Жаңалықтар

Тарпаң тағдыр

Арқадан шықты бүгін Алтын Адам,
Ай мен Күн айдарында жарқыраған.
Алдында төрт құбыла көзін жұмып,
Тізесі тексіздердің қалтыраған…

Бұл – Алаш жырының ақтаңгері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлының Михаил көкесі (Шаекин) 80 жасқа толғанда жазған жыр-шашуының бір шумағы. Қажырлы қайраткер, тұғырлы тұлғаның бүкіл бітім-болмысы осы бір жалқы шумақта кескінделген. Ақиқаты – сол!

Михаил Шаяғзамұлы – Алтын Адам! Көне дәуірдің қойнауында қалып, көмескілене бастаған Сақ бабаның салтын да, Ғұн бабаның ғұрпын да Михаил ағаның тарпаң тағдыр, бекзат болмысынан танисың.

Осыдан бес жыл бұрын сұхбаттасқанымызда:

– Тағдырыма ризамын! Бірдіекілі маңдайыма көлеңке түсіп, табанымнан ызғар өткен сәттер болды ғой. Балалық шақтағы тауқымет, қызмет бабындағы қайшылықтар… Осының барлығынан балаларымның анасы Күләндамның қазасы ауыр болды. Балалар ержетті, ел ісіне араласты. Ризамын! Күләндамның орнын басқан Рымкешімнің де адалдығына ризамын! Алайда, көңілде бір мұң бар. Алдым тазаланып қалды. Мәлік Имашұлы, Сұлтан Қапарұлы, Хамза Бижанұлы секілді ағаларға іні болып жүруші едім. Олар кеткелі алдым ашылып, көштің басы болып қалдым. Сол батады жаныма, – деген еді.

Мөлдір мұң, асыл жандарға деген аяулы сағыныш, келбетті кісілік, биік парасат, тегеурінді тектілік жатыр осы сөзінде. Жақында тағы жолықтым. Ұзақ әңгімелестік. Сол баяғы – өткір жанар, ширақ қимыл, сергек жады, толағай парасат, көркем мінез, кемел кісілік. Өзгермеген. Тек қана жанарын торлап алған мұңның еселеніп, қоюлана түскенін аңғардым. Күләнда шешеміздің орнын басып, балаларына аналық мейірімін төге білген аяулы Рымкеші де көшкен бұл жалғаннан. Төрде жалғыз отырғалы да төрт жылға жуықтап қалды. Сонда да, Серағам жырлағандай, «Тексіздердің тізесін қалтыратқан» қайраты мұқалмай, сесі семсердей жарқырап отыр. «Төрт құбыланың көзін жұмғызған» отты жанары наркескен намысының ұшқынынан жалын лаулатады.

Тағы да тәнті болдым! Әдемі қартаю да баға жетпес бақыт екен ғой…

Михаил Шаяғзамұлын әу баста тағдыры тастүйін етіп тәрбиелеп тастаған. Қайнауда шыныққан құрыштай берік болуы да, адалдықтан айнымай ғұмыр кешуі де – тарпаң тағдырының бүгінгі күні сыйға айналған сынағынан.

***

Келер жылы Қарқаралы өзінің қос ғасырлық мерейтойын атап өтеді. Алғашында патша өкіметінің әскери бекінісі болып салынған көне қала кейін Алашорданың Семейден кейінгі алтын бесігіне, Арқадағы өркениет ошағына айналды. Ғылымбілімнің ақ ордасындай болған көне шаһардың алғашқы мерейтойы осыдан 50 жыл бұрын – 1974 жылы тойланған екен. Михаил ағаның бастамасымен. 1965 жылы Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Михаил Шаяғзамұлы қасиетті Қарқаралының бір жарым ғасырлық мерейтойына бес жыл бойы дайындалды.

Елжандылығы еңселеніп, абыройы асқақтаған жылдар еді. Аудан орталығы Қарқаралының қала мәртебесін алғанына бір жарым ғасыр уақыт өтсе де, әлі күнге дейін бас жоспары болмапты. Ауданның белгілі бір кезеңді қамтитын даму бағдарламасы да жоқ. Бұған дейін науқаннан-науқанға шығып, әр саладағы ағымдық көрсеткіштерге арқа сүйеп келген екен. Михаил Шаяғзамұлы ұйымдастырудың ұтқыр қадамдарын ойластырды. Проблема тамырынан талданып, салдары анықталғанда ғана шешіледі. Бұл – 32 жасар жігерлі хатшының принципі.

