Теміртауда – қарқынды даму

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәжілісіне қатысқан Теміртау қаласының әкімі Ғалым ӘШІМОВ қаланың тұрақты өсу динамикасына тоқталды. Сондай-ақ, өндіріс, құрылыс және білім саласы бойынша жоспарланған жобалар және жүзеге асқан жұмыстармен бөлісті.
Өткен жылы Теміртау қаласы кәсіпорындарымен өндірілген өнеркәсіптік өнім көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 24% артып, 728,5 млрд.теңгені құрады. Осы орайда, биыл жоспарды 2,7%-ға арттыру жоспарланған. Бірінші тоқсанның өзінде көрсеткіштер байқалып, өнеркәсіптік өнім шығару 39,1%-ға артқан.
Жалпы, Теміртау қаласы бойынша білім саласын дамытуға 6 млрд. теңге бөлінген.
– Білім беру саласын дамыту – болашақтың кілті болары анық. Осыған орай, мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ету және білім беру саласының дамуына қолайлы жағдай жасалуда. Аталған саланы қаржыландыруға 6 млрд. 419 млн. теңге бөлінді. Бұл өз кезегінде білім беру мекемелерінің, қала мектептері мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік береді, – деді Ғалым Әшімов.
Жалпы, қаржы аясында Теміртау қаласы бойынша балабақшаларға керекті жабдықтар, ойыншықтар, жиһаздар сатып алынған. Сондай-ақ, бейнебақылау да орнатылыпты. Оған қоса, мектептерге 13 робототехника, 29 дана оқу және жобалау жинақтары, 617 дана компьютер, жиһаздар сатып алынған. Оқушылар оқулықпен оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген.
Өткен жылы 3 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 17 балабақша, 14 мектеп және 2 мектептен тыс ұйымның жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген. Ал, ағымдағы жылы 600 орындық мектеп салу және 6 нысан, 13 балабақша, 2 мектептен тыс ұйымға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспары құрылған.
Қала бойынша кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қолдау көрсету жалғасуда. «Бизнестің жол картасы – 2020» бойынша 2,5 млрд. теңге сомасына 20 жоба мақұлданған.
– Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында бизнес-ортаны кеңейту маңызды болып табылады. Сондықтан, міндетті қолданыстағы бизнесті қолдап, сонымен қатар, жаңа бизнес ашу үшін жағдай жасау маңызды. Біздің қалада 7823 қолданыстағы шағын және орта бизнес субъектілері бар. Онда 28 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Осы кәсіпорындардың өнімдері, жұмыс қызметінің көлемі өткен жылы 59 млрд. 700 млн. теңгені құрады. Бюджетке шамамен 3,5 млрд. теңге көлемінде төлем түсті, – деді Теміртау қаласының әкімі.
Сондай-ақ, қаладағы қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына тоқталған Ғалым Әбіханұлы, өткен жылы жеке құрылыс есебінен 10,3 мың. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті.
2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Теміртау қаласы мен Ақтау кенті бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға мұқтаж кезегінде 3017 отбасы тұр. Тұрғын үйге мұқтаждарды қамтамасыз ету мәселелерін одан әрі шешу мақсатында қалалық бюджет есебінен Тольятти көшесі, 44 көп қабатты тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 90 пәтерге Тәуелсіздік күніне орай кілттер тапсырылмақ.
Ал, 9 ықшамаудандағы 2 көп қабатты тұрғын үй құрылысы бойынша жобаларды жүзеге асыруға облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармасына республикалық бюджетті нақтылау кезінде «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында мақсатты трансферттерді бөлуге бюджеттік өтінім жолданыпты.
Айта кеткен жөн, өткен жылы Теміртау қаласының тұрғындарынан қаланың жөнделмеген жолдары жөнінде көптеген сын-ескертулер болды. Бұл ретте, биыл 46 шақырым автожолға –2 млрд. теңгеден астам қаржы, ал ішкі жолдарға (23 км) – 610,5 млн. теңге бөлініп отыр. Сондықтан, биыл Теміртаудың автожолдарын жөндеу жұмыстары жалғасады.

Аяулым СОВЕТ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.