Білім

Тілшілерге тиімді тренинг

Бейсенбіде академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Болашақ» стипендиясының иегері Ақсәуле ӘЛЖАН журналистика бөлімінің оқытушылары мен өңірдегі БАҚ тілшілеріне тренинг өткізді.

«Цифрлық із кесу» тақырыбында өткен кездесуде ашық деректі журналистік зерттеуде пайдалану жағы айтылды. Цифрлық журналистиканы дамыту, журналистикадағы медиақұралды ұтымды пайдалану жайлы сөз қозғаған журналист шетелдік жоғары оқу орнында игерген тәжірибесімен бөлісті.

Ұйымдастырушылар атынан қатысушыларға сертификаттар табыстады. ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков тілшілерге техникадағы жаңа мүмкіндікті пайдалануды сәтті көрсете білген тренердің сабағына жоғары баға берді.

            – Елімізде «Болашақ» бағдарламасымен білім алған түлектің саны аз емес. Олардың кейбірі, өкінішке қарай, шет елдегі оқуын аяқтаған соң елге оралмайды. Бүгінде жоғары білімді ары қарай жалғастыруда шет елде қызмет етіп жүрген отандастарымыз бар. Ақсәуле Қанатқызының әлемнің жоғары рейтингті университетінде алған білімімен бөлісуі мақсатында тілшілерді жинағаны қуантарлық. Диджитал, фактчек, журналистік зерттеуге қатысты нақты мысалдар мен фактілер келтірілген тренинг сәтті өтті, – деді «Абай Ақиқат» газетінің Бас редакторы Гүлнұр Әбеуова.   

Естеріңізге сала кетейік, еңбек жолын республикалық «7 арна», «Хабар» телеарнасында жаңалықтар жүргізушісі болып бастаған Ақсәуле Қанатқызы америкалық The New York Times газетінде мақаласы жарияланған қазақстандық тұңғыш журналист.

2017 жылы «Болашақ» стипендиясының иегері атанып, Бостон қаласында ағылшын тілін меңгергеннен кейін, Калифорниядағы Беркли университетінің Журналистика жоғары мектебінде білім алды.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button