Тар жолдан өткен тағылым
Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Тарих.Тұлға.Тағдыр» жобасы аясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған «Менің Сәкенім» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға тарихшылар, филологтар, Қарағанды медициналық университетінің «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесінің және Қазіргі заманғы көпсалалы колледждің студенттері, Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның, №97 гимназияның мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Дөңгелек үстелдің модераторы №97 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерзат Ермағамбетов болды.
Іс-шара барысында профессор Сәбит Қонтаев, тарих ғылымдарының кандидаты, Қарағанды техникалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Сәуле Қасымова, филология ғылымдарының кандидаты, Қарағанды техникалық университетінің қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының доценті Қарлығаш Хамзина, Қарағанды медицина университетінің «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының» ассистент-профессоры Кәмшат Абдрахманова қазақ зиялысының өнегелі өмірі мен қажырлы қызметі туралы баяндады.
Сондай- ақ, Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесінің студенттері Диана Әуезханова, Ералы Айтбек «Ерке сылқым» күйін орындаса, Балкүміс Серкебаева Ж.Бектұровтың «Сәкенге» өлеңін және С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Сабина Алмасбек Сәкеннің «Інішегіме» өлеңін жатқа оқыды.
Оқырмандар назарына «Менің Сәкенім» атты кітап көрмесіне қойылған жазушы Ж.Бектұровтың Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығына арналған баспасөз беттеріне шыққан мақалалары ұсынылды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz