БалқашРесми

Томография кабинеті ашылды

Балқаш қаласындағы №1 емхананың консультативтік-диагностикалық орталығында заманауи компьютерлік томография кабинеті ашылды. Томография аппараты Сovid-19 індетімен қарсы күрестегі тиімділікті арттыру мақсатында облыстық бюджет қаражаты есебінен 145 млн. теңгеге сатып алынды.

Томография кабинетін аралап көрген қала әкімі Ораз Тәуірбеков медициналық қызмет көрсету сапасына жете назар аударылып отырғандығын мәлімдеді. Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында бұл құрылғының балқаштықтарға ерекше тарту болғандығын атап өтті.

Мамандардың айтуынша, жаңа жабдықтың мүмкіндігі зор. Жоғары сапалы томографияны қолдану инсульт, тыныс алу, қан айналымы жүйесінің аурулары, ас қорыту ағзалары тәрізді дерттерге ерте диагностика жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қоса, зерттеу нәтижесін нақты ұсынуымен және аз сәуле жүктемесімен ерекшеленеді. Күніне 20 зерттеу жүргізуге қауқарлы. Науқастарды қабылдайтын дәрігер мен зертханашы арнайы оқудан өткен.

Жаңа компьютерлік томография кабинеті дәрігерлердің жұмысын жеңілдетпек. Бұған дейін Балқаш қаласынан күніне 5-6 адам облыс орталығына диагностикаға жолданып келген.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button