Теміржолдағы тың талап жолаушылар мүддесін көздейді

Ертең, яғни, 28 тамыздан бастап жолаушылар пойызында темекі тартуға тыйым салынатынын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялауда. Бұған ертеңнен бастап күшіне енетін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Жолаушылар тасымалы, қол жүктері, жүктер мен пошта жөнелтілім ережелеріне өзгерістер енгізу туралы» бұйрығы негіз болмақ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ мәлімдегендей, қазақстандықтарды күтетін өзгерістер бұл ғана емес екен. Тарқатып көрелік…

Алыпсатарлық азаяды

Көпшіліктің демалыс уақытында теміржол билеттерінің қолға оңайлықпен түспейтіндігі жаз шыға жазыла басталған еді. Мемлекет басшысының өзі «қолдан жасалған билет тапшылығымен күресуді» тікелей тапсырған да болатын. Осыған байланысты жолаушылардың ұйымдасқан тобының пойызға билет алу ережесі өзгертіледі. Мамандардың айтуынша, дәл осы бір топ адамның билет рәсімдеуі – алыпсатарлардың негізгі әдісі болып келген екен.

– Бұған дейін топтасқан жолаушылардың сұранысы бір адамның атымен тіркеліп, рәсімделіп келді, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі өкілі Диас Ахметшәріп. – Мысалы, 30 билет алынса да бір құжатпен тіркелетін. Енді, билет топтасқан жолаушылардың әрқайсына берілетін болады. Алыпсатарлар үшін бұл қаржылық тұрғыдан да тиімсіз болмақ. Себебі, бұрын әр билет үшін 290 теңге алым алынса, бұдан былай барлық билеттің жалпы сомасының 30 пайызы қайтарылмайтын қорға аударылады.

Сондай-ақ, алдағы уақытта іске қосылатын касса жұмысындағы тағы бір өзгеріс те алып-сатушылардың жолын кесуге бағытталған. Енді, 30 секунд ішінде бір бағыт пойызына 5 рет сұраныс жасалса, касса автоматты түрде бұғатталып, 5 минутқа жабылып қалатын болады.

Электрондық мүмкіндіктер аясы артады

Сөз орайы келгенде, шілденің басынан бері теміржол билеттерін электронды сатып алудың жаңа мүмкіндіктері жасалғанын да айта кеткен жөн. «Күту парағын» электронды түрде немесе кассада кез келген уақытта рәсімдеуге болады. Қажетті бағытына билет таппаған жолаушылар «Күту парағына» тізіледі. Егер аталған бағытта бос орындар табылып жатса, билет тіркелген жолаушыға бұйырады. Бар-жоғы екі айдың ішінде 45 мыңға жуық жолаушы электронды билет алу қызметін пайдаланып үлгеріпті. Бұдан бөлек, осы өзгерістерге сәйкес билетті электронды цифрлық қолтаңба арқылы да рәсімдеу мүмкіндігі пайда болады.

Жаңа ереже бойынша билетті кері қайтарғаны үшін бұрынғыдай 1 мың теңге ұсталмайтынын да біле жүріңіз. Егер, пойыз жүрерге дейін бір тәулік ішінде қайтарсаңыз, билет құнын толық қайтарып береді. Бір күн немесе бірнеше сағат бұрын тапсырсаңыз, билет құнының 70 пайызы қолыңызға тиеді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау

 Жаңа ережеде мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты да өзгеріс қарастырылған екен. Ертеңнен бастап І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері жол жүру құнының жартысын ғана төлейтін болады. Бұрын мұндай мүмкіндік тек І топқа жататын мүмкіндігі шектеулі жандарға беріліп келген болатын.

Жеңілдік әлеуметтік маңызы бар барлық пойыздарда жасалатынын ескерген жөн. Тек коммерциялық болып табылатын «Тұлпар-Тальго» пойыздарында аталған жеңілдік көлемін тасымалдаушы анықтайтын болады.

Темекіге – тыйым!

Осыған дейін пойыздың кіреберісінде (тамбурда) емін-еркін темекі тартып келген жолаушылар енді бұл әрекеттері үшін айыппұл төлейтін болады.

– Мұндай шешім жолаушылар тарапынан түскен өтініштер негізінде қолға алынды. Пойыз қоғамдық көлік саналады. Сондықтан, тәртіпті сақтау керек. Кейбіреулер «екі күн бойы жүретін пойыздарда қайтеміз?» десіп жатыр. Пойыз әр разъезд, станцияға кемі 5-10 минуттан бастап 40 минут, бір сағатқа дейін тоқтап тұрады. Осы кезде арнайы белгіленген жерде темекі тартуға рұқсат етіледі, – Диас Ахметшәріп.

Жолсеріктер тәртіп бұзушылық байқағанда ескерту жасап, жол бойындағы полиция қызметіне хабарлайды. Олар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 571-бабы «Тасымал ережесін бұзу» бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл (12 625 теңге) салу құқығына ие болады.

Шылымның иісін сезген жолаушылардың арнайы байланыс телефонының 1433 номері арқылы хабарласып айтуына да болады.

Біздегі пойыз учаскесінің мамандары темекі тартуға тыйым салу дұрыс деп біледі. Барлық қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салынғандай, пойызда да осы тәртіп сақталуы керек дейді. Мәселен, мұндай тыйым Ресейде баяғыдан бар екен. Сондықтан, екі мемлекет арасына қатынайтын пойыздарда мұндай талап бұрыннан бар көрінеді.

Билет мәселесіндегі алыпсатарлықпен күрес – жең ұшынан жалғасып жатқан жемқорлықпен күрес екені айдан анық. Енді, темекіге тыйым саламыз деп жемқорлықтың жаңа бағыттағы түрін өрістетіп алмасақ болғаны…

Жансая ОМАРБЕК