Тиімділігі мол жаңа техника

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында шаруаларға қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Осының нәтижесінде, қарағандылық диқандар жеңілдетілген несиеге және қолдау шаралары арқылы жаңа техникаға қолжеткізді. Заманауи талаптарға толық сай келетін машиналар механизатордың жұмысын жеңілдетіп, еңбек өнімділігін жоғарлатады.

Елімізде, ауылшаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінуде. Сәйкесінше, егін салып, мал өсірген шаруаларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер мен қолдаулар көрсетілуде. Мәселен, биыл Қарағанды облысында шаруаларға 19 мың тонна дизель жанармайы жеңілдетілген бағада, яғни литріне 165 теңгеден саудаланған. Сондай-ақ, олардың техникалық базасын жаңартуға да ерекше мән беріліп отыр. Өйткені, олардың өнімділігі жоғары.

Осакаров ауданы әкімінің орынбасары Руслан Нұрмұханбетовтің айтуынша, былтыр жергілікті диқандар  жалпы сомасы 4 млрд. теңгеге жаңа техникалар алған екен. Олардың бір бөлігі өз қаражатын жұмсаған, ал өзгелері «ҚазАгроФинанс» компаниясының көмегіне жүгінген.

  • 2019 жылы жалпы құны 5,5 млдр. теңге болатын 484 дана техника алуға қаражат бөлдік. Биыл да бұл көрсеткіш сақталады. Жыл басынан бері 3,5 млрд. теңге көлемінде несие берілді. Жыл соңына дейін көрсеткіш бұдан да жоғары болады. Сондай-ақ, 1 сәуірден бастап «Қазақстанда жасалған» лизингтік бағдарламасы басталды. Оның аясында елімізде құрастырылған техникалар 6% мөлшерлемесінде бөлінеді, сонымен қатар, мемлекет тарапынан субсидия беріледі, — дейді «ҚазАгроФинанс» компаниясының облыстық филиалының директоры Данияр Тоғызбаев.

Оның айтуынша, жаңа техниканы диқандар ғана емес, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер де алуына болады. Ол үшін тиісті құжаттарды жинап, «ҚазАгроФинанс» компаниясына өтініш жазуы керек. Несие алу үшін кепілге мүлік қоюдың қажеті жоқ. Егер компания тарапынан өтінішіңіз мақұлданса, 1 аптаның ішінде техниканы алып кетуға болады.

Әлгінде, аймағымызға жаңа техникалар әкелінгенін айттық қой. «Звездный» ЖШС лизинг арқылы сонау бразилиядан Stara Imperador бүріккішін алғызған екен. Шаруашылық басшысы Нұрлан Қобжановтың айтуынша, машина бір тәулікте 600 гектар жерді өңдеуге қабілетті. Сәйкесінше, егінді зиянкестерден аз уақытта арылтып, түсім көлемін ұлғайтуға болады. Мұндай техника облысымызда,  тек, осы шаруашылықта ғана барын айта кеткен жөн.

«Рассвет» ЖШС АҚШ-та өндірілген John Deere егіс кешенін алыпты. Оның бір ерекшелігі – шынжыр табанды болуында. Бұл егіс даласын бүлдірмеуге мүмкіндік береді.

  • Техника толықтай автоматтандырылған. Барлық жұмыстарды өзі атқарады. GPSжүйесі арқылы егіс даласында өздігінен жүреді. Менің міндетім, тек, оқыс жағдайларда бағыттап отыру ғана. Сонымен қатар, кабина ішіндегі климаттық бақылау жүйесі кез келген ауа райында жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұған дейін түрлі техникада жұмыс істеп көрдім. Бұл машинаның артықшылығы мол, — дейді механизатор Владирмир Петцольд.

Кешеннің ені – 15 метр. Бір тәулікте 200 гектар жерге дән себуге қауқарлы. «Звездный» ЖШС директоры  Виталий Ранерттың айтуынша, дәл осындай облыс бойынша, тек, осы шаруашылықта ғана бар екен. Егін түсімі мол болу үшін, жақсы техника қажет. Сондықтан да, кәсіпкер жыл сайын таза табыстың бір бөлігін техника паркын жаңалауға жұмсап отырады. Бұған мемлекет тарапынан ұсынылған жеңілдіктер де айтарлықтай оң ықпал етуде.

Биыл егіс науқанында ауа-райы қолайлы болды. Әрі, жаңа техника жоспарланған жұмыстың өз уақытында аяқтауға мүмкіндік берді. Енді  диқандар күзде мол өнім алуға үміттеніп отыр.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»