Аудан шежіресіне үңілсеңіз Қарқаралыдағы маңызды деген нысанның дені Шаекин билігі тұсында жүзеге асырылғанына көз жеткізесіз. Аса маңызды 18 нысан бой көтерген екен. Телерадио хабарларын тарату станциясы салынып, Қарқаралы халқы телевизор көрді. Байланыс торабы жетілдіріліп, қала, аудан партия комитеттерінің әкімшілік ғимараттары бой көтерді. 500 орындық Мәдениет үйі, 300 орындық аурухана… Мәкеңнің қолтаңбасы қалған нысандарды тізбелей берсек, мақала көлемін шектен шығарып алармыз. Қаланың 150 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде бастама көтеріп, мәселені обком хатшысы В.Акулинцевтің алдына қойып жүрген де – Мәкең. «Той атымен тон тігіледі» демекші, әлгі қарқынды құрылыстардың дені осы мерейтой бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Әсіресе, Қарқаралы халқы Жарлы өзенінен тартылған су құбыры арқылы ауыз су мәселесінің өзектілігі күн тәртібінен түскенін аңыздай қылып айтып жүр. Енді қызықты қараңыз… Бес жыл бойы Қарқаралының 150 жылдығы деп ат болдырған бірінші хатшы Михаил Шаекин 1973 жылдың желтоқсанында қызмет ауыстырып, көрші Молодежный ауданына қоныс аударады. 1974 жылы Қарқаралының 150 жылдығы дүркіреп өтеді. «Дайын асқа – тік қасық» болып келген жаңа басшылық көрші аудандағы Михаил Шаяғзамұлын тойға шақыруға құлықсыз болады. Не деген сорақылық десеңші!

***

Михаил аға өз ғұмырында әділетсіздікпен бірнеше рет бетпе-бет келді. Мойыған жоқ. Студент шағында институттың театр үйірмесіне қатысып, бірнеше басты рольдерді сомдаған әуесқой әртіс өмірдің үлкен театр екенін жақсы білетін еді. Аяқтан шалып, жоғарыға «домалақ арыз» бұрқыратқан, тіпті, одақтық басылымдардың шовинист журналистерін жалдап алып, ақпараттық соққы жасаған пенделердің біреуіне де өкпелеген жоқ. Өз несібесі – өзінде, өз абыройы – өзінікі. Қызметтен төмендесе де, абыройын төмендеткен жоқ.

Кейін көрген көрешегінің бәрі әкесі Шаяғзам мен анасы Қалқажанның нақақтан «Халық жауы» атанып, «Итжеккенге» айдалған кезінде тартқан тауқыметінен артық емес еді.

Ол кезде Мәкеңнің әкесі Шаяғзам «Томар» колхозының төрағасы еді. 1937 жылы Шаекеңнің әкесі Абдулхайым молда өмірден озады. Арқаға аты мәлім абыз ақсақал дүниеден өтті деп, алыс-жақыннан ағылған ел Шәкеңе көңіл айтып келіп жатты. Қаралы үйге жер қайысар ел жиналды. Әкесінің жетісі, қырқы деген дәстүрлі шығындар батаға жиналған малмен жөнелтіліп жатты. Ардақты әкенің кіршіксіз ақыреті өзіне қара күйе болып жабысарын ол кезде Шаяғзам ақсақал сезген де жоқ.

Сол жылдың күзінде Қазан төңкерісінің 20 жылдығы Қарқаралы төңірегінде кең көлемде аталып өтті. Аламан бәйге, көкпар, аударыспақ… «Томар» колхозының айғырын бәйгеге қосты. Мәреге жақын қалған сәтінде аяғын інге тығып алған айғыр мертігіп, пышаққа ілінді. Оның етін Шаекең халыққа таратып беріп, батаға кенелді.

Алайда, Шаекең «Әкесінің қонақасына қыруар шығындалып, жиналған елді колхоздың малын сойып жөнелтті. Сондай-ақ, колхоздың айғырын жарысқа қосып, зорықтырып өлтірді. Сөйтіп, колхоздың жылқысын қасақана құлынсыз қалдырған» деген ауыр айып арқалады. Туған інісі Шайхан да әйгілі «58-ші статьямен» айыпталып, Қарағандыда атылды.

