Руханият

Театрмен тағдыры тамырлас

      «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» (Абай) демекші, қасиетті сахна өнеріне кімдер келіп, кімдер кетпеді. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры алғаш құрылған кезінен еңбек жолын сонда бастап, өмір бойы сахнада нардың жүгін көтерген өнер қайраткерлері қаншама?! Тұрмыс жағдайларына байланысты сахнамен қоштасып, басқа жұмысқа ауысып кеткендер де, өнер жолын көтере алмай жолда қалғандар да, еңбекақысының аздығына бола өкпелеп кеткендер де жетерлік. Әсіресе, әйел артистерге сахнада қызмет ету оңай болмады.

К.Ғабдуллина

1990 жылға дейін облыстық театрлар жаздық гастрольге үш айға кететін. Қарағанды театры Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Торғай, Павлодар облыстарын айтпағанда, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау облыстарына дейін «Кубан» автобусымен аралайтын. Қара жол, шаңдақ, жауын жауса жер батпақ, қаншама жол азабы. Ауылдарда қонақүй жоқ, түсетін үй де табылмай қалатын, клубта қонып, тамақты өздері пісіріп, дайындайтын кездер де аз болған жоқ. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезінде, одан кейінгі жылдарда да ат арба, өгіз арбамен жүріп ел аралаған. Халықтың еңсесін көтереміз деп ауыр кезеңдерде емшектегі балаларын өздерімен бірге алып жүріп, спектакльдер көрсетіп, концерттер қойған. Өнер үшін бар қиындыққа төзіп, сахнада небір алуан кейіпкерлерді сомдаған қайсар қайраткерлер аз болған жоқ. Өкініштісі – өнер үшін, өзінің сүйген мамандығы үшін отбасылық бақытынан да бас тартып, зейнеткерлікке шыққан соң елеусіз, ескерусіз қалып жатқандар еске түскенде жаның ауырады.

Мен театрға келгенге дейін сахнадан қол үзіп кеткен Ү.Әбеуова, М.Баязитова, Р.Өтелбаева сынды бастырольдерде ойнаған апаларымды айтпағанның өзінде, бізді 1968 жылы туған балаларындай құшақ жая   қарсы алған, өмірлерінің соңына дейін мейірім шуағын шашып, әр жетістігіме қуанған апаларым жөнінде тоқталмақпын. Бізде бір жаман газет бар: артистерді жалпы өнер, әдебиет адамдарын көбіне талантына қарап емес, атағына қарай құрметтейміз. Ол атақты (орден, медаль) көкесі алып берді ме, асаба болып аты шығып алды ма (әсіресе, талай шенеуніктердің балаларының тойын басқарып), талай жолдары бар ғой, онымен шаруасы жоқ. Сахна өнерінің реформаторы К.Станиславскийдің «Кішкентай роль жоқ, кішкентай артист бар» деген қанатты сөзі бар. Театр бар уақытта ешқашан да өлмейтін, өшпейтін қағида…

Сол кезде біздің апаларымыз көпшілік сахнаға (массовкаға) шыққанның өзін мәртебе көретін. Және де жәй шыға салмайды, бір-біріне ұқсамайтын грим салып, бірі ақсақ, бірі соқыр, бірі пұшық болып, неше түрлі мінездер тауып алатын. Өнерге шексіз берілген апаларымыздың бірі марқұм Күлән Көлбаева 1937 жылы көркемөнерпаздар үйірмесінен келген. Күлән апай көбіне адуынды, тәкаппар, ешкімге дес бермейтін, ішкі қуаты (темпераменті) мол рольдерімен сахнаны жандандырып жіберуші еді. Әсіресе, Ж.Сәрсеков пен З.Жақыповтың «Бажалар мен балдыздар» комедиясындағы Разия ролін керемет ойнаушы еді. Сахнаға долданып шығып, алдында сүмірейген күйеуі Жанайдың шаңын қаққанда көрермендер күліп отырып, Жанайға жаны ашып, аяп отыратын. Сахнада шынайы ойнайтын және режиссердің берген мизансценасын (берген бағытын) еш өзгертпейді, әріптесінен де соны орындауды талап етеді. 1962 жылы Алматы қаласында өткен есеп беру онкүндік гастролінде астаналықтар алдында шеберлігімен көзге түсіп, сыншылар мен көрермендердің қошеметіне бөленген артистердің бірі К.Көлбаева болатын. Қарағанды театрының тарихын ең алғаш зерттеп, спектакльдерінің көбін 1962 жылы Қарағанды қаласына келіп көріп, Алматыдағы талдауда өз пікірін ортаға салған өнертану ғылымының кандидаты Қажықұмар Қуандықов: «Бойында өнер қуаты мол, театрдың ескі көздерінің бірі Күлән Көлбаева ойынында долылық, сыйқырлық кейпі айқын көрінеді. К.Көлбаева күшті темпераментті, кең дауысты, келбетті актриса. Оның осы жақсы қасиеттері «Жалғыз ағаш орман емес» спектакліндегі Ұлтуған, «Құдағи келіптідегі» Фатима рольдерінде келісті, ерекше тартымды сипат береді. К.Көлбаеваның кесек бітімі Көклан ролінде бүкшиген кемпір бейнесіне айналған. Бірақ, бойына біткен шоқты мінез жалыны бір елдің саққұлақ қарақшысы болған Көкланның «кешу білмес» қаталдығын беруде шеберлігімен келген күйдей болып тұр. Оның тастан-тасқа секіріп ұшып түсуі, кейде жынын шақырған бақсыдай шыр айналып, тіміски қадала қарауы, жәдігөйлене сылқ-сылқ күліп, кәрілік жеңген адам қалпына ене кетуі де Көклан мінез-қылықтарына, мақсаттарына тән, лайық.

М.Мұқатаева, М.Николаева, Қ.Ахметова

Актриса бұл рольде сырт қимылға ерекше мән береді. Қимыл ішкі күйден туатыны мәлім. Ол айтылар сөздің мағынасын толықтырып, сөз әсерін күшейтеді», – деп жоғары бағалаған болатын. Сарғайған театр тарихының беттерін ақтарып отырып, сол жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі» атағына ұсынылған іс-қағазына көзім түсті. Театрдан төрт артиске беріліп, екеуіне берілмей қалғандардың бірі – К.Көлбаева. Өкінішті.

Сахнада кербез, байсалдылығымен көзге түскен артистердің бірі – Қалимаш Ахметова. Кезінде конфискацияға ұшыраған Тоқырауын бойының атақты байы, Аққыз күйшінің әкесі Ахмет байдың қызы. Қалимаш апай да домбыра тартып, ән салатын, өте иманжүзді, мәдениеті жоғары, ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін биязы кісі еді. Театрға көркемөнерпаздар үйірмесінен 1938 жылы келген табиғи талант иесі. Сахнада Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасында Дәмелі, М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясында Теңге, «Қарақыпшақ Қобыланды» тарихи драмасында зар илеген Аналық образдары Қалимаш апайдың сомдауында өте әсерлі, толыққанды кейіпкерлер болып театр тарихында қақталып қалды. Ал бүгінгі күн тақырыбына жазылған драматургиялық шығармаларда замандастар бейнесін сомдаудағы жетістіктері ерекше көңілге қонымды. Ойнаған рольдерін саралап, ой елегінен өткізгенде көбіне Аналар образын сомдаудағы таланты көзге түседі. Қ.Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясындағы Қатира, Ж.Сарсеков пен З.Жақыповтың «Сапарластарындағы» Айжан, «Бажалар мен балдыздар» комедиясындағы Прокурор образдары көрермендердің көңіліне ұялап, артист Қалимаш апамыздың творчествосындағы елеулі кейіпкерлер галереясы болып есте қалды. Шетел классикалық шығармаларында Ф.Шиллер, К.Гольдони кейіпкерлерімен қоса, Орыс драматургиясының озық шығармаларында да образдар сомдауымен көзге түскен артистердің бірі. Әсіресе, Н.Гогольдің «Үйлену» комедиясындағы Фекла Ивановна образы автордың діттеген жерінен шыққан комедиялы штрихтерге толы кейіпкер. Сахнада қырық жылдай еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң, театрға келіп, жас артистерге ақыл-кеңесін айтып, спектакльдерін көріп, жетістіктеріне қуанып, батасын беріп қайтушы еді. Адамгершілігі мол, өте кішіпейіл жан болатын. 1944 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Президиум Грамотасымен марапатталды.

1938 жылы театрға алғаш келгеннен-ақ көрермендерді селт еткізген талант иесі Мариям Мұқатаева болатын. Сол кездегі жазылған театр тарихының беттерінде: «1937 жылдың соңғы айларының бірінде театрға тағы да бір жалындаған жас қыз келіп қосылды. Ол «Қызыл орамал» атты биін де ала келді. Бидің онша дамымаған кезінде, музыкалы-драма театр үшін бұл үлкен қуанышты табыс болды. Ол қыз театрдың белді артистерінің бірі Мариям Мұқатаева еді. Мариям театрдың би-балет жанрына үлкен үлес қосқан актриса. Бірақ ол тек биімен ғана емес, драмалық рольдерде өзін тез танытты. «Қобыландыда» – Құртқаның, «Аршин мал-аланда» Әсияның, «Зұлымдық пен махаббатта» Ледидің, «Зәуреште» Сағадаттың рольдерін, т.б. көптеген рольдер ойнады»,-делінген. Мария апай сан қырлы артист болатын. Жанр таңдамайтын, қандай кейіпкер болса да тез меңгеріп, сахнаға алып шығатын. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы даланың ерке аруы, махаббаты үшін сол заманның әдет-ғұрпын бұзып өткен Еңлік, «Қарақыпшақ Қобыландысындағы» сұлу Құртқа, С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажал» драмасындағы сынаптай зырылдаған жеңгетай Сарыжорға, Қ.Мұхаметжановтың «Құдағи келіпті» комедиясындағы беймаза, тәкаппар құдағи Марфуғаның шешесі, У.Гаджибековтың «Аршин мал-алан» музыкалық драмасындағы Әсия образдары өзінің толыққанды бояуларымен, сахнадағы әсемдігімен, сұлу іс-әрекеттерімен ерекшеленіп, тек Мариям Мұқатаеваға тән шеберлікпен өнер қуған ізбасарларына үлгі болып қалды. Өзі биші болғандықтан актерлердің сахнадағы сырт сымбаттылығына көп көңіл бөлетін. Спектакльдерге биді өзі қоятын, жастарға би үйрететін. Жасы келіп, зейнеткерлікке шыққанның өзінде де сахнада өте әдемі қозғалатын. Әр халықтың мәдениетін, дәстүрін өте жақсы білетін. Театр жанындағы актерлік студияға биден сабақ беріп, жас ұрпақты өнерге дайындауда көп еңбек сіңірді. Еңбегі бағаланып, кезіндегі Совет Одағы мәдениет қызметкерлерінің үздігі төсбелгісімен марапатталды. Кезінде бірнеше рет еңбегі сіңген атағына ұсынылса да жолы болмады. Әрине өкінішті, әйтсе де облыстық театр тарихында елеулі рольдерімен, өнерге шын берілгендігімен өшпес ізі қалды.

Театр тарихында ұмытылмайтын өнер шеберлерінің бірі әнші-артист Мария Николаева. Ұлты басқа болса да, қазақ тілін жатық білетін, әндерін асқақтата салатын талантты артистердің бірі еді. Мен келген кезде зейнеткерлікке келіп қалса да сахнадан түспей, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Күнікей, Б.Жакиевтің «Әке тағдырында» Ене, Ж.Сарсеков пен З.Жақыповтың «Бажалар мен балдыздарындағы» Прокурор рольдерін ойнап жүр екен. Ал театр тарихы беттеріне үңілсек, батыс, орыс классиктерінің драматургиясында көп ойнағанын байқаймыз. Мария апай көбіне музыкалық спектакльдерде көп және мардымды кейіпкерлер сомдағаны байқалады. «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Аршин мал-алан» музыкалық спектакльдерінде Тарғынның қалыңдығы Дана, Төлегеннің қарындасы Қарлығаш, жайдары Әсия образдары арқылы қалың көрермендердің сүйіктісіне айналды. Әсіресе, Лопе де Веганың «Қызғаныштан махаббатында» жан-жақты кейіпкерлерді сомдауға қабілетті артист екендігін мойындатты.

К.Көлбаева

К.Гольдонидің, Ф.Шиллердің, М.Әуезов, А.Островский мен Н.Гоголь шығармаларында көптеген кейіпкерлерді тамаша сомдап, сыншылардың ықыласына бөленгенін көруге болады. Театр сыншысы Қ.Қуандықов «Үйленудегі» Фекла Ивановна, «Абайдағы» Ұлжан бейнелеріне тоқтала келе «нанымды тұлғалар жасаған» деп атап көрсетеді. Әншілігі ерекше жан еді. Ауылдық жерлерге гастрольдік сапармен барғанда спектакльдердің соңынан концерт беретінбіз… Сонда «Әйкен-ай», «Шилі өзен», Дурияның ариясын керемет орындайтын. Ал «Жиырма бес», «Екі жирен» әндерін орындағанда көрермендер сүйікті әншісін сахнадан жібермей, қайта-қайта қошемет көрсетіп отырып алушы еді.

Театрдың алғашқы қарлығаштарының өмірден 90 жасқа келіп өткен соңғы тұяғы – Күләш Ғабдуллина. Күләшапай өте зерек, театр тарихын жақсы білетін, бұрыңғы жұмыс істеп кеткен актер, режиссерлар туралы көп айтатын. Жасы ұлғайса да сергек, жады мықты, әңгімешіл болатын. Замандастары туралы, бастан кешкен замана қиындықтары мен қуаныштарын әңгімелегенде сөздің дәмін келтіріп, күлдіргі жайттарын қосып айтатын. Әсіресе, ат-өгіз арбамен ел аралаған кездерде неше түрлі жайғдайлар, қиындықтар кездесіп қалғанда қалай сытылып шыққандары, әріптес-құрдастарының неше түрлі мінез-қылықтарын көрсеткенде, ойнаған комедиялық рольдерін салғанда (копировать) ішек-сілеңді қатыратын.

Марқұмдар К.Көлбаева – Разия, Ә.Шаймерденов – Жанай, Т.Жабаев – Салмақпай, Күләш апай – Салиха төртеуі сахнаға шыға келгеннен көрермендерді баулап алуы да, спектакль біткенше тізгінді босатпастан ішек-сілеңді қатырып, күлкіге матап тастайды. Төртеуі бірін-бірі көз қарастарымен-ақ ұғысады. Сахнада сөзден гөрі көп қыймылдармен әрекет етеді. Нағыз актерлік ансамбльдің биік шеберлік үлгісін көрсетеді. Осындай сахнаның нағыз шеберлерінің көзі кеткен соң көлеңкеде қалып қоятыны өкінішті.

Талай биік лауазымда отырып, халқына істеген айтарлықтай еңбектері жоқ басшылар көше аттарына ие болып жатқанда, театрдың алғашқы қарлығашы, Қарағанды қаласының Құрметті Азаматы, Қазақстанның халық артисі Жәмила Шашкинаға өмірінің соңына дейін еңбек еткен қаласы Қарағандыдан бір көшенің аты берілмеуі – өнерге деген өгей әкенің көзқарасы. Өнерді кешегі қиын замандарда аяғынан тік тұрғызып, Ұлы Отан соғысы кезінде күндіз-түні вагон тиеп-түсіріп, арасында концерттерін, ауылдық жерде қырманға көмектесіп, төл алу кезінде мал басын аман сақтауда өнерімен қатар еңбек майданында да тер төккен аналарымызға деген құрметтің шектеулілігі жанға батады. Еңбектерін елеп, тұрған үйлеріне ескерткіш тақта орнатайық десек, атағы жоқ деп рұқсат етілмейді. Ұсынылған атақ берілмесе оған өнер қайраткерлері кінәлі ме? Бәріне болмаса да соғыс кезіндегі тылдағы жанқиярлық еңбектері бар (тіпті, кейбірі майдан даласында болып, өнер көрсетіп қайтты). Осы апаларымыз сияқты отансүйгіш жандардың еңбегі еленіп, тұрғын үйлеріне ескерткіш тақта орнатылса, бүгінгі ұрпаққа өнеге болар еді. Барымызды ардақтай білейік, ағайын!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button