Тіліміз үшін жасалған игі қадам
11 қыркүйекте Парламент тыңдауында «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтті.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» – стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттілігін, оның ішінде латын әліпбиіне өту туралы айтып өткен болатын.
XIX ғасырдың аяғындағы демократ-ағартушылардың қолжазбаларында араб, парсы, латын сөздерінің кеңінен қолданылуы ойымызды дәлелдей түседі.
Қазіргі тіл саясатында түйіні шешілмей жатқан кейбір ұсақ мәселелер латын әрпіне көшу арқылы шешімін табады деп сенемін. Өйткені, «қазақ тілінің шығу төркіні латын әліпбиінде» жатқандығын жоғары оқу орнында оқып, тілді меңгеріп, кейін көмескі тартқан білімімізді қайта жаңғыртуға осы Елбасы мақаласы ықпал етіп, оны жүзеге асыру арқылы болашақ ұрпақ білуге тиіс үлкен мәселеге қозғау салды. 1929-1940 жылдарда латын графикасы негізінде жасалған әліпбиді қайта жаңғырту өркениет кеңістігінде еркін тыныстауға үлкен мүмкіндік береді.
«Ұлт болашағы – қазақ тілінде» десек, болашаққа бастайтын үлкен қадам – латын әліпбиіне көшу. Игі істердің орындалу барысында тіл жанашыры ретінде өз бойымда жауапкершілік арта түскенін сезінемін және Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу жөніндегі саясатын қолдаймын.
Думан Қабыл,
аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінің тілшісі.
АҚТОҒАЙ ауданы.