Бас тақырып

Толғаулы сауалға – тұшымды жауап

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев журналистер қауымымен кездесіп, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Бүкпесіз әңгіме өрбіген кездесуде Теміртаудың жылу жүйесіндегі мәселе, Қарағандыдағы тұрғын үй құрылысы, көшені кезген бұралқы ит, қоғамдық көліктегі электронды төлем жүйесі және тағы да басқа тақырыптар қаузалды.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

«Бірінші кезекте жылу мәселесі»

Кездесуді ашқан облыс әкімі кез келген сұраққа жауап беруге әзір екенін айтып, жиналғандарды бүкпесіз әңгімеге шақырды.

– Қазіргі уақытта күн тәртібіндегі маңызды міндеттер қатарында жылыту маусымының өту барысы және көктемгі су тасқынының алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру тұр. Бұл мәселелерге байланысты тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда, сіздердің тараптарыңыздан да үлкен көмек көрсетіліп отыр­ғанын атап өткен жөн. Журналистердің дер кезінде жарық көретін шынайы материалдарының арқасында біз проблеманы уақыт жоғалт­пай дөп басып, оң шешіп отырмыз. Сондықтан, бүгін де сіздермен емен-жарқын отырып, сұхбаттасқанды жөн көрдім, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Кездесуде алдымен қозғалған тақырыптың бірі Теміртаудың жылу жүйесіне қатысты болды. Расы керек, ел ішінде «Теміртау әкімдігі жылудың шаруасын ысырып қойып, абаттандыру бағытында қомақты қаржы жұмсамақ» деген сөз бар…

Ашық дерек көздеріндегі мәліметке сүйенсек, құрыш қала әкімдігі биыл абаттандыру іс-шараларына ауқымды қаражат салмақшы. Самарқанд су қоймасының жағалауын көрікті күйге енгізіп, жаңғырту жұмыстарын жүргізбек. Жоба екі жылға түзілген. Әкімдік құрылысты биыл бастауды жоспарлап отыр. Мердігерді анықтауға конкурс жарияланған. Бұл мақсатта 1,6 млрд. теңге жұмсалмақ.
Биыл Абай көшесінің бойындағы аллея да көркейе түседі. Аталған жоба да екі жыл ішінде жүзеге асуы тиіс. 529 млн. теңге қаражат салынбақ. Қазір мердігер белгілеу шаралары қолға алынды.

Сонымен қатар, биыл қалалық әкімдіктің алдындағы алаңқайда да қызу жұмыс басталады. Бұл шаруаға да 560 млн. теңге қаражат қажет. Екі жылда тәмамдалуы шарт жаңғырту жобасы аясында субұрқақтар жөнделеді. Жаңадан сәкілер қойылады.

Бұдан бөлек, шаңғы жолы салынады. Әзірге, жоспарда тұрған жолдың қалалық мешіт маңына төселетіні белгілі.

Дегенмен, жергілікті жұрттың аталған абаттандыру жобаларына наразылығы бар. Әлеуметтік желідегі жазбалардан да байқауға болады. Облыс әкімі де жылу мәселесі абаттандыру жұмыстарынан маңызды екенін қадап айтты.

– Теміртау қаласының келбетін көркейту бағытындағы жобалар туралы біліп отырмын. Алайда, бірінші кезекте жылу мәселесі. Яғни, біз жылу мәселесін реттеуді – басты міндеттеріміздің бірі тұрғысында қараймыз. Қалаға жылу беруде ЖЭО-2-нің жұмысының ақсап тұрғаны қиындық тудырды. Көмір де сапасыз болған. Бүгінде орталықта жетінші қазандық тұрғызылуда. Мердігерлердің айтуынша, құрылыс алдағы қазан айының соңында аяқталады. Қазандық іске қосылған соң жылу бойынша проблема болмайды деп ойлаймын. Сәйкесінше, жылу құбыр­ларын, басқа да жұмыстарды кестеге сай жүргіземіз. Ал, абаттандыру жобаларына келсек, жылу мәселесін шешу қазір өткір тұр, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

«ONAY! шынайы деректі көрсетті»

Қарағандының қоғамдық көліктерінде балалар тегін жүре алады. Облыс әкімінің айтуынша, дайындық жүргізілуде.

– Қала әкімдігі балалардың тегін жүруіне жағдай жасайды. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында 98 мыңның шамасында бала бар. Бұл балалар 1 мамырдан бастап ақысыз жүріп-тұратын болады. Басқа өңірлерден келетін балалар да қамтылады. ONAY! картасы болса, жеткілікті. Карта жолаушылар тасымалы мониторингі үшін қажет, – деді аймақ басшысы.

7 наурыздағы есеп бойынша 235 мыңнан астам ONAY! картасы айналымда жүр. Оның ішінде, 128,6 мыңы – жеңілдік қарастырылған карта. 46 800-і – зейнеткерлердің, 44,6 мыңы – балалардың қолында. 37,1 мыңнан астамы – әлеуметтік карта. Балаларға арналған карталар сатылымға шықты. Тегін жүру жобасы іске қосылғанда осы карталарды қолдануға болады.

Жобаға қалаішілік маршруттармен қатар, №№100, 107, 121, 122, 127, 146, 165 сынды қалааралық бағыттар да енеді.

Қазіргі уақытта облыстың білім басқармасы мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің тізімін жасақтауда. Бұл тізім қалалық әкімдікке тапсырылады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, әзірге, 13 312 колледж студенті және 77 007 мектеп оқушысы тегін жүру құқығына ие болатыны белгілі. Сонымен қатар, облыс орталығына жақын қалалардан да қатынайтын жасөспірімдер бар екенін ескерсек, олардың жалпы саны 110 мыңды еңсеретініне сенім мол.

Сонымен қатар, облыс әкімі ONAY! төлем жүйесі енгізілгелі нақты ақпаратқа қол жеткенін айтты.

– ONAY! шынайы деректі көрсетті. Бұған дейін қала маңындағы елді мекендерден тәулігіне 17-18 мың адам келетіні туралы мәлімет берілетін. Бірақ, қазіргі статистикаға жүгінсек, облыс орталығына күніне 18 мың емес, 30 мың адам кіретінін көріп отырмыз. Автопарктер қомақты қаржыдан айырылып отыр­ған. Күніне, шамамен, екі миллион теңге. Бұл қалааралық тасымалдан ғана келтірілген шығын. Электронды төлем жүйесі қолданысқа енгелі тасымалдаушылардың табысы артты. Тиісінше, жүргізушілердің де жалақысы өсті. Мысалы, №3 автопарк жүргізушілерінің еңбекақысы 400 мың теңгеден кем емес. Миллион теңгеден артық жалақы алатындар да бар. Сондықтан, электронды төлем жүйесі есеп жүргізіп, бақылау жасауда тиімділігін көрсетті, – деді облыс әкімі.

 

«Тұрғындар келісімі қажет»

Қарағандыда ертеден тұрған шағын аудандардағы үйлер арасына сына қаққандай ғимарат тұрғызу белең алып тұр. Тұрғындар тарапынан жиі наразылық туындап жатады. Бұқаралық ақпарат құралдары да мәселеге оқтын-оқтын оралып тұрады. Алайда, құжаты түгел құрылыс компанияларына ешкімнің тісі батар емес. Кездесуде де «нүктелік құрылыс» проблемасы көтерілді. Әкім айтып өткендей, мұндай құрылыстар тұрғындардың келісімімен жүргізілуі шарт.

– Бізге құрылыс жүргізуге ниетті мердігер келгенде міндетті түрде жақын маңайда тұратын тұрғындардан рұқсат алу қажеттігін ескертеміз. Құрылыс ұйымы басшылығы елмен кездесіп, жиындар өткізуге міндетті. Яғни, тұрғындар келісімі қажет. Алайда, кейбір мердігер бұл міндеттемеге жүрдім-бардым қарайды. Олардың ойынша, жерді сатып алды, болды. Ешкім қарсы келмейді. Мұндай мысал қалада жеткілікті. Мәселен, көп жылдар бұрын болған оқиғаны айтайын, облыстық бейнелеу өнері музейі алдындағы алаңды кәсіпкер сатып алған. Содан кейін әлгі жерге сауда орталығын тұрғызды. Болары болып, бояуы сіңіп кеткен істі қайта қайтару оңай емес. Дегенмен, мен қала әкіміне бұл сипаттағы проблемалардың қайталанбауы үшін тапсырма беремін, – деді облыс әкімі.

«Ешбір мәселе ескерусіз қалмайды»

Қалалық жерде тұратын жерлестерімізді мазалап жүрген мәселелер қатарында көшедегі аудиожарнама да бар. Нақты айтқанда, дыбыс зорайтқыштар дауысының қатты шығып тұруы – жүргіншінің мазасын қашырады. Айта кетейік, дыбыс зорайтқыштардың басым бөлігі – қоғамдық орындарда орналасқан. Сауда орталықтарының маңында, аялдамаларда, базарларда орын тепкен.

Қарағандылықтар аудиожарнамаларға қатысты осы уақытқа дейін сан мәрте шағым білдірді. Төрт жыл бұрын қала әкімдігі бизнес өкілдерімен келіссөз жүргізіп, келісімге келді. Нәтижесінде, «Абзал», «Юбилейный», «Грандстор» сауда орталықтары, 45-ші орам аялдамасындағы құрылғылар өшірілді. Алайда, кейінгі кезде дыбыс зорайтқыштарға қайта «тіл бітті».

Ермағанбет Қабдулаұлы мәселемен жақсы таныс екенін айтты.

– Біз заңнамаға дауыс деңгейін төмендету бойынша өзгеріс енгізуге тырыстық. Алайда, ұсынысымыз қабылданбады. Аталған проблемада дыбыс зорайтқыштардың, LED-экрандардың қожайындарының жауапкершілігіне арқа сүйеуіміз керек. Кәсіпкерлер тұрғындар шағымына түсіністікпен қарауы қажет деп ойлаймын. Мәселеге қатысты жұмыс жалғаса береді. Бизнес өкілдерімен, құзырлы органдармен әлі кездесеміз, – деді аймақ басшысы.

Ескеретін бір жайт, дыбыс зорайтқыштарына қала тұрғындары да шара қолдана алады. Аудиожарнаманың дыбысының деңгейін өлшеп, аймақтық санитарлық-­эпидемиологиялық басқармаға жеткізсе, болғаны. Егер, басқарма қызметкерлері дыбыс көрсеткіші белгіленген межеден асып кеткенін анықтаса, істі сотқа тапсырады.

Сондай-ақ, кісіге, төрт түлікке қауіп төндіріп тұрған бұралқы ит мәселесіне де қатысты сөз қозғалды. Облыс әкімі барлық мәселе заң аясында шешілетінін мәлімдеді. Жергілікті атқарушы билік, ветеринария саласының қызметкерлері заңнан аттап кете алмайды. Бүгінде иттерге арналған панажайлар ұйымдастыру іс-шаралары ойластырылуда.

Кездесуде көтерілген тақырыптар бағыты сан алуан. Бастысы – ешбір сауал назардан тыс қалмады. Түйіні күрмеулі мәселелер шешілетіні белгілі болды. Аймақ басшысы да қалам ұстаған қауыммен кездесіп тұруға уәде берді.

– Бұл кездесуде қозғалған ешбір мәселе ескерусіз қалмайды. Илегеніміз бір терінің пұшпағы. Халықпен ұдайы байланыста жүресіздер. Сол себепті, сіздермен де көпке созбай, жиі-жиі кездесіп тұруға тырысамын, – деді облыс әкімі.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button