Баған

Тазалық туралы тәмсіл

Өткен жылдың күзінде дәм-тұз тартып, ойламаған жерден Қарағандыға жолымыз түсті. Сол сапарда облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар қызмет еткен журналист Тілеуқабыл Байтұрсынның қырық күндік асында болдық. Ас үстінде марқұм жайлы сөйлегендер көп болды және бәрі бірауыздан оның еңбекқорлығы, жұмысқа берілгендігімен қатар, ақкөңілдігі, періштедей тазалығы, жақсылық жасауға құштарлығы секілді адами қасиеттерін тілге тиек етті. 

Облыстық «SARYARQA» телеарнасының белді қызметкері Әли Тойжігітов «Мені радиоға өзімнің еркімнен тыс жұмысқа қабылдап, жолымды ашқан Тілекең еді» дей келіп, сөзін былай қорытты: «Бәріңіз де ол кісінің жақсы жағын сөз етіп жатырсыздар. Мен де өзім білетін бір жайды айта кетейін. Тілекең іссапарға шыққанда бір досының үйіне барады. Әйелімен амандасып, үйге кіреді. Төрге озған соң «пәленше қайда?» деп досын сұрайды. Досының әйелі сәл кідіріп: «Ол бүгін келе алмайды…» депті. Тілекең біраздан кейін тағы сұрайды. Сонда барып әйелі: «Тілеш-ау, досыңның бақиға аттанғанына алты ай болған жоқ па? Өзің келіп, орнына дұға етіп едің ғой» депті…

«Е, бұл ұмытшақтық қой, сөз етуге тұра ма ол?» деушілер де табылып қалар. Әйтсе де, Тілеуқабылдың ұмытшақтығы бүкіл кіршіксіз таза жан-дүниесінің бір қыры болғандықтан әңгіме етіп отырмыз. Осы тазалық бүгінде іздесең табылмайтын өте сирек құбылысқа айналып барады. Әсіресе, шенділер мен шекпенділердің арасында. 

Жақсы қасиеттердің бастауы сол тазалық болып табылса керек. Бұрынғы Жезқазған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Давыдовтың орнынан босауына себепкер болған, Сәтбаев қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Мұзараф Аханов деген біртуар болмысты азамат бар. Бұл кісінің ерекшелігі – біріншіден, Кеңес заманында «ұлтшыл» ретінде айыпталғаны; екіншіден, қолының тазалығы. «Мансабымды бір рет теріс пайдалансам, ақты қара деп мені жұмыстан шығарған Давыдов сол күні түрмеге тығатын еді» дейді ақсақалдың өзі.

Тазалық батырлыққа ғана бастамайды, әулиелікке де жеткізеді. Атақты Лев Толстойдың «Сергий әкей» деген повесі бар. Сонда Сергий әкей нәпсісін тыю үшін өз саусағын өзі балтамен шауып тастайды. Сол әкей тазалығының арқасында емшіге айналып кетеді. Қазақ ауыз әдебиетінде де «пәленше молда шапанының етегімен желпіп жіберген бала жазылып кетті» деген сияқты хикаялар көп кездеседі. Ондай кісілер күні кешеге дейін болды ел ішінде. Мұндай қасиет біреудің ала жібін аттап көрмеген адамдардың ғана маңдайына бұйырары күмәнсіз.

Ырысбек Дәбейдің «Әкелеріміз айтатын әңгіме» және «Мөлтіл» атты шағын ғана екі әңгімелер жинағы соңғы уақыттағы қазақ әдебиетіндегі құбылыс деп танылғаны белгілі. «Әкелеріміздің…» ішінде «Үңгірдегі оқиғада» жауыннан үңгірді паналаған үш адам оның аузын дәу тас құлап жауып қалғанда, әрқайсысы қандай да бір өзгеге жасаған үш жақсылық ісін айтқанда тас үш рет жылжып, бостандыққа шыққаны хикая етіледі.

Риясыз жақсылық іс қайдан туады? Тағы да сол тақыс есепсіз, шынайы ниеттен, яғни, жанның тазалығынан туады. Басқаны былай қойғанда, жаныңның, қолыңның таза болуы адамның өзіне де пайдалы екен.

Ендеше, қай-қайсымыз болсақ та, 1938-1952 жылдары Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған, «ешкімнен пара алмадым – қолым таза, ешкімнің үстінен арыз жазбадым – арым таза, ешкімді жүзге, руға бөлмедім – жаным таза» деген Нұртас Оңдасынов секілді арымыздың, жанымыздың, қолымыздың тазалығына кепіл бола алсақ қой, шіркін! 

Сонда біз бүгін қайда болған болар едік…

Өмірзақ АҚЖІГІТ,
тәуелсіз журналист.

Басқа материалдар

Back to top button