Руханият

Тамыры – терең, танымы – биік

   Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Ә.Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында «Тәуелсіздік тірегім – Қазақстан жүрегім» атты конференция өтті.

 

Іс-шараға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты, профессор С.Жауымбаев, филология факультетінің профессоры Ж.Смағұлов, Қазақстан-Қарағанды телеарнасының бас редакторы С.Батырхан, Қарағанды қаласы медицина колледжінің директоры, медицина ғылымдарының докторы А.Нұрбеков, «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Е.Төлеуов, ҚР Суретшілер академиясының академигі, мүсінші М.Қалқабаев қонақ ретінде шақырылды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы Е.Халилин басшылық ететін мектебіміздің 45 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл оқу орнында облысымыздың тәжірибелі ұстаздары еңбек етеді. Атап айтсақ, С.Аққожин, А.Төлеуханова, А.Каирова, Б.Окасова, А.Ахметова секілді ұстаздар жас спортшыларды өмір талабына сай, жаңа білім технологиясын қолдана отырып, білім мен тәрбиеден сусындатуда.

Оқу ісінің меңгерушісі С.Ағдарбекұлының ұйымдастыруымен өткен конференция Тәуелсіздік тарихына көз жүгірте отырып, жас ұрпаққа «Тәуелсіздік үшін мен не істедім, мен не істей аламын?» деген сұрақтар төңірегінде ойлануға мүмкіндік берді.

Қонақтар мектеп-интернатымен таныса отырып, 10 сынып оқушыларымен өткен ашық сабаққа қатысты. Жас спортшылар өздерінің, тек, спортпен шұғылданып қана қоймайтынын, тарихқа да қызығушылығы басым екендігін байқатты. Ашық сабақты өткізген тарих пәнінің мұғалімі А.Құлжабаева оқушылардың бойында туған еліне, жеріне деген патриоттық сезім басым екендігін көрсетті. Мектеп оқушылары Тәуелсіздік тарихын жете меңгергендігін танытты.

Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау. Тәуелсіздігіміздің мерейтойына арнайы ұйымдастырылған бұл шараның мектеп оқушыларына берер тағылымы мол.

А.НЫҒМЕТОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button