Теміртауда жеке көлікпен жүруге тыйым салынады

Қарағанды облысында 18 сәуір сағат 00.00-ден бастап күшейтілген шектеу шаралары енгізіледі. Кешкі сағат 22:00-ден бастап таңғы 05:00-ге дейін карантин аймағының ішінде жеке автокөлікпен жүруге болмайды. Сонымен қатар, Теміртау қаласында жеке автокөліктердің қозғалысына толықтай тыйым салынады. Бұл туралы Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров хабарлады.


— Коронавирус дертін жұқтырғандарға талдау жасаудың нәтижесінде карантин талаптарын бұзу оқиғалары тіркелді. Атап айтқанда, отбасылық,  мерекелік іс-шараларға  қатысып,  індетке шалдыққандармен  қарым-қатынаста болған адамдардың вирус жұқтырғаны анықталды. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданған шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын, — деп атап өтті облыстың бас санитарлық дәрігері.

Жедел әрекет ету орталығының электрондық деректер базасына енгізілгендерді қоспағанда, адамдар мен автокөліктердің облыс аудандары мен қалаларынан тыс жерлерге келуіне және шығуына тыйым салынады. Облыстың барлық аудандары мен қалаларының арасында блок бекеттер орнатылуы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шахтинск қаласында жеке автокөліктердің қозғалысына толық тыйым салынған еді. Енді, Теміртау және Шахтинск қалаларында азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті тауарларды жеткізетін курьерлерге ғана жеке көліктерімен жүруге рұқсат беріледі. 

Сондай-ақ, барлық қалалар мен аудандардың тұрғындары қозғалысты толық доғаруы қажет. Олар үйден, тек, келесі жағдайларда ғана шыға алады: 
1) Қызметі рұқсат етілген ұйымдардың қызметкерлеріне жұмысқа баруға және қайтуға. Бұл үшін олар электронды деректер базасына енгізілуі тиіс;
2) Дүкендерге және дәріханаларға бару үшін. Бірақ, олар тұрғын үйден  бір жарым шақырымнан аспайтын радиуста орналасқан болуы тиіс;
3) Үй жануарларын серуендету (радиусы — 500 метр);
4) Банк операцияларын жасау;
5) Шұғыл жағдайда медициналық мекемеге бару.
65 жастан асқан адамдарға далаға шығуды шектеу ұсынылады.
Ветеринарлық-санитарлық нормаларды сақтай отырып, мал жаюға рұқсат етілген.
Барлық азық-түлік супермаркеттері, дүкендер мен базарлар 22.00-ден кейін жұмыс істемеуі тиіс.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қызмет көрсетпейтін медициналық ұйымдардың қызметі тоқтатыла тұрады.
Дезинфекция режимі күшейтіледі. Азық-түлік базарлары, жаяу жүргіншілер жолдары, көлік жүретін бөліктер, аялдама павильондары және оларға іргелес жатқан аумақтар өңделеді.
Барлық меншік түріндегі, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің басшылары мүмкіндігінше қызметкерлердің жалақысы мен жұмыс орындарын сақтай отырып, оларды қашықтан жұмыс режиміне көшіру қажет. Мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда қызметкерлерді ақылы демалысқа жіберу немесе барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, оларды жұмыс орнына дейін және кері қарай орталықтандырылған тасымалдауды ұйымдастыру қажет.
Облыстың діни қауымдарына барлық бұқаралық іс-шараларды толығымен тоқтатуды және мүмкіндігінше карантин уақытына келетін маңызды діни мерекелерді онлайн режимде атап өту ұсынылды.

Саяжай туралы.
— Саяжайлар мәселесі қазір қарастырылуда, бірақ көптеген тәуекелдер бар. Жақында Алматы облысындағы төрт саяжай ауылы карантинге жабылды. Онда тоғыз коронавирусты инфекция оқиғасы анықталды. Бағбандардың негізгі бөлігі — егде жастағы адамдар, ауру жұқтыру қаупіне бейім зейнеткерлер. Естеріңізде болсын, көп нәрсе сіздердің әрқайсыңыздың жеке санаңыз бен жауапкершілігіңізге байланысты. Сондықтан,  саяжай маусымын кешірек бастаған абзал, — деді Қанат Асқаров. 

Облыстың барлық карантиндік қалалары мен аудандарында патрульдер күшейтіледі. Полицейлер карантиндік аймақтың периметрі бойынша тәулік бойы кезекшілік етеді. Саябақтар мен гүлзарларда патрульдеу жүргізіледі. Тәртіп сақшылары карантин ережелерін бұзушыларға әкімшілік шаралар қолдануға құқылы.