Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру мәселесін қозғады. Мұның өзіндік түпкі себебі де бар. «Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады.Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеліп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет», – деді.
Президент пәрмені
Президент халық үшін маңызды деген инфрақұрылымның тозығы жеткендігін, бұл салаларға жаңғырту, жаңарту жұмыстарын жүргізу керектігін нақты айтып өтті. Шын мәнісінде, тарифті күшпен ұстап отыру, су құбырларының ескіруіне әкелді. Ал, ескірген желілер мен құрал-жабдықтарды жаңасына ауыстыру арқылы апаттардың алдын алу «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатына алып келді. Қарағанды қаласының аумағы мен көршілес елдімекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз етіп, кәріз жүйелерін ретке келтіріп отырған «Қарағанды Су» ЖШС-гі аталмыш саясатты жүзеге асыруда қандай жұмыстар атқарып жатыр? Халыққа сапалы қызмет көрсетіліп отыр ма? Тариф көңілге қонымды ма?
Алғаш іргетасы 1958 жылы қаланған мекеменің жұмысы қашан да қауырт. Павлодар арқылы өтетін Ертіс өзенінің Қ.Сәтбаев каналынан келетін 400 шақырымдық су құбыры бүгінде Қарағанды қаласы мен жақын маңдағы елдімекендерді сумен қамтамасыз етеді. Каналдан ашық жолмен алынған өзен суы алдымен қаланың кіре берісінде орналасқан су сүзгіш станциясына келеді. Сол жерден химиялық элементтер қосып, технологиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, таза ауыз су деңгейіне дейін тазартылады. Одан әрі 100 су сорғыш станциясы тұтынушыларды таза сумен қамтамасыз етеді. Күрделі өңдеу процесінен тұратын жұмыс «Қарағанды Су» компаниясында жұмыс істейтін еңбек адамдарының үлесінде. Суды тұтынушыға жеткізуден бөлек, орын алатын апаттың салдарынан келеңсіз жайттар да болып жатады.
Кәсіпорында 1200 шақырым су құбыры, 800 шақырым кәріз жүйесі бар. Су құбырының 60%-ы, кәріз жүйесінің 80%-ы тозып тұр. Бұл апатты жағдайлардың жиі орын алуына алып келеді. Салдары халыққа сапалы қызмет көрсету жағдайы төмендеуіне соғары анық. Алайда, Президент Жолдауындағы айтылған «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын тиімді іске асырған кәсіпорын басшылығы бүгінде жоғарыда көрсетілген пайыздық көрсеткіштің төмендеуіне елеулі үлес қосты.
– Президент тапсырған бағдарлама аясында халық үшін маңызды деген инфрақұрылымдарды жаңартуда ауқымды жұмыс жүзеге асты. Соның бірі – желілік құбырларды жаңарту. 2024 жылы 40 шақырым құбыр 6 млрд 500 млн теңгеге жөнделді. Бұл – зор көрсеткіш. Яғни, 20 шақырым ауыз су құбыры, 20 шақырым кәріз жүйесі толығымен ауыстырылды. Биыл да осындай жоспарлы жұмысты жүзеге асырамыз. Жалпы бағдарламада негізгі басымдық, тариф саясатын жүргізе отырып, құбырларды жаңарту, құрылғыларды жаңғыртуға берілген. Бұл саясатты жүзеге асыруда біз жұмыстарды жүйелі жүргізуді қолға алдық. Бағдарламада тозу процесін жыл сайын 2%-ға төмендету көзделген. Біз бұны да жүзеге асырамыз, – дейді «Қарағанды Су» ЖШС бас директоры Ербол Төлеуов.
Цифрландыру – уақыт талабы
Сондай-ақ, аталмыш компанияда цифрландыру бағыты жолға қойылған. Ашық, сапалы қызмет көрсетуді мақсат тұтқан мекеме бәсекеге қабілетті десе де болады. Мұнда жұмыс жүйесі автоматтандырылған. 400 шақырымдық каналдан қабылдап алынған су сүзгі станциясынан бастап, үйлерге жеткізетін шекарасына дейін санау құрылғылары қойылған. SCADA системасы арқылы орталықтандырылған диспетчерлік орталықтың компьютеріне барлық мәліметтер автоматты түрде түсіп отырады. Нақтырақ айтқанда, каналдан шығатын диаметрі 800 мм-1200 мм құбыр арқылы өтетін судың қысымы мен ағысы электронды қондырғыларға түседі. Егер осы аралықта қандай да бір апат болса, автоматты түрде сигнал түсіп, ақау шыққан құбырдың жұмысы тоқтатылады. Бұл цифрлық қондырғылар уақыт пен суды үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Яғни, апат дер уақытында жойылады.
