Теміртаудың жылыту маусымына дайындығын тексерді
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртау қаласына жұмыс сапары барысында шаһардың алдағы жылыту маусымына дайындығын тексеріп қайтты. Аймақ басшысын жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты мәселелер де бей-жай қалдырмады. Бүгінгі таңда Теміртауда 1163 көпқабатты үйдің 947-і жылу беру маусымына толық дайындық актісін алса, алдағы күндері тағы 20 үй құжат осындай құжатқа ие болмақ.
Қысқа дайындық кесте бойынша жүріп жатқандығына көз жеткізу үшін Жеңіс Қасымбек Қарағанды ГРЭС– 1-де арнайы барды. Биыл кәсіпорын 600 млн.теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бұл ақшаға үш қазандық, екі турбоагрегат, бу құбыры мен құбырлар, крандар мен қосалқы конструкциялар ретке келтіріліпті. Өңір басшысы жөндеу жұмыстарына жұмсалған соманың жеткіліксіз екендігін айтып, электр станциясының басшыларына инвестициялық саясатты қайта қарауға кеңес берді. Сондай-ақ, жаңа жабдықтарды сатып алуға және қолда барын жөндеуге көмек көрсетуді ойластыруға уәде берді.
Теміртау ЖЭО-2-де облыс әкіміне жылу беру маусымына дайындық туралы баяндалды. Мұнда № 5 және 6 қазандықтарда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, №4 қазандықтың бітеу арматурасы мен қызу беті ауыстырылған, №3 турбина ретке келтірілді. Кейбір нысандарда жөндеу әлі жалғасуда. Биыл кәсіпорында жаңа, жетінші қазандықты монтаждауға кірісуге іргетасы дайын тұр. Бұл Теміртаудағы жылу тапшылығының көп жылғы проблемасын шешуге мүмкіндік береді.
Өңір басшысы қаланың жылу маусымына дайындығын жеке бақылауда ұстайтынын айтты.
Жеңіс Қасымбек сонымен қатар, қала кәсіпорындарының басшыларымен кеңес өткізді. Онда жаңғырту, тарифтер, қызметкерлердің жалақысын арттыру және басқа да мәселелер талқыланды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Парамжит Калон металлургиялық комбинатты газға көшіруді ұсынды. Оның айтуынша, осылайша өндіріс арзан әрі экологиялық болады. Ол үшін Қазақстан Үкіметі, «АрселоМиттал Теміртау» және Еуропалық Қайта Құру және даму банкі арасында шарт жасасу қажет. Кәсіпорынның толық жұмыс істеуі үшін күніне миллион текше метрге дейін газ керек болады.
– Бұл өте қызықты ұсыныс. Сіз сұраған көлем өте үлкен. Бізге нақты есеп қажет. Бұл қауіпсіздік пен экологияны және жаңғыртуды қозғайтын маңызды мәселелердің бірі, – деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы кәсіпорын басшыларына қызметкерлердің жалақысын көтерудің маңыздылығы мен медициналық сақтандыру қорына міндетті аударымдардың қажеттілігі туралы да айтты.
Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында сондай-ақ, болашақ дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жаңа емханада болды. Бұл нысандар Елбасының тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» қаржысы есебінен салынады.
Емхананы осы жылдың қараша айында тапсыруға уәде берді. Мұнда 20 000 адамға қызмет көрсетілмек. Мердігерлер жаңа нысанның қабырғаларын көтеріп, терезелер мен есіктерді орната бастапты. Жақын арада олар ғимараттың сыртын қаптауға және ішкі әрлеу жұмыстарына кіріседі, коммуникациялар мен аумақты абаттандыру басталады.
320 орындық көрермендер залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені келесі жылы ашылады. Қазір ол үшін іргетас төселіп, металл конструкциялары құрастырылуда.