Ол аз десеңіз, отағасының артынан Қарағандыға іздеп барып, Сібірге айдалып кеткен Шаекеңнің орнын сипап қайтқан Қалқажан шешемізге де қара бұлт үйірілді. Күйеуіне жолыға алмай, күйінген ана қайтар жолда Қарқаралыдан Томарға жетіп қалу үшін көлік иесіне жолақысы үшін «екі бас шәй беремін» деп келісім жасайды. Сөйтіп, қонған үйінен жүгін алуға кіргені сол, соңынан бір сержант ере келіп: «Менімен бірге жүріңіз, жауапқа тартыласыз» демесі бар ма… Сөйтсе, мұның сыртынан «Халық жауының әйелі шәй сатып, сауда жасап жүр» деген ақпарат беріп жіберген екен. Қолма-қол жауапталып, леп-лезде үкімін де шығарып жібереді. «Саудагерлікпен айналысқан «халық жауының» әйелі 5 жылға кесілсін» деген үкім шықты. 1938 жылы 13 шілдеде Қарқаралыға шақырту алды. Екі баласын жетектеп келген ананы сол жерде тұтқындап, бес жасар Михаил мен екі жарым жасар Нұрмайыл шырылдап көшеде қалды. Баяғы Терехин деген орыс жендеті. Құлын дауысы шырқырап, «Апатай!» деген аңыраған Михаилды итеріп жіберіп, анасының омырауына тұмсығын тығып алып, алаңсыз еміп жатқан Нұрмайылды жұлып алып, жендет жендеттігін жасады. Әке – 10 жылға, шеше – 5 жылға айдалды. Міне, болашақ қайраткер тұлғаның тағдыры осылайша тауқыметпен басталған еді.

Уақыт өтіп жатты. Михаил атқа мінген. Абыройы артып, Қарқаралы ауданының бірінші хатшысы болды. Сол күндердің бірінде баяғы жендет Терехин жолықты Қалқажан шешемізге.

– Дүниенің төрт құбыласы қолыңда тұрғандай өктемдік жасап едің. Сонда сен шырылдатып көшеде қалдырып кеткен Мекежаным міне ел басқарып отыр. Бізді темір тордың арғы жағында мәңгілік қалатын көріп едің… Біздің де күніміз туды, Терехин мырза, – деді кекпен емес, кекесінмен. Терехин телміріп, қос жанары жер шұқыды…

Михаил ағадан кезінде жасаған қиянаты мен пендешілігі үшін кешірім сұрағандар аз болған жоқ. Соның бірі Қарағанды облысын біршама жыл басқарған дөкейдің өзі В.Акулинцев екен.

…«Орталық Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 24 наурыздағы санына белгілі ғалым Амангелді Құдабаевтың «Ебекең туралы үзік сырлар» атты естелігі жарияланған. Академик Ебіней Бөкетов туралы сол үзік сырлардың бірі «Бірде Ебіней Арыстанұлы Мәскеуде Қарағанды обкомының бұрынғы бірінші хатшысы Акулинцевпен кездескенін әңгімелеген болатын. Акулинцев Қарағандыны сағынатынын, онда тамаша ұйымдастырушы қазақ азаматтары бар екендігін айтып, кейбіреулеріне тіреу бола алмағанына өкініш білдірген екен. Әсіресе, Қарқаралы аупарткомының бірінші хатшысы Михаил Шаекинді қорғап қала алмағанын ерекше атап, «Онымен кездессеңіз, менің атымнан кешірім сұраңызшы. Кешірсін!» деп, Ебекеңе аманат еткен екен» деп сыр шертеді.

Міне, Михаил ағаның сабырын сақтап, төзімін төрге оздырып жүрген өмірдің заңы ғой – бұл. Дүние – кезек.

– Тірнек мені өмір бойы сүріндірмей, тек алға жетелегені шындық. Бір құласам, қатарымнан қалып қоярымды ұғынған шамада мен жығылмауға тырыстым. Аталар салған сара жолды әкем абыроймен жалғаса, саяси қуғынға ұшырап, бір аяғын Сібір даласында қалдырып, елге 10 жылдан кейін оралған әкемнің аяулы арманын өз ұрпағыма аманаттау менің пешенеме жазылған қастерлі міндет еді. Сондықтан, алағай да, бұлағай уақыт сартабынан мұқалмай өту міндетін мойныма жүктедім де, бар күшімді сарп ете алға ұмтылдым, – дейді торқалы 90 жастың биігіне қадам басқан қажырлы қайраткер. Бекзат болмыс иесінің тарпаң мінез, тегеурінді тектілігі осы сөзінде тұрған жоқ па?!

Серік бауыры жырлағандай, Алтын Адам ғой – Михаил аға. Ал, алтынды тот баспайды!

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button