Жаңалықтар

Талантты – бар қырымен талантты

       2017-06-16-PHOTO-00000001Редакция қоржынына мынадай бір хат  келіп түскен екен:
     «Құрметті редакция, мен  осы газет редакциясында 80-жылдардың аяғы-90-жылдардың басында жүргізуші болып жұмыс істедім. Жұмыстан қол босаған сәтте  біздің жігіттер не жазып жатыр екен деп газет оқимыз. Талай адамдар газетке шығып жатады. Іштерінде мұғалімі, дәрігері, инженері, ғалымы бар зиялы қауым өкілдері туралы жазылғандарын қызыға оқимыз. Біз сияқты қарапайым шахтер, металлург, малшы, егіншілерге де орын табылып жатады. Бір сөзбен айтқанда, журналистер өздері айтпақшы еңбек адамдарына үлкен көңіл бөлуші еді. Газетке шығу үшін, әрине, іздеушісі болу керек. Тақырыпты журналистерге адамдар тауып береді.
Менің айтпағым, сол жылдары тамаша дәрігер Еркін Баттақов туралы анда-санда болса да мақалалар шығып тұратын. Есімде қалғаны, бірде ол әріптесі Нұрбаймен бірге ине жұтып қойған баланы  өздерінің жапондық аппаратымен  құтқарып қалады. Кейін сол кісімен таныстым. Ешқандай туыстығымыз болмаса да,  маған ағамдай болып кетті. Бір байқағаным, ол кісіні талай танымайтын адамдар  әдейілеп іздеп келіп, дәрігерлік кеңес алып жүрді. Ешкімнің меселін қайтармайтын. Бір үлкен аурухананың бас дәрігері болып істесе де сол қарапайым қалпынан  бір айнымады. Нағыз дәрігер осындай адам болуы керек қой… Медицина қызметкерлері күні  қарсаңында осы бір тамаша дәрігерді еске алып, тағы бір мақала жазып жіберсеңіздер екен. Нұркелді Байбалин, жүргізуші».
Осы хатты біз  Е.Баттақовпен мектепте бірге оқыған досы, ардагер журналист Аман Жанғожинге ұсынып, Нұркелді бауырымыздың өтінішін орындауды сұраған едік. Енді сол кісінің  жауап мақаласын келтірейік.
– