Театр – тәрбие бесігі

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында рухани мәдениетіміз бен ұлттық рухты дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Қойнауы ғасырлар сырына толы қасиетті мекен – Қарқаралы өңірінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Соның бір айғағы, сәуір айы «Театр – тәрбие бесігі» атты театр айлығына арналды.
Театр айлығының мақсаты – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басты бағыттарды іске асыру, рухани кемелдік пен мәдени өсуге ықпал ететін театрлардағы қойылымдар арқылы көрермендердің адами құндылығын арттыру. Өнеге көзі, тәрбие ошағына айналған театрлардың жұмысын таныстыра отырып, «халықтық» атағы бар театрларды насихаттау. Қойылымдар арқылы ұлттық кодты сақтауда, отбасылық құндылықтарды арттыруда, өз дінімізді, ділімізді құрметтеуді үйрету. Осы мақсаттарды орындауды міндет етіп алған аудандағы төрт «халықтық» атағы бар театрлар өз өнерлерін ортаға салды. Небір жақсылар мен жайсаңдардың қолының табы, аяғының ізі қалған, талай тарландар мен таланттар түлеп ұшқан киелі елде өз ортасынан шыққан танымал тұлғаларына еліктеп өсіп келе жатқан, ізбасар таланттардың бар екендігін көзі қырақты көрермен назардан тыс қалдырмады.
Алғашқы болып театр шымылдығын ашқан, 1958 жылы құрылып, 1973 жылы «халықтық» атағын алған Егіндібұлақ халықтық театры Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Табалдырығыңа табын» атты драмасын ұсынды. Қоюшы режиссері – Ғарифолла Имекеев.
1963 жылы құрылып, 1973 жылы «халықтық» атағын алған Мақат Рымжанов атындағы Абыз халықтық театры Сопы Сматаевтың «Шырғалаң» атты тарихи драмасын ұсынған болатын. Көркемдік жетекшісі – Ақан Шыңғысов, сценарий авторы – Бану Мұқышева.
Сонау 30-шы жылдары құрылып, 1960 жылы «халықтық» атағын алған Атығай Шанин атындағы Қарқаралы қаласындағы халықтық театр қойған Жамбыл Артықбаевтың «Мухиддиннің тағдыры» драмасы қойылды. Қоюшы режиссері – Сламбек Жұмағали.
Театр айлығының шымылдығын жапқан, 1979 жылы құрылып, 1992 жылы «халықтық» атағын қорғаған Тәттімбет ауылы халықтық театры Баянғали Әлімжановтың «Сектаның сор құдығы» атты драмасын ұсынды. Өзге діннің жетегінде кеткен қандасымыздың өмірін өрнек­теген қойылымның режиссері – Есен Көшербаев.
Көзі қарақты көрерменді ай бойы киелі өнердің нәрімен сусындатқан театр ұжымдары түрлі тақырыпты қозғады. Сайып келгенде, қойылымдардағы тақырыптар ел мен жердің тағдыры болды. Өскелең ұрпақты өткен тарихымызды біліп, құрметтеуге, ақ найзаның ұшы, шымыр білектің күшімен келген тәуелсіздігімізді қастерлеуге, сол жолда елі үшін, жері үшін еселі еңбек етуге шақырды.
Театр айлығының жабылуында аудан басшылығы барлық театр ұжымдарын марапаттап, сый-сияпат жасады.

Сағыныш Әбілова

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.