Жаңалықтар

Тарлан ұлдың тартуы

    Кеше орта салмақта өнер көрсететін кәсіпқой боксшы, бірнеше тұжырым бойынша әлем чемпионы, жерлесіміз Геннадий ГОЛОВКИН тарту еткен «Жұлдызай» атты балалар ойын алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Майқұдықтың 14 шағын ауданындағы 11 үйдің ауласындағы шараға Октябрь ауданының әкімі Әлімжан ҚАНАЕВ пен қалалық мәслихаттың депутаты Данияр ИСАЕВ қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін кәсіпқой бокста жеңіліс көрмеген жерлесіміздің атындағы спорт кешені ашылған болатын. Шараға даңқты боксшымыз арнайы келді. Облыс әкімі Ерлан Қошанов «Қарағанды қабыланына» Елбасының жаңа бастамасы жайлы айтқан еді. Ол – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы. Яғни, кәсіпкерлерді, табысты азаматтарды өздерінің кіндік қаны тамған жерлеріне қамқорлық көрсетуге шақыру бастамасы. Көптеген бизнесмендердің бұл бастаманы қолдап жатқанын естіген Алаш ардақтысы қуана ат салысатынын жеткізген еді. Енді, міне, араға бір апта салып, Геннадий Головкиннің жеке қаржысы есебінен жаңа ойын алаңы бой көтерді. Қазіргі күні Октябрь ауданында «Туған жер» бағдарламасы аясында «Бар жақсылық – балаларға!» аттIMG_3294ы акция өтуде. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, мұхит асып кеткен жерлесіміздің туған жеріне ат басын тіреуі – қарағандылықтар үшін осындай қос қуанышқа айналды.

Ең алдымен барша тұрғындарымызды жерлесіміз Геннадий Головкин сыйлаған мерекелі көңіл-күймен құттықтағым келеді. Расымен де, даңқты боксшымыз әлемдік рингте ғана зор жетістіктерге қол жеткізіп қоймай, бізге де үлкен үлгі көрсетуде. Бұл – Отанымызға, туған жерімізге, өскен ортамызға деген сыйластық, ізгілік пейілі. Ол Елбасы бастамасын барынша қолдап, бүлдіршіндерімізге бес сырғанау төбешігінен тұратын ойын алаңын тарту етті. Бүгінгі күні былғары қолғап шеберінің бастамасын 10 кәсіпкер қолдап үлгерді. Олар – осы Октябрь ауданының табысты азаматтары. Нәтижесінде, мұндай ойын алаңдары тағы да Майқұдықта, Пришахтинскіде, Сұрыптау станциясында орнатылатын болады. Жуырда ғана бес кешенді орнатып біттік. Сондықтан, Елбасының бұл бастамасы әлеуметтің әлеуетіне бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында әрі қарай жалғасын табатын болады. Ал, тұрғындарға айтарым, осындай келісті ойын алаңының сақталуына жауапкершілікпен қараңыздар. Ауланың өзге де абаттандыру мәселесі келесі жылға жоспарланып отыр, – деді Әлімжан Қанаев.

Күрзі жұдырықты боксшымыздың бойындағы еліне деген сүйіспеншілігі кімді де болсын қуантпай қоймас. Дәл солай. Тұрғындарға мұндай тың серпін берген игі бастамаға қалалық мәслихаттың өкілі де өз құттықтауын ала келді.

Аудан әкімі айтып өткендей, Геннадий Головкин шебер боксшы ғана емес, сонымен қатар, ол – Отанына қол ұшын созған мәрт меценат. Туып-өскен ауласына, аула тұрғындарына қамқорлық танытып келеді. Атын атап, түсін түстеп, өзгеге үлгі етер азаматтарымыздың бар екені қуантады. Әр аулада осындай игі бастамаларды қолға алатын боламыз деп сенемін, – деді Данияр Исаев.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button