Басты тақырып

Терроризмге қарсы кешенді жоба

    Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған, қоғамда радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру туралы тапсырмасына сәйкес, облыс прокуратурасы әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған «Тұрғындардың сенімі» жобасын қолға алды.

Бұл туралы облыс әкімдігінде Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетовтің төрағалығымен өткен Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі консультативтік кеңестің отырысында мәлім болды. Отырысқа мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес және дін өкілдері қатысты.

Жобаның басты мақсаты – терроризмнің алдын алу. Облыс прокурорының орынбасары Мейрам Таутеновтың айтуынша, терроризмге апарар жол – жұмыссыздықтан бастау алады. Мемлекет тарапынан әр түрлі бағдарламалар қолға алынып, жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүріп тұрғанымен, Қарағанды облысында жасалған қылмыстың 80 пайызы жұмыссыздардың үлесінде. Әсіресе, бұл көрсеткіш ауылдық жерде жоғары. Сол себепті, құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы органдармен, тұрғындармен жұмыла жұмыссыздықпен күресу керек.

Жоба үш бағытта жүзеге асырылады. Бірінші, құқық қорғау органдарының тұрғындармен өзара қарым-қатынасы. Яғни, тәртіптің полицияға ғана емес, азаматтардың өздеріне де байланысты екендіктерін жеткізу. Осы бірінші бағыт бойынша 150-ден астам шара өткізілген. Қарағанды және Теміртау қалаларында бастау алған жобада аудандар секторларға бөлініп, әр секторға инспекторлар бекітілген. Нәтиже де жоқ емес. Жалға берілетін пәтерлер, дәстүрден тыс діни ағымдардың мүшелері, күдікті тұлғалар жиналатын орындар, жағдайы төмен отбасылары туралы 600-ден астам хабарламалар түсіп үлгеріпті.

Екінші бағыт – азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесу. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен жұмыс топтары құрылып, олар аулаларды, пәтерлерді, мектептерді, мешіттерді аралайды. Ерекше назар әлеуметтік тұрғыдан жағдайы төмен және дәстүрден тыс діни ағымдарды ұстанатын тұрғындарға аударылады. Осы бағыт бойынша 350-ден астам шаралар өткізіліп, 100-ден астам тұрғындарға көмек көрсетілген.

Ал, үшіншісі – алдын алу шаралары. Ол үшін құрамында мемлекеттік қызметшілер емес, дәрігерлер, теологтар, психологтар, бизнес қауымдастықтың және мешіттердің өкілдері бар топтар құрылып, нақты іс-қимыл жоспарлары дайындалды.

Кеңеске қатысушылар облыс прокуратурасының бастамаларына қолдау көрсетіп, әлеуметтік проблемаларды шешу қоғамдық тұрақтылыққа жағымды ықпал ететінін атады. Талқылау барысында жұмыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған кеңестер мен ұсыныстар айтылды. Жұмыс тәжірибесі оң нәтиже берсе, басқа өңірлерге де үлгі ретінде таратылатын болады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button