Білім

Тілі бірдің – тілегі бір

Ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделі – тіл. Көпэтнос­ты ел бірлігінің негізі тіл бірлігінен бастау алуы тиіс. Жастардың пікірінше, мемлекеттік тілді қазақстандық этностардың қатынас құралына айналдыруы – маңызды.

«Достық» үйінде мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» облыстық форумында жастар қазақ тілін үйренудің әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Тілді жетік меңгерген этномәдени бірлестік өкілдері қазақ тіліне жанашырлық танытып, оқытуға мән беру қажет екенін атады.

Форумға қатысқан жастар мемлекеттік тілдің рөлін күшейту мәселелерін талқылады. Шарада Шәкәрім атындағы гимназияның оқушылары өлең оқып, күй шертіп, өнерлерін ортаға салды.

Жиында қазақ тілінің деңгейін көтеруге атсалысып, насихаттауға үлес қосып жүрген тіл жанашырлары сөз алды. Облыстағы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстарға тоқталды.

– Республикамыздағы көпэтносты өңірлердің бірі Қарағандыда тарихи тұрғыдан бауырлас болып кеткен 100-ден аса этнос өкілдері келісім мен достық қарым-қатынаста өмір сүріп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, сонымен қатар, бүгін мен болашақты байланыстыратын маңызды құрал» деп мемлекеттік тілдің маңызын ерекше атап өткен. Осыған сәйкес облыстағы тіл саясаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған, – деп атап өтті облыстың тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Әбеуова.

Басқарма басшысының айтуынша, мемлекеттік тілді үйренуге ынтасы бар өзге этнос өкілдерінің қатары жыл санап арта түсуі қуантарлық жағдай. Қазіргі таңда қазақ тілін оқыту курстарымен қамтылғандардың шамамен 60%-ы – этнос өкілдері. Оған қоса 2011 жылмен салыстырғанда қазақ тілін үйренемін деушілер саны үш есе, ағылшын тілін үйренушілер 8 жарым есеге өскен. Заман талабына сәйкес тіл оқыту жұмыстары үздік әдістемелермен жетілдірілуде. Сондықтан, биыл веб-сайтымен QR-кодталған «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешенін әзірлеу жұмыстары қолға алыныпты.

– Кейінгі жылдары кәсіпкерлік және қызмет көрсету салаларының өкілдерін оқыту ерекше назарға алынды. Осыған орай қоғамдық қызмет көрсету орындарында қазақ тілінде сөйлеу үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылған. Жыл басынан бері «Абзал», «ЦУМ» сауда үйлері мен жастар коворкинг орталықтарында, сонымен қатар, тіл оқыту орталығында сауда орындарының қызметкерлері және жеке тұлғалар оқытылады. Осындай жұмыс Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Саран, Приозерск қалаларында, Бұқар жырау, Абай, Нұра аудандарында жүріп жатыр, – деді Салтанат Әбеуова.

Сөз алған Қарағанды университетінің доценті Жаңбырбай Қағазбаев тілдің рухани тұрғыдан қалыптасуға, мемлекет азаматы ретінде тәрбиеленуге әсер ететін бірден-бір құрал екенін атады.

– Тілдегі сөздердің қорын байытып, тіл білімін нығайтуда ғылыми бағытты қолдану – маңызды, – деді Жаңбырбай Қағазбаев.

Блогер Алексей Лодочников «Осы қоғамда өмір сүріп, елімнің дамуына өз үлесімді қосып отырмын. Мен үшін мемлекеттік тіл – менің екінші ана тілім. Осы тілде ойлаймын, сөйлеймін. Тілге деген құрметім бала кезден қалыптас­қан» деп атап өтті.

Форум соңында облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен Теміртау қаласының жеке кәсіпкері Н.Арыстанова, облыстың тілдерді дамыту басқармасының әдіскері Айгүл Именова, Абай ауданы «Русалица» вокалдық тобының әншісі Кристина Замерчук, «Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетінің дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің студенті Кристина Осуховская марапатталды.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button