Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде Абай ауданының елдімекендерінде көктем мезгіліндегі тазалық апталықтары мен айлықтарында өңір тұрғындары мен қоғам белсенділері, кәсіпорындар мен ұйымдар белсенділік танытып, қыруар іс тындырылған.
Аудан бойынша бұл шараға апта сайын 160 ұжым (1200 адам), 22 арнайы техника (6 жүктиегіш, 5 трактор, 11 «КамАЗ» автокөлігі) жұмылдырылып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына 4650,2 тонна күл-қоқыс тасып, апарылған. Бақтар мен гүлзарлардың 89637 шаршы метр аумағы тазартылып, 15 тарихи-мәдени ескерткіш жөнделіпті. Сондай-ақ, 6514 түп ағаш көшеті мен 77 тал шыбық отырғызылған екен.
Биыл жоғарыдағы полигондар басында тазалық пен реттілікті қамтамасыз ету үшін бюджеттен 109 миллион теңге бөлініп, рұқсат етілмеген жерлердегі 20 қоқыс үйіндісінің 15-і жойылса, Дубовка кентіндегі қалған бесеуін алдағы қыркүйек айында жою жоспарда.
Сонымен бірге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 ауылдың (Қарабас, Агрогородок, Северное, Қоянды, Тасзаимка) ұзындығы 13,2 шақырым жолын жөндеу қолға алынып, соның үшеуіндегі (Агрогородок, Қоянды, Тасзаимка) жұмыстар аяқталды да.
Және де аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің сырт көрінісін сәндеп, жақсарту мақсатында Абай қаласының Әлия Молдағұлова көшесіндегі 27 үйдің 25-інің шатыры жөнделіп, соның ішінде, жетеуінің қасбеттері боялған. Ал, Топар кентіндегі осындай 36 үйдің алтауының шатыры ауыстырылып, 25-інің қасбеті сырланып бітті.
Жалпы, бұл кезеңде жергілікті полиция қызметімен бірлескен түрде ескерту сипатында 31 хаттама толтырылған көрінеді.
Жаз айларында да бұл жұмыс жанданып, енді Абай қаласында көлемі 200 мың тонналық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жобасы жүзеге асырылмақ. Қазірде аумағы 10 гектар болатын жобалық-сметалық құны 821 миллион теңге бұл нысанның мердігері («Актив-А» ЖШС) анықталып, сол бойынша жасалған келісімшарт тіркелу сатысында.
Қоршаған ортаны қорғау шараларының жоспарына сәйкес тағы да 604 контейнер (Абай қаласында – 500, Топар кентінде – 104), 21 контейнер алаңдарын (Абай қаласы – 11,Топар кенті – 10) орнату жоспарланған болатын. Кешегі күнге дейін содан қала басында 120 контейнер қойылып, алаңдарды дайындау мен реттеу тамыз айында тәмамдалады.
Сөйтіп, Абай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы осылайша өріс алып, жыл аяғына дейін жалғасатын болып белгіленген. Соны түсіндіріп, кеңінен насихаттау жұмыстары мұнда 125 аккаунтта (63 жеке меншік, 31 ауылдық округ, 31 мемлекеттік ұйымдар) күн сайын жүргізілуде.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz