Баған

Тіл – ұлт болашағы

Бүгінгі күн тәртібіне қойылған ең өзекті мәселенің бірі қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Тарихи тамыры терең тұғырлы тілімізді түлетіп, санамызды сілкінтетін кез келді. Заманымыздың өзі талап еткен бұл бастама көпшіліктің қызу талқысына түсіп жатқанын білеміз. Елбасымыз Жолдауында айтылған «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әріпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген сөзі осыған дәлел.

Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын құлдықтың бұғауынан босатады. Алаш жұртын түркі және жаһандық әлеммен ықпалдастыруға септігін тигізеді. Сондықтан, бір кездері қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамызды ояту бүгінгі күннің міндеті. Қазіргі таңда ел ішінде латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бойынша түрлі іс-шаралар өткізіліп жатқаны баршамызға аян. Осының аясында зиялы қауым өкілдері мен тіл майталмандарының, ғалымдар мен бұқараның ой-пікірі ортаға салынып, талқылануда.

Негізі, жаңа әліпби бізді жаңа мүмкіндіктер мен зор жетістіктерге жетелейтініне кәміл сенемін. Себебі, латын графикасы – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Олай болса, оның рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртатыны анық. Сондықтан, келешек ұрпақ үшін жасалып отырған бұл бағыт дұрыс деп санаймын.

Біз латын әліпбиіне көше отырып, ағылшын тіліне жақындаймыз. Ал, ол арқылы өркениетті елдердің озық технологияларына бойлай аламыз. Тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталуына сай емес, қолданыстағы кірме сөздерден арыламыз. Жалпы, латын әліпбиіне көшу болашақ үшін өте маңызды қадам болмақ. Өйткені, осы замандағы жас ұрпақтың алдында үш тілді үйрену міндеті тұр. Бұл дегеніңіз жаңа заман жастарында орасан мүмкіндіктер бар деген сөз. Сондықтан, қазір мектеп оқушыларына қойылатын талап та жеңіл емес. Десек те, өмірдің жаңа жетістіктерін бірден қабылдайтын олар әлемдік кеңістікте болып жатқан өзгерістерді еркін және тез меңгере алады. Өйткені, қазірдің өзінде ұялы телефон, компьютер, интернетпен жұмыс істегенде латын алфавиті кеңінен қолданылып жүрген жоқ па?! Сондықтан, әліпбиіміздің латын графикасына көшіру мәселесі өте орынды және өзекті болып отырғанын мойындауымыз керек.

Себебі, қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтау үшін бірінші кезекте жасалуы тиісті дүние осы деп білемін. Сонда ғана қазақ тілінің тынысы ашылады. Ал, сіздің бұл жайындағы ойыңыз қандай?

Айткүл ТӨЛЕУХАНОВА,

М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапхананың бөлім меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button