Руханият

Тамырын тартқан тереңнен

      Талай керуен көші Тараз бойымен өткенін тарихтан жақсы білеміз. Айша бибі мен Қарахандай ұлылардың рухы байыз тапқан, ХХ ғасыр куәгері саналатын шаһардан – Елорда төріне «Ұлы жібек жолы. Көне Тараздан – асқақ Астанаға» атты этнографиялық керуені жолға шықты.

Тараз

«ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі – елімізді әлемге әйгілейтін ұзақ мерзімді шаралардың бірі. Төрткүл дүниенің назарына біз Тараздың бай тарихын ұсына алсақ, олар күні ертең көне шаһарға бет түзейтіні сөзсіз.

Әулиеаталықтардың аманатын арқалаған керуенінің жолға шыққанына да айдан асты.

Керуенді әрбір бекетте қарсы алу шарасы түрлі реңкте ұйымдастырылды. Шашу, ұлттық тағамдар ұсыну, арнау айту, әнмен, күймен сүйемелдеу халықтың көңіл-күйлерін көтере түсті.

Мысалы, байзақтықтар көк майсалы шал­ғын үстінде балуандар белдесуін ұйымдастырып, «Алтыбақан» мен асық ату сынды ұлттық ойындарымыз бен құсбегілік өнерімізді жаңғыртса, құландықтар «қымызмұрындық» беріп, келін түсіру, есім тергеу секілді ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеді. Шуда керуенді Жәнібек пен Керей ту тіккен Қозыбасы маңына, Шу өзенінің бойына ақшаңқан киіз үйлі қазақы ауыл тұрғындары қарсы алды. Ал, Мойынқұм ауданының жұртшылығы 8 киіз үй тігіп, алтыбақан құрып, бие сауу, жүн сабау, ұршық иіру, диірмен тарту секілді  кәсіптерімізді алға тартып, ауылдың тұрмыс-тіршілігін бейнеледі.

Бүгінгі таңда керуен облыс­тың 5 ауданын көктей өтіп, керуен мүшелері ажарлы арқа төрі – Қарағанды жеріне аяқ басты.

Құрамында 20 түйе, 5 бота, 5 арба, 40 тұл­пары, сал-серісі, 5 бірдей бүркітшісі, құмай та­зысы бар керуен мүшелері ұлттық киімде, күймесі мен жүгін, қолөнер шеберлері жасаған көрмесін елдің назарына ұсынады.

Керуен мүшелері Қарағанды төрінде көне шаһардың тарихын дәріптейтін театрландырылған көрініспен елді баурауға тырысады.

Ай соңына қарай Астанаға ат басын тірейтін жамбылдықтардың ойластырған әлі талай тосын сыйы бар. Қарағандылықтар керуен мүшелерін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, тонның ішкі бауындай араласып, ақ шаңқан киіз үйлерде Абайдың дәуіріндегідей мәжіліс құратынына сенім зор.

Ерқанат МАНЖУОВ,

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button