Басты тақырыпРуханият

Таным көкжиегі – тарихтан

     Жуырда Қарағанды қаласының білім бөлімі мен М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия бірлесіп аталмыш оқу орнында «Азаттықтың ақ таңы» атты қалалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өткізді. Іс-шара барысында аталмыш мектептің ішінен «Алаштану» кабинеті ашылды. Тұсаукесер рәсіміне «Тұлғатану» ғылыми орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚарМУ-дың білікті ұстазы, доцент Нұрсахан АХМЕТҚЫЗЫ қатысты. Мектеп директоры Жангелді САҒЫНТАЙҰЛЫ бастаған ұлағатты ұстаздар қауымы зияткер шәкірттеріне ұлт руханияты тұрғысынан ұмытылмас дәріс оқитын бұл дәрісхананың орны келешек жастар үшін ерекше.

    Гимназия ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шараларды жыл басынан бастап қаузап келе жатыр. Бұған дейін дәстүрлі аймақтық «Мағжан тағылымы-4» ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілген болатын. Іс-шараға қатысушы Қарағанды қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Раиса Әміртайқызы пленарлық мәжілісте сөз сөйлеп, жиын барысында «Алаштану» кабинетін ашты. Конференцияда № 4 жалпы білім беретін мектеп-интернатының ұстазы Елена Зубочкина «Халел Досмұхамедовтың феномені» атты баяндамасымен, «Ұлы Даланың «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасы» атты баяндамасымен Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың жанынан құрылған «Тұлғатану» ғылыми орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Ахметқызы сөз сөйлеп, мектеп тарихына қатысты, бірлесе атқарылып жатқан тың жобалар жайын тілге тиек етті. Мәселен, биылғы оқу жылында гимназияның даму стратегиясына сәйкес «100 кітап» жобасы, «Заманауи бастауыш мектеп» жобасы жалғасын табуда. Сонымен қатар, үштілділікке қатысты орыс тілі кафедрасы мұғалімдері 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын Олжас Сү­лейменовке арнап «Түркі әлемі» залын ашпақ. Математика пәні мұғалімдері ғалым Әлімхан Ермеков атындағы кабинет ашуды жоспарлап отыр.

   Білікті басшы Жанкелді Базыл бас­та­ған бұл ұжымның алар асулары әлі алда. Қазірдің өзінде аймаққа аты мәшһүр, ақын Мағжан Жұмабаев атындағы №39 гимназия деген зор атқа ие. Алашқа бір бүйрегі бұрып тұратын директор ретінде Ж.Базыл «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, сондай-ақ, 2014-2015 оқу жылының қорытындысы бойынша «Ең үздік мектеп директоры» және Қарағанды қалалық мәслихатының грамотасымен марапатталған болатын.

Мирас АСАН

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button