Сонымен қатар, кәсіпорын басшысы цифрландыру уақыт талабы екендігін де баса айтты.
– Цифрландыру материалдық-техникалық және жұмыс күшін үнемдеуге мүмкіндік. Мекемеде 300-ге жуық арнайы техника бар. Әр техниканың еш кедергісіз жұмыс істеуі үшін GPS құрылғысын қойдық. Бұл арқылы әр техника өз маршруты арқылы жүреді. Жанар-жағармайды үнемдеу мақсатында санау құрылғысы қойылды. Яғни, GPS арқылы бекітілген маршрутқа қанша жанармай кететіні автоматты түрде есептеледі. Осы арқылы былтырғы жылы 120 мың тонна жанармай үнемделді. Бұл 30 млн теңге көлемінде қаражатты құрады, – дейді ол.
Сонымен бірге, құбырлар желісі өтетін, әрі қызмет көрсететін қаланың Сұрыптау, Михайловка, Пришахтинск бөлігінде, Ақтас кенті мен Теміртау қаласында өздерінің сумен қамтамасыз ететін, кәріз жүйесін қалпына келтіретін жеке бригадалары бар. 13 учаскеде 1700 адам жұмыс істейді.
Жиналған кәріз суын 13 станция қабылдап, сүзіп, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін Соқыр өзеніне ағызып жібереді. Тазарту деңгейі өте жоғары.
Жаңа бағдарлама – жаңа мүмкіндік
Өңірде жасыл аймақты дамыту мен экологиялық апаттың алдын алу мақсатында ауқымды жоба жүзеге аспақ. Нақтырақ айтқанда, кәріз су тазарту станциясын салу құрылысына Еуразиялық даму банкі арқылы «Қарағанды Суға» қомақты көлемде қаражат бөлді. 15 жылға 12-15% несие беріледі. Оған мемлекет өзі кепіл болады. Техникалық-экономикалық негіздеме бойынша жоба құны 55 млрд теңгені құрайды. Өндірістік күші – тәулігіне 160 мың текше метр. Қаланың бас жоспарына сай қала халқының өсуіне, құрылыс нысандары мен өндіріс орындарының көбеюіне байланысты жүзеге асып отырған жоба. Жоба құрылысы кешенді, бірнеше жылды қамтиды. Жобаның тиімділігі – берілген несиенің негізгі қарызын мемлекет жауып, пайызы облыстық бюджет пен тариф арқылы жабылуында.
Жалпы, 13 су қабылдау станциясы 160-180 мың текше метр су қабылдайды. Су қабылдайтын үлкен 3 блок бар. Әрқайсысы 230 мың текше метр су қабылдауға арналған. Су қабылдайтын 3 блок 1,5 млн халыққа арнап салынған, тәулігіне 680 мың текше метр су қабылдайды.
Жаңғыру кепілі
Тариф 1 ақпаннан бастап, орташа 20%-ға көтерілді. Яғни, «Тарифті инвестицияға айырбастау» мақсатында жүзеге асты. Суды пайдаланатын 4 топ бар – көп суды қолданатын «Теплотранзит», «Энергоцентр», «Оқжетпес-Т» ЖШС-гі, бюджеттік мекемелер мен халыққа жеткізілетін суға тариф басқаша болады.
Бүгінде, тұрғындар үшін 1 текше метр судың бағасы – 180,07 теңге. 1 текше метрде 1000 литр су бар. Су таситын арнайы автокөліктің сыйымдылығы – 1000 литр. Ал, дүкендегі 1 литр судың бағасы 320-460 теңге көлемінде. Әрі қарай есептей беріңіз. Судың қадірін білмейді екенбіз. Жоғарыда көрсетілген – 180,07 теңге. 400 шақырым каналдан алынып, үйге дейін таза ауыз су деңгейіне дейін тазартылып, жеткізілген судың бағасы. Бұл қаражаттың ішінде электр энергиясына кететін қаражат тағы бар. Сонда біз суды «сутегін» ішіп жатырмыз ба? Солай болғаны да…
Тариф саясаты реформасы судың қадірін түсіндіре ала ма? Оны уақыттың еншісіне қалдырған жөн. Бірақ, аталмыш реформа қызмет көрсетудің тиімділігі, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын көтерері анық.
Сағыныш Әбіл
Суреттер «Қарағанды Су» ЖШС-нің сайтынан