Руханият

Тарихы шежірелі шырайлы шаңырақ

Бүгінде бүкіл республика көлеміндегі байырғы оқу орнының бірі – Қарқаралы зооветеринарлық техникумы, қазіргі Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжі 90 жылдық тарихын артқа тастап, мерейлі мерекесін атап өту қарсаңында тұр.

Қарқаралы зооветеринарлық техникумының тарихы Қарқаралы өңірінің өткенімен біте қайнасқан. Ұлан-ғайыр қазақ даласының кіндігі Сарыарқаның інжу-маржаны, алтын тәжі, қасиетті Қарқаралы – ел ерекше қадірлейтін киелі жер. Тарихымыздың қадау-қадау оқиғалары өткен, халқымыздың ұлы перзенттерін дүниеге келтіріп, олардың ерлігі мен ғажайып таланттарының ашылуына куә болған мекен.

Қарқаралы – ешбір қалаға ұқсамайтын, өзіндік кескін-келбеті, сәулеттік ерекшелігі, бай тарихы бар шырайлы шаһар. Тарихқа көз жүгіртсек, даңқы сан қиырға тараған 200 жылдық тарихы бар Қарқаралы – Арқада негізі қаланған тұңғыш қала. Сол кезеңде өңірдің ірі сауда орталығына айналған Қарқаралы барлық тұрғыдан қарқынды дамыды. Ауыл шаруашылығы өркендеп, білікті мамандар қажеттілігі туындады.

Сөйтіп, маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатымен Қарқаралыда 1931 жылы 7-қаңтарда Жер-Су Халық комиссарының бұйрығымен бір жылдық мал өсірушілер мектебі негізінде ауылға мамандар даярлайтын Қар­қаралы мал дәрігерлік-зоотех­никалық техникумы ашылды.

Білім ордасы алғашқы қадамын бір қабатты үйде, төрт оқу бөлмесінде 40 маман даярлаудан бастады. Сол кезде техникумда 8 оқытушы білім берсе, олардың екеуінде ғана жоғары білім бар еді. Оқу орнының алғашқы директоры Б.Қорабаевтың басқаруымен 1936 жылы техникум 10 мал дәрігерін, ал келесі 1937 жылы 10 зоотехник даярлап шығарды. Жас мамандар Қарқаралы, Қу, Ақтоғай, Нұра, Жаңаарқа, Шет, Ұлытау өңірлеріне жолдамамен жіберілді. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы орта буын мамандарының алғашқы легі еді.

Техникумның құрылған күнінен бастап-ақ оның қабырғасында еңбек еткен ұстаздар туралы айтайық. Олардың қатарында ұлты поляк Богдан Ильич пен Генрих Ильич Ясинецкийлер бар. 1930 жылы ағайындыларды Қарқаралы өңіріне жер аудартып жіберген. Өте білімді, мәдениетті, зиялы адамдар. Богдан Ильич агроном болған әрі техникумда ботаника, азық өндіру пәндерінен сабақ берген. Қарқаралының табиғатын мұқият зерттеп, осы жерді мекендейтін аң-құсты, өсетін өсімдікті тізімдеп шыққан. Техникум оқушыларын өзімен бірге табиғат аясына саяхатқа шығаратын, біліп-көргенін үйретіп, өз жұмысын сондай жақсы көретін нағыз маман еді.

Қарқаралы зооветтехникумы 1935 жылы Б.Ясинецкийді оқу мәселелері бойынша Егіншілік халық комиссариатына Мәскеуге іссапарға жіберді. Онда ол астық шаруашылығын жүргізу тәжірибесімен танысып, оралғаннан кейін оны қазақ даласына енгізе білді. 1937 жылы Кеңес өкіметіне тіл тигізгені үшін 10 жылға сотталып, Сібірге айдалып кетеді. Бұл мерзімді толық өткеріп, Қарқаралыға қайтып келгеннен кейін зооветтехникумге орналасып, талай жыл ұстаздық қызметпен айналысады.

Богдан Ильичтің інісі Генрих Ильич те өз ісінің майталманы. Техникумда орыс тілі мен әдебиетінен, құс өсіру, ара шаруашылығынан сабақ берген. Сабақтарды сапалы, ынта-жігермен жүргізді. Оның сабағы кезінде уақыт байқалмай өтетін. Егер бір оқушы тақырыпты жақсы білмесе, қатты өкінетін. Оқушыларды үйіне шақырып, қорасына апарып, өзі өсіріп жүрген құстардың түрімен, тұқымымен, жем беретін астауларымен, түнейтін, қонақтайтын орындарымен таныстырып, құс шаруашылығынан осылай сабақ беретін. Ара шаруашылығынан Генрих Ильич өте көп білетін. Бірде Украинадағы досынан бал алдыртып, ара өсіру сабағының үстінде шәкірттеріне бір шай қасықтан бал жегізіп, дәмін татқызған сондай мейірімді адам еді.

