Басты тақырып

Терезе алдындағы дәрігер

       Ауыра қалсақ – дәріханаға жүгіретін әдетіміз. Синтетикалық антибиотиктер ішектегі пайдалы микроағзаларды жояды десек, табиғи антибиотиктердің де бар екенін ұмытпауымыз керек. Емдік қасиеттерге ие бөлме гүлдерін ауруды емдеумен қатар, оның алдын алу үшін де пайдалануға болады. Сонымен қатар, олар ауаны көмірқышқыл газынан тазартады, ылғалдандырады және иондармен қанықтырады, фитонцидтердің бөлінуі арқылы көптеген зиянды микроағзаларды жояды. Солардың бірқатарына тоқталсақ…

Алоэ

Алоэ күшті антибактериалдық және қабынуға қарсы бірден-бір ем. Сонымен қатар, алоэ жараны жазатын қасиетке ие және күйікке қарсы да пайдалады. Шырыны – ринит, ларингит сияқты тыныс жолдары аурулары кезінде тиімді.

Иммунитетті нығайту мен қан аздықты емдеу үшін алоэ шырынын балмен немесе қантпен бірдей көлемде араластырып, тамақтан 30 минут, шәй қасықтың 1/3 бөлігіндей көлемде қабылдау керек. Емделу ұзақтығы – шамамен үш апта.

Жара, күйген жерлер, сыздауық, іріңді жараларды емдеу үшін алоэнің кесілген жапырағынан тоңба тектес сұйықтықты сығып алып, терінің зақымдалған жеріне жағады.

Гайморит, ринит кезінде алоэ шырыны мен балды бірдей көлемде араластырып, күніне екі реттен мұрынға бір немесе екі тамшыдан тамызады.

Каланхоэ

Каланхоэ сөлі күю, ойық жара сияқты тері ауралары, ринит, гайморит, тонзиллит, стоматит сияқты тамақ аурулары, гинекологиялық аурулар кезінде таптырмайтын өсімдік. Үй жағдайында каланхоэ шырынын дайындау үшін оның жапырақтарын бірнеше күн қатарынан тоңазытқышта ұстау керек. Содан кейін жақсылап жуып, шырын сыққыш көмегімен сөлін шығарады. Жараларды емдеу үшін бірнеше қабатталып бүктелген дәкені каланхоэ сөліне батырып, жараға таңу керек. Таңғыш күніне екі рет ауыстырылады. Егер ашитын болса, новокаиннің 0,5-1,0% ерітіндісімен бірдей көлемде араластыруға болады. Ринит кезінде бірдей көлемде сумен араластырылған каланхоэ сөлін күніне 2-3 тамшыдан мұрынға тамызады.

Қазтамақ

Қазтамақ – кең тараған бөлме өсімдігі. Бірақ, оның емдік қасиетін кез-келген біле бермейді. Дәрілік өсімдік неврология проблемаларында, ұйқысыздықта, бас ауруы кезінде, сонымен қатар, бронх қабынуы, асқазанның ойық жарасы, құяң, жұтқыншақ және мұрын аурулары кезінде жақсы көмектеседі.

Қазтамақтан қайнатпа дайындау үшін 3 ас қасық кепкен жапырағына екі стақан қайнаған су құйып, екі сағат көлемінде ұстау керек. Қайнатпаны ішуге де болады, сыртқа да қолдануға болады.

Ұйқыңыз тыныш болсын десеңіз, жатын бөлмеде қазтамақ гүлін өсірген дұрыс. Оның жапырағынан бөлінетін белсенді заттар ауру тудыратын әр түрлі бактерияларды жояды. Жүктілік кезінде, созылмалы аурулары бар, жасы елуден асқан егде адамдарға қазтамақты пайдалануға болмайды.

Каллизия немесе алтын мұрт

Бұл дәрілік өсімдік кейінгі кезде ғана танымал бола бастады. Емдеу үшін оның жас жапырақтарын, сабағын және алтын мұрт деп аталатын өркендерін пайдаланады. Өркендерін аллергияның барлық түрлері, зат алмасудың бұзылуы, ревматизм, құяң, простатит кезінде пайдаланады.

Өсімдік асқынған іріңді жаралардың өзін емдейді. Каллизиядан емдік майлар, тұнбалар және жақпамайлар дайындайды. Жақпамай дайындау үшін үгітілген жапырақтары мен алтын мұрт өркендерін мал майымен немесе вазелинмен бірдей көлемде араластырады. Дайын жақпамайды сыртқа қолданады.

Сансевиерия

Сансевиерия әр түрлі қабынуларды, бедеулікті, бас ауруы мен қуықтың қабынуын емдейді. Пайдалану үшін жапырағын үгітіп, шыны құтының 1/3 бөлігіне толтырады, қалған бөлігіне арақ құяды. Құтыны қақпақпен жауып, 2-3 аптаға тұндырып қояды. Содан кейін, сүзіп, күніне 2 рет, 1-2 ас қасықтан қабылдайды. Жүкті әйелдерге қабылдауға тыйым салынады.

Қарапайым шырмауық

Қарапайым шырмауықты бронх қабынуы кезіндегі жөтелде, трахеитте, өкпе қабынуы кезінде пайдалануға болады. Тұз байлануы, радикулит және ревматизм кезінде де жағымды әсері бар. Шырмауықтың 1 шәй қасық үгітілген жапырақтарына 200 мл қайнаған су құйып, 10-15 минутқа тұндырады, содан кейін тұнбаны сүзіп, күніне 2-3 реттен 1/2 стақаннан ішеді.

Надежда ОЛИШЕВЕЦ,

агроном-биолог.

P.S. Дәрі жасағыңыз келген өсімдіктерге азотты тыңайтқыштарды пайдалануға болмайтынын естен шығармаңыздар.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button