Рухани жаңғыру

Тіл – тамыр

   Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам өзінің ана тілін, мемлекеттік тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз бұрмалануына қарсы тұруы тиіс.

Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіліміз – ең басты байлығымыз. Мен әрбір қазақстандық азамат оны білу керек деп есептеймін. Елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде Мемлекеттік тілге, ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.

Тіл – ұлттың жаны, тамыры. Ұлттың болашағы – ана тілі. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Әрбір мекемеде басшыдан бастап, сол мекеменің техникалық персоналына дейін осы ұғымды есте ұстау керек деп ойлаймын сонда ғана біздің мемлекеттік тілге деген құштарлығымыз арта түседі.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек.

Әлемдегі алпауыт елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген, құрметтейтін ұрпақ. Ал, ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайды.

Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері отбасымыз­да ұл-қыздарымызға Қазақстан халқы туралы, соның ішінде, қазақ халқының тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, мәдениетін, тілін білуі міндетті екендігін естеріне салып, ал, білмегендерге түсіндіріп, бас қосқан көпшілік орындарда, жиындарда ортаға салып отыруымыз қажет деп ойлаймын. Сонда мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің деңгейі жоғарғы сатылардан көрінеді демекпін.

Сонымен қатар, мемлекеттік тілді дамыту ісінде бұқаралық ақпарат құралдары алдыңғы қатардан табылып, бұл істердің игілікті болуы үшін бір атаның баласындай үлес қосуы тиіс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, баршамыз кіріссек, көздеген мақсатқа жедел жетуге болатынына сенімдімін. Күнделікті жүргізіліп жатқан іс-қағаздар, өткізіліп жатқан семинар-кеңестер қазақ тілінде орындалуда. Міне, осының өзі мемлекеттік тілге деген құрмет, оны әрі қарай дамытуға қосып жатқан үлестер деп білемін. Және мемлекеттік тілге деген қамқорлықтың белгісі деп ойлаймын.

Нұрсұлу НҰРБЕКОВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қарағанды облысы бойынша департаментінің Әкімшілік-құқықтық бөлімінің бас маманы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button