Осы ағайынды Ясинецкийлер техникум тарихында үлкен із қалдырды. Өз мамандықтарының қыр-сырын шәкірттеріне ықыласпен үйретіп, мол тәжірибелерін беріп үлгерген.

Техникумда алғашқы жылдары сабақ берген басқа мұғалімдер туралы сөз өрбітсек. Әубәкір Омаров ауыл шаруашылығын механизациялау пәндерінен сабақ берді. Өз пәнін өте жетік білген мұғалім комбайн, трактордың құрамын, бөлшектерін тәптіштеп айтып, схема суреттеріне қарап көрсетіп талдағанда оқушыларын таң қалдыратын. Тағы бір мұғалім Жағыпар Сыздықов қазақ тілі мен әдебиетінен, физикадан сабақ берді.

Айтпай кетуге болмайтын тағы бір ұстаз – Гарри Эдуардович Шелле. Ол сүт өнімдерін өндіру технологиясы, жылқы шаруашылығы, үй қоянын өсіру пәндерін үйреткен. Өте білімді, әр саладан хабары бар, жетілген мұғалім еді. Ұстаздар ұжымының тағы бір өкілі – Эдуард Эдуардович Оденбах. Химия пәнінен сабақ беретін. Одан тәлім алған талай оқушылар кейіннен үлкен ғалымдар болып шықты.

Ұлттық сана-сезімі жоғары, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, адамгершілік, имандылық қасиеттері қалыптасқан мамандарды тәрбиелеуде, білім беруде, тынымсыз ізденіспен өскелең ұрпақтың санасына білімнің нәрін сеуіп, олардың, біріншіден, білікті маман, екіншіден, іскер адам, үшіншіден, биік тұлға болып шығуларына зор үлес қосқан жоғарыда аталған ұстаздар.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы білікті, бастамашыл мамандарға аса мұқтаж болды. Республикаға Ресей университеттерінің ондаған түлектері жіберілді; жоғары және орта арнайы оқу орындары ашылды. 1937 жылы Қарқаралы зооветеринарлық техникумының директоры болып Ленинград ауылшаруашылық институтының түлегі Виктор Петрович Максимов тағайындалып, ұжымның қалыптасуы мен оқу ісінің дұрыс жолға қойылуына зор үлес қосты. Ол осы лауазымда 1942 жылы майданға аттанғанға дейін жұмыс істеді.

Отан үшін қиын уақытта, Ұлы Отан соғысы жылдарында техникумның көптеген оқытушылары мен оқушылары ерікті түрде майданға аттанып, тылда жұмыс істеді. Ауыр соғыс жылдарына қарамастан, техникум өзінің оқу қызметін жалғастырды. Сол жылдары техникумды тәмамдаған мамандар елдің аяққа тұруына көп еңбектерін сіңірді. 1950-1960 жылдар аралығында техникумның оқу-шаруашылық базасы нығайтылып, оқытушылық қызметке кәсіби шеберліктері жоғары, тәжірибелі де білікті мамандар келе бастады. 1959 жылдың өзінде Орталық Қазақстанның совхоздары мен колхоздарына 62 маманға орта арнаулы білім беріп шығарса, кейінгі жылдары күндізгі және сырттай бөлімде білім алып шыққандардың саны 204 түлекке жетті.

1963 жыл техникум өмірінде ерекше жыл болды, өйткені дәл осы жылы партия Орталық комитеті мен Қазақстан Министрлер Кеңесінің шешімімен Қарқаралы зооветеринарлық техникумы ірі арнаулы орта оқу орындарының біріне айналды. Техникумның материалдық-техникалық жағдайын нығайту мәселесі туындады. Бұл істі сол кездегі Қарқаралы аудандық халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы Мыңжасар Әдекенов өз қолына алды. 1964 жылы М.Әдекенов Алматы қаласына арнайы сапар шегіп, республиканың Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаевтың қабылдауында болып, Қарқаралы зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумының жаңа ғимаратын салуға қажетті қаражат бөлу мәселесін шешіп қайтты. 1966 жылы техникумның жаңа ғимараты салынып, іске қосылды.

Ағайынды Ясинецкийлер, Г.Шелле, Э.Оденбах сияқты ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие көрген Мыңжасар Әдекенов Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Қарқаралы, Шет, Нұра аудандары сияқты ірі мал шаруашылығы аймақтарында жұмыс істеп, алған білімдерін тәжірибе жүзінде және өндірісте мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы саласында қолдана білді. Партия және кеңес органдарында қызметте жүріп Мыңжасар Әдекенұлы өндірістік еңбегін ғылыммен ұштастыра білді. Осы кезде диссертациясын сәтті қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды.

Мыңжасар Әдекенұлы партиялық, шаруашылық қызметте, ғылым саласымен айналысып жүріп, техникумнан қол үзген жоқ. Қарқаралы зооветтехникумында дәріс оқып, еліміздегі шежірелі тарихы бар оқу орнының оқу-әдістемелік дамуына үлкен үлес қосты. Ол шаруашылықтардың тұрақты дамуын, берік жемшөп базасын құруды, өнімді өңдеуді, ең бастысы, кадрлар даярлауды назардан тыс қалдырмады. Мыңжасар Әдекенұлы ауыл шаруашылығының нақты саласы үшін жас мамандарды іріктеуге және даярлауға көп септігін тигізді. Білікті мамандарды даярлау тұрғысынан ол бірнеше жыл қатарынан Қарқаралы зооветеринарлық техникумында мемлекеттік емтихан қабылдау жөніндегі комиссияны басқарды. Оқу орнының оқу-әдістемелік дамуына белсенді қатысты. Колледжге Мыңжасар Әдекенұлы есімінің берілуі де оның осы білім ордасының дамуына, жалпы еліміздің білім беру және ауылшаруашылық өндірісі салаларына сіңірген зор еңбегіне берілген лайықты бағасы деп білемін.

70-80 жылдары техникум ұжымы ауыл жастарын оқуға бейімдеуге, студенттерді ауыл шаруашылығы өндірісіне дайындауға үлкен еңбек сіңірді. Осы жылдары Қарқаралы зооветеринарлық техникумының материалдық-оқыту базасы нығайтылды, педагогикалық ұжымы жоғары санатты ұстаздармен толықты. Техникум мамандары және ұстаздары өңіріміздің бірқатар шаруашылықтарында малдарды селекциялаудағы және емдеудегі озық әдістерді қолдануға атсалысты. Қарқаралы зооветеринарлық техникумының негізінде бірнеше жыл қатарынан ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Оларда қабылданған шешімдер ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізіліп, оң нәтижесін берді.

Колледж құрылғаннан бері ауыл шаруашылығының 15 мыңнан астам орта буын кадрлары даярланды. Олар – зоотехниктер, ветеринарлар, құс өсірушілер, бухгалтерлер, технологтар, механизаторлар, фермерлік шаруашылықты ұйымдастырушылар, ауыл шаруашылығы саласының менеджерлері, орман шаруашылығының мамандары. Олар тек аудан, облыс көлемінде ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерлерде де танымал.

Қазіргі уақытта Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжінде 10 мамандық (ветеринария, зоотехния, агрономия, көлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, дәнекерлеу ісі, туризм, тамақтандыруды ұйымдастыру) бойынша білім беріледі. Колледж бүгінде Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты С.Оспановтың басқаруымен оқытудың жоғары нәтижелерін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар оқушылардың оқу және аудиториядан тыс қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауда. Колледжде озық оқыту технологияларын енгізу және пайдалану бойынша тынымсыз жұмыс істейтін шығармашылық, бастамашыл, жұмысқа қабілетті ұжым еңбек етуде.

Тәжірибелік пен кәсіптілік, батылдық пен ізденімпаздық – әрбір оқытушының ұстанымы. Білім берудің қазіргі замандағы басты мақсаты – білім негізін беріп, білік пен дағдыны қалыптастырып, болашақ мамандық иесі болуға машықтандыру ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғаны дербес, әлеуметтік, кәсіби шешімдер қабылдап, оны жүзеге асыра білуге даярлау болып табылады. Яғни, бүгінгі оқушы бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, өз отанына қызмет етуге даяр маман болып шығуы тиіс.

Егемен Қазақстанның экономикасы қарқынды дамуда. Біздің республикамызға білімді, іскер және өз ісін сүйетін мамандар қажет. Осыған байланысты арнаулы орта оқу орындарына іскерлік қасиеттері, теориялық және практикалық дағдылары бар мамандарды даярлауда үлкен жауапкершілік жүктеледі. Осындай оқу орындарының бірі болып табылатын М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжі – өзіндік терең тарихы, бағыт-бағдары бар, тағылымы мол білім шаңырағы.

Талайлардың бағын ашып, болашақтарының баспалдағын салып берген бұл білім ордасын біз мақтан етеміз. Ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандарын дайындайтын қара шаңырақ терең де тағылымды тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырды. Биыл 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжі өзінің дәстүрлерін сақтай отырып, уақытпен бірге қадам басып, болашаққа сеніммен қарайды.

Болатбай СЕРІКБАЕВ,

білім беру, ауыл шаруашылығы салаларының ардагері,

1976-1993 жылдардағы Қарқаралы зооветеринарлық техникумының директоры.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

СУРЕТТЕРДЕ:

1. Мыңжасар ӘДЕКЕНОВ пен Богдан ЯСИНЕЦКИЙ, Қарқаралы қаласы, 1964 жыл.

2. Б.СЕРІКБАЕВ басқарған Қарқаралы зооветеринарлық техникум ұжымының педагогикалық кеңесі, 1981 жыл.

3. Ауыл шаруашылық малдарының анатомиясы сабағы.

Басқа материалдар

Back to top button