АймақТеміртау

Теміртау түрленуде

Теміртау қаласы күннен-күнге ажарланып, түрленіп келеді. Биылғы көктемде еліміз бойынша жарияланған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қолға алынған шаралар мұнда жалғаса түсуде. Соның айғағындай, осы аптада қалада «Жасыл ел» еңбек жасақтарының бірінші маусымы басталса, енді баспасөз-туры өтті.

Суреттерді түсірген автор

Қаланың Орталық мәдениет және демалыс саябағында сөйлеген сөзінде Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев:

– Биылғы жазғы маусымда «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатарына 1 мыңнан астам жас адам тартылды. Олар ағаш отырғызу, аумақтарды тазалау, сая­бақтарды абаттандыру, қоршаған ортаны сақтап, жақсартуға бағытталған іс-шараларға қатысады.

Бұл жоба қаламызда 2014 жылдан бері жүзеге асырылып отыр. Әуелде жасақ құрамында 70 жауынгер ғана болса, жыл сайын олардың саны өсуде. Соның нәтижесінде өңіріміздің экологиялық жағдайы жақсарып қана қоймай, жастарымыздың туған табиғатқа деген жанашырлығы мен сүйіспеншілігі арта түсті деп ойлаймын, – деді.

Бұдан кейін Орталық саябақ қызметкерлері сол араға 8 мың тал петунья, тагетке гүлдерін отырғызуға кірісіп, «Жасыл ел» жасағының құрамында 40 жауынгері бар 2 отряды Абай мен Чайковский көшелерінің қиылысындағы аумақты қоқыстан арылтып, тазалауға көшті. Бәрі бірыңғай киімдегі жас жауынгерлердің алдынан жұмыс үріккендей. Оның бас үйлестірушісі Яуда Мирастың айтуынша, 7 маусымда басталған бірінші лекте 333 адам қамтылған көрінеді. Осылардың арасында 14-15 жастағылар айына 71 мың теңгеден табыс тапса, 16-35 жастағы ересек топтағылар 105 мың теңгеден алады екен.

Ал, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлмира Олжабаева өздерінің алдағы жоспарында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының аумағындағы баққа 60 түп ағаш көшетін отырғызу, күзге қарай «Жасыл ел» жасақтарының қатарын тағы да 100 адамға ұлғайту ойлары барын айтады.

Жалпы, Теміртау қаласында құрылған «Жасыл ел» еңбек жасақтары 7 отрядқа бөлініп, қазірде соның алтауы қала басында іс-қимыл жасап жүрсе, 1 отряд Ақтау кентінде тұрақты түрде жұмыс жасауда.

Сонымен, бұл игі істі атқаруға жауын-шашын да, табиғаттың басқа да тосын мінезі бөгет бола алмайтынын сол күннің өзі көрсетті.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button