Руханият

Тату үйге тақсірет жуымайды

     Ел бірлігі өркендеген, гүлденген тұрмысқа жетелейді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде небір жақсы бастамалар туындап, өміршең екендігін көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты алаңсыз өмір сүрудің нақты кепілі десем, артық айтқандық емес. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мемлекетіміздің қоғамдық саяси тұрғыда дамуының рухани сара жолын көрсетіп берді.

Білім бұлағы – кітапта. Мен ұзақ жыл кітапханашы болып еңбек еттім. Сондықтан, орта буын, жас буын өкілдерін болсын білім бұлағынан сусындатудың, оның жарқын көкжиегін бағдарлай білудің мәнісі зор дер едім. Ал, енді қаншама ұлттың өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын өсіріп, ғұмыр кешіп жатыр. Шет елдегі аласапыран саясаттың сойқан көрінісін бақылап отырмыз. Жазықсыз сәбилер аштан қырылып, бейкүнә, бейбіт халық әуеден тасталған бомбалардың құрбаны болуда. Еске алудың өзі қорқынышты, бірақ, айтуға мәжбүр боламыз. Қалыптасқан жағдайларды салыстыра отырып, баяндаудың қажеттілігі осында, – дейді кітапхана ісінің ардагері Назира Ким.

Назира Каликовнаның туып-өскен жері Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданы. Ұлты украин, қазақ тілін жете меңгерген. Өткенге көз жіберсек, Назира Каликовнаның еңбек жолы да өмірден өз орнын табуға, білім алуға, қатарластарынан қалмауға ұмтылғанын байқаймыз. Жап-жас бойжеткен арман қуды. Арман алға жетелейді, орта мектепті өзінің туып-өскен колхозында аяқтады. Сөйтіп, 1977 жылы сол кездегі Жезқазған облысының Никольский (қазіргі Сатбаев) қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне түседі. Кітапханашы болу – мәртебелі мамандық. Оның үстіне қыз балаға жарасымды. Үздік оқыды, 1979 жылы аталған оқу орнын кітапханашы мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Кейде уақыттың өзі өмір соқпағын алдын ала шешіп қойған сияқты болып көрінеді. Дәл сол тұста көкше теңіз жағасынан Приозерный ауданы ашылып, әр саланың бесаспап мамандары қажет болып тұрған-тын. Назира да жас маман ретінде орталықтандырылған кітапхана жүиесінің іріктеп- жинақтау бөліміне орналасып, іске кірісті. Осы қызметті 1997 жылға дейін абыройлы атқарды. Уақыт бір орнында тұрмайды. Жезқазған облысы таратылып, Қарағанды облысына қосылды. Аудан аты Тоқырауын болып өзгергенімен ұзаққа созылмады, таратылды, Ақтоғай ауданына қосылды. Назира Каликовна әріптестерімен бірге Шашубай кентінің үлгілі кітапханасында кітапханашылық қызметін жалғастырды.

Назира Каликовнаның бай тәжірибесі жас кітапханашыларға айтарлықтай үлгі боларлық тәжірибе. Өзінің білімділігі, еңбекқорлығы арқасында көпшіліктің құрметіне бөленді. Замана жаңалықтарын тез игеруге, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға өте ынталы. Өзіне тапсырған шаруаны дер кезінде, әрі ұқыпты орындайды. Ұжымда өте қарапайым, кішпейіл, кеңес сұрағандарға көмегін аямайды. Оқырмандардың сый-құрметіне бөленді. Оқырмандар, кент тұрғындары «емші Назира, «бағбан Назира», «қолынан бал тамған Назира» деп құрмет тұтты дейді, – кітапхана жетекшісі Бибіжамал Қалиева.

Назира Каликовна былтыр зейнетке шықты. Алайда, қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Өзі еңбек еткен ұжымына келіп, бүгінгі заман тынысы жайлы ой бөліседі. Қоғамдағы ілгерілеу тұрғысындағы жетістіктерге пікірін қосады. Өмірлік жары Вячеслав Алексеевич Ким үлгілі отағасы. Ұлдары Игорь, Вадим өмірден өз орындарын тапқан, немересі Илиана ата, әжесінің қуанышы, көзайымы.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button