Басты тақырыпРухани жаңғыру

Тамыры терең әліпби

    ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына өзек болған бүгінгі таңдағы маңызды мәселелер көпшілік қауым арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отырғаны белгілі. Мақалада «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» және «Таяу жылдардағы міндеттер» арқылы болашаққа қадам басудың бірнеше сатылары қамтылды. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу.

«Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер», – дей келіп, қазақ жазуының тарихына байланысты біраз мәселелерге тоқталған Елбасы жақын арада қолға алынатын іс-шараларды көрсетіп берді.

Жазу тарихы бірнеше кезеңдерді бастан өткерген түркі халықтарының ішінде, ілкі кездерден латын графикасын пайдаланатын Түркия мемлекетін қоспағанда, Түркіменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан Республикалары кириллицадан латын әліпбиіне көшкеніне біраз уақыттың жүзі болды. Бірнеше жылға созылғанымен, кемшіліктері де бар екені сыналып жатады. Осыдан 4-5 жыл бұрын Өзбекстанға барған сапарымда қаланың орталығындағы жазбаларда латын әліпбиі қолданылғанымен, сырт жақта орналасқан дүкен аттары, шағын жарнамалардың кириллица қарпімен жазылғанына куә болғаным бар. Оның үстіне, жасы үлкен адамдардың барлығы дерлік күнделікті өмірде ескі таңбаларды қолданады екен. Ал, олардың әліпби ауыстырғанына жиырма жылдан асты.

Аталған елдердің жаңадан қабылдаған әліпбилеріне байланысты жетістіктері де, кемшіліктері де айтылатыны сияқты қазақ елі тағатсыздана күтіп отырған жаңа әліпби, латын әліпбиі төл фонетикамызға оң өзгерістер әкелері сөзсіз. Әрине, кей адамдарда латын әліпбиіне көшу барысында сауатсыздық пайда болып, құнды мұралардан айырылуымыз мүмкін деген күмән болуы да ықтимал. Бірақ, бүгінгі таңда, ғылым мен техниканың дамыған сәтінде, компьютерлік бағдарламалардың мүмкіндігі мол кезде, кириллицамен жазылған мұрамызды жаңа әліпбиге көшіру мәселесі де қиындықсыз шешілері сөзсіз.

Басқа түркі тілдес халықтардың тілін түсінгенімізбен, басқа әліпбиді пайдаланатын қазақтардың жазғандарын оқу оларға қиындық туғызатыны белгілі. Шетелдік қандастарымыз үшін баспасөз материалдарымыз, ғылыми еңбектеріміз, көркем шығармаларымызды түпнұсқада оқу мүмкін болмай келсе, енді латын графикасына көшу арқылы ол бөгет жойылары сөзсіз.

Жаңа әліпби басы артық әріптерден құтылуға жол ашады. Қазіргі жазуымызда қиындық туғызып жүрген мәселелердің бірі – дыбыс пен әріптің аражігін ажырата білмеу. Осыған байланысты болуға тиіс, 9 дауысты дыбыстың саны көбейіп, 11-12-ге дейін жетіп жүр. Бұлардың ішінде я, ю, ё тәрізді әріптер де, и, у дауыссыз дыбыстарын әрі, дауысты, әрі дауыссыз деушілік те бар.

Латын әліпбиіне көшу барысында ең басты назар аударатын мәселе – емле ережелері. Жазу табиғатымызға сай емле ережесі қабылданған жағдайда ғана сауатсыздық болмай, оқыту тәжірибесінде, үйрету жағдайында жетістікке жете аламыз. Себебі әліпби ауыстыру – бір таңбаның орнына екінші таңбаны қоя салу емес. Түркі тілдеріне тән ең басты заңдылық болып саналатын үндесім заңы есепке алынып, жазу дәстүріміздегі фонематикалық, фонетикалық, тарихи-дәстүрлік қағидаттарға сүйеніп, дыбыстық ерекшеліктерімізді есепке алып жасалған емле ережесін үйретуде де қиындық туғыза қоймас.

Қандай да істің бастамасында қиындық болатыны белгілі бірақ, әліпби мәселесінде ондай қорқыныш болмауы керек. Себебі, бұл бір-екі жылда емес, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап сөз болып келе жатыр және Елбасы атап көрсеткендей, оқушылар ағылшын тілін оқу арқылы латын әріптерін меңгерген, ғалымдардың, барша қоғам өкілдерінің көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы қабылдануы керек. Жаңа әліпби үйрететін мамандар, оқулықтар дайындалып, бір-екі жылда әдістемелік жұмыстар жүргізіледі. Яғни жаңа әліпбиге көшу бірнеше кезең арқылы жүзеге асады. Ең бастысы, жаңа әліпби төл дыбыстарымыздағы ерекшеліктердің сипатын нақты көрсете алатындай, қазір қолданылып жүрген басы артық әріптерден құтылатындай, орфографиялық заңдылығымыздың табиғатына сай келетіндей болуы керек. Бізден бұрын латын жазуына көшкен түркі халықтарының қателігі бізге сабақ болып, сол қателіктерді қайталамау үшін жаңа қабылдайтын әліпбиіміздің ғылымилығына баса назар аударған жөн.

Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны бірлесе еңбек етіп, жанашырлық танытқанда, сәтті пікір айтып, оң шешім жасай алғанда білінеді.

 

Мархаба ТҰРСЫНОВА,

ҚарМУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button