Тартысты сайыс – тарих пәнінен

          Еліміздің түпкір-түпкіріндегі болашақ тарихшылар Қарағандыға тоқайласты. Астана мен Алматыны айтпағанда, оңтүстік пен солтүстік, батыс пен шығыстағы жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінде оқитын студенттер осында білім сайысында бас қосты. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих факультетінің ұйымдастыруымен «Тарих» мамандығы бойынша Х Республикалық студенттер олимпиадасы өтті мұнда.
Барлығы 16 команда қатысты: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, Қожа Амет Ясcауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті, «Сырдария» университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, А.Мырзахметов атындағы Кокшетау университеті және Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ.
Аталған олимпиадада болашақ тарихшылар бес кезең бойынша тартысты. Ұлттық және әлем тарихы төңірегінде шарпысты да, қарпысты. І кезең – таныстыру; ІІ кезең – «Ұлы Дала тарихы: Қоғам. Тұлға. Тарих» деген тақырыпта ғылыми жоба қорғау; ІІІ кезең – Қазақстан және жалпы тарих бойынша 100 сұрақтан тұратын тест тапсырмасын орындау; ІV кезең – интеллектуалдық ойын (қазақ киносының атын табу; қасиетті жерлердегі тарихи ескерткіштерді дұрыс атау; қазақ ағартушыларының суреттері арқылы олардың оқу-білім туралы айтқан ой-пікірлерін сәйкестендіру). Атап айтқанда, V кезең – команда капитандарының жарысы. Олардың тақырыбы «ХV-ХХ ғғ. басындағы қазақ рухани мәдениетінің дамуына ақын-жыраулардың қосқан үлесі».
Екі күнгі жарыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Жас тұлпар» командасы иеленді. Екі бірдей ІІ орынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Яқсарт» және І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Жетісу» командасы теңдей бөлісті. Қазылардың шешімімен ІІІ орынға Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің «Ахмет ұрпақтары»; А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Шаңырақ» және Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының «Торғай ұландары» командалары лайық деп табылды. Бір ескеретіні, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ командасы конкурстан тыс қатысты.
Барлық қатысқан командаларға дипломдар мен сыйлықтар тапсырылды.
Қанат ӨСКЕМБАЕВ, тарих ғылымдарының кандидаты, қазылар алқасының мүшесі:
– Қатысушылар ерекше тарихи тақырыптарды таңдаған. Ғылыми жобалары жоғары деңгейде және үлкен дайындықпен келгендерін дәлелдеп шықты. Үздік жоба ретінде Павлодар Университетінің «Жас тұлпар» тобы танылды. «Баянның бәйтерегі – Шорман ұрпақтары» атты тақырып бойынша туған жерге қызмет қылу, өлкені дамытудағы қазақ байы Мұса Шормановтың қайраткерлігі өте оңды және озық шықты. Күрделі әрі тың тақырыпта көзге түскен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Скиф» тобы. «Көшпелілердің қамал алу және қабырға бұзу техникалары» тақырыбы арқылы қамал алу әдістерін, әскери технологияларды көрнекі құралдармен жеткізді. Қамал бұзғыш артиллерияның үлгілерін кұрастырып, реконструкциясын көрсетті. Технологияда болашағы бар ерекше тақырыптағы жоба ретінде екі команда көзге түсті. Алғашқысы Қостанай Мемлекеттік Педагогикалық Институтының «Ахмет ұрпақтары». «Ұлы дала тарихы» деп аталған алғаш рет «Android ОЖ» арқылы Қазақстан тарихын насихаттайтын ақпараттық-анықтамалық қосымша жасалғаны жайлы баяндап берді. Келесі топ Көкшетау университетінен келгендер «Киіз басу технологиясын дамыту» мәселесін көтерді. Олар киізді тиімді пайдаланудың жолдарын көрсетіп, оны күнделікті тұрмыста қолданудың арзандығын әрі пайдасын баса айтты. Көкшетау командасы шығармашылық ізденістерінің болашақта жалғасын табатынына да сендіре білді.
Олимпиада арасында басқа қалалардан келген қонақтарға Е.Бөкетов, тарих факультетінің «Археология және этнология» және Долинка кентіндегі қуғын-сүргін құрбандарына арналған Қарлаг мұражайларына экскурсия ұйымдастырылып, студенттер концерт қойды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.