздері әрқайсымызға жігер беріп отыр, – деп бастады сөзін Жанбөбек. – Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның жарқын дәлеліндей болып шаруа адамына қолдау білдіру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырылуда. Мал шаруашылығын дамытуда жеңілдетілген несиелер, селекциялық қойға, қара малға субсидиялар беру, техниканы лизингке алу ісі қазір дұрыс жолға қойылған. Тек соларды шаруалар ұтымды пайдаланса болғаны. Осы қолдаулар арқылы шаруашылыққа техника – 5 дана «Белорусь» тракторын, жол талғамайтын «Урал» машинасын, адам тасуға автобус, қар тазалауға бульдозер сатып алдық. Жаңадан 5-6 мал қора салдық. Малдың тұқымын асылдандыру мәселесі де қолға алына бастаған. Ал, енді асыл тұқымды бұқа, қошқар сатып аламын дегенге де мемлекет тарапынан болатын көмек қазір қомақты: субсидия арқылы оның құнының белгілі бір бөлігін өтеп береді.

Ел Президенті «Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деп атап өткендей, ауылын түлетіп отырған, еңбегімен еңселі Жанбөбектің алған марапаттары да аз емес: «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Президентінің Алғыс хаты, «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісі, облыс, аудан басшыларының Құрмет грамотасы, тағы басқа мараппаттары бар. Міне, «туған жерге туың тік» деген қағиданы берік ұстанған, ауылдықтар алғысына бөленген қарапайым ауыл азаматы – еңбек адамының бүгінгі жеткен жетістігі осындай. Ал, алар асуы әлі алда.

Бикен АХМЕТОВА,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Нұра ауданы,

Аққолқа ауылы

Оrtalyq.kz