Жаңалықтар

Той тойлау тыйылар емес

Мешітте жамағат жиналып, Жұма намазы оқылмай жатқанда, той тойлап, көңіл көтеру естінің ісі емес-ау!.. Тойханалар томағасы түріліп, сырмақтары сырылып, айыппұл салынса да, той тойлауын доғарар емес. Япыр-ау, қайнаған қазанға қасарыса бас тығып, карантинге қамалуымызды қашан доғарамыз?! Тойдан соң домалай жығылып, ауыратынымыз ойда жоқ па? Кесапаты көп кеселді сұрап алып, торқалы тойдан тон кием деп жүргенде, науқас артып, төсек тартып қалмайық.

Қарағанды облысы әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің «Сарыарқа – адалдық алаңы» бірлескен жобасы бастаған мобильді топ кезекті тексеруін жүргізді. Рейд барысында талапқа түкіріп, ережені ескермеген, екі бірдей мейрамхана қонақ жиып, үйлену тойын тойлағаны анықталды.

«Тығылып той жасағандар тыйылмай-ақ тұр. Тұрғындардың карантин талаптарын сақтамауы – қауіпті індеттің таралуына негіз. Той тойлаудың жалғасуы соңғы тәуліктерде аймақта ауырғандар қатарының күрт өсуіне себепкер болды. Бұлай жалғаса берсе, карантиннің құрсауынан шығуымыз қиындайды», – дейді мамандар. Шектеу шараларына байланысты 20-дан астам мобильді бақылау тобы Қарағанды қаласы бойынша тынымсыз жұмыс істеуде. Ережені елемеген екі мейрамхананың бірі – Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан «Сәтті» мейрамханасы. Қонақтарын сағат 12:00-ге шақырып, дастарханды гүл қылған мейрамхана әкімдігі жайбарақат қарсы алды бізді. Іште елден бұрын ерте келіп, есік жауып алған қонақтар қарасының өзі 20 шақты. Мобильді бақылау тобын көріп, тым-тырақай есікке қарай жүгірісті. Асыққандар арасында балалар да бар еді. Қонақтардың асыққаны соншалық, орындықтың бірінде бір көкемнің «қара бешпенті» қалып қойған екен. Қалған «қара бешпент» қайтып келудің белгісі емес пе екен?

Ал, мейрамхана қожайыны Әсемгүл Санатовада абдырау, асып-сасу мүлде байқалмайды. Мейлінше сабырлы. Бейне күнделікті көріскен қонақтай-ақ БАҚ өкілдерімен бақылау тобын әкімдік бөлмесіне бастай берді. Арамыздағы Оңтүстік-шығыс ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Айбат Ғалымбергеновке түсініктеме бермекке.

– Біз үшін, отбасымыз үшін, туыс-туғандарымыз үшін бастысы – денсаулық. Қазіргі қауіпті кезеңде карантин талаптарын сақтау – өте маңызды. Десек те, талапқа бағынбайтындар қатары қалың. Оған мысал келтіріп керегі жоқ шығар.

Бұндай өрескел ереже бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтер күнделікті жүргізіледі. Мобильді бақылау тобына бекітілген арнайы қызметкерлер бар. Олар – жергілікті аймақта талаптардың сақталуын, мейрамхана мен дәмханаларды және өзге де адамдар көп шоғырланатын орындарды аралап, осындай жағдайлардың алдын алады. Бізге ақпараттар әр түрлі жетеді. Мәселен, тойда отырып, сол жерден қоңырау шалатындар да бар. Жалпы, кез келген қоғам ахуалы алаңдататын қарапайым адам хабарласуға құқылы. Сонымен қатар, «Senim 109» бірыңғай байланыс орталығы арқылы да бізге аптаның 7 күнінің 24 сағатында тікелей байланысқа шығуға мүмкіндік бар – дейді жағдайға байланысты «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Малика Кусенбаева.

Денсаулықтың қамын ойлағандар қатарына мейрамхана қожайындары жатпағаны ма? Жоқ, әлде ақшаны басты байлық денсаулықтан артық көргені ме? Айта кетерлігі, «Сәтті» мейрамханасының сыртындағы жазуының өзі тайға таңба басқандай анық жазылған. Онда «Демалыссыз жұмыс істейміз» делінген. Қарап тұрсақ, жергілікті биліктің бұйрығын бел ортадан басып, оны ашық мойындамайтындар бар екен. Бұлай ойлауымыздың себебі – «Сәтті» мейрамханасы қызметкерінің «Біз сіздер айыппұл салды екен деп, жұмысымызды тоқтатпаймыз, енді тойдың уақытын бұдан да ертелейтін боламыз» деген сөзі және сыртта жасырынып тұрған бір топ қонақтың қарасы. – Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша адам жинау, қонақ күту, той мен өзге де бас қосу шараларына қатаң тыйым салынады дейді. Бірақ, бай қағандарыңыздай ереже бұзылуда. Әрине, бізге жеткен хабармен аталған оқиғалардың алдын алуға барымызды саламыз. Жиналғандарды таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысамыз.

Егер мейрамхана, дәмхана әкімдігі заңды тұлға болса, ҚР әкімшілік Кодексіндегі 425 баптың 1-ші тармағы бойынша әкімшілік айыппұл салынады. Айыппұлды Қазыбек би ауданының санитарлық эпидемиологиялық сараптама өкілі салатын болады. Дәл қазіргі жағдайға келер болсақ, орталыққа хабар жетті. Факт тіркелді. Айыппұл салуға толық құқылымыз. Айыппұл мөлшері тұлға заңды болса, шағын бизнеске 670 мың теңге. Ал, ауқымды бизнеске айыппұл да артады. Нақтырақ айтсақ, 4 млн. теңге. Жеке тұлғаларға 87 мың теңге көлемінде. Мына ұйым шағын бизнес ретінде тіркелгендіктен 670 мың теңге айыппұл төлеуге міндетті. Мейрамхана қожалығының көбі қаражаттың жетіспеушілігін, мекеменің коммуналдық төлемі мен тағы басқа шығындарын өтейтіндігін алға тартады. Бұндай қатаң талап, қаулыға сай мейрамханалардың шағын дәмханаға ауысып және барлық карантин талаптарын сақтап, жұмыстарын жалғастыруға құқықтары бар. Той иелері де ереже бұзушылар қатарынан болғандықтан, заң – бәріне ортақ. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Белгілі мөлшерде айыппұл да бар. Қонақтар көргендеріңіздей, жапа-тармағай қашады. Тоқтатып, тіл қатайын десең ұрысып, барынша сөйлеспеуге тырысады. Кейбіреулер жұдырық ала жүгіреді. Жұмысымыз оңай емес, – дейді мобильді бақылау тобының мүшесі Абылай Есен.

Қазыбек би ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Руслан Акмалов оқиға орнына жетіп, орын алған жағдай бойынша құжат толтырып, 670 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Салынған айыппұлдың аздығы ма, жоқ, әлде тойдан тапқан пайданың қыруарлығы ма? Әйтеуір, мейрамхана басшылығының шектен тыс сабырлылығы қайран қалдырды. Кешкі уақытта дәл осы мобильді бақылау тобының жедел жұмысы арқасында тағы бір оқиға тіркелді. Ол Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығысында орналасқан «Diadema» банкеттік залындағы үйлену тойы.

Иә, мобильді бақылау тобымен бірге жүріп, жұмыстарының шынымен, қиын екеніне көзіміз жетті. Торқалы тойдың иелері мен той өткізетін тойхана басшыларына қойылған талапты сақтау – міндет. Немесе жоғарыда айтылғандай дәмхана болып жұмыс жалғастыруға болмай ма? Міндетті түрде «Атың шықпаса, жер өртенің» кейпін киіп жүре береміз бе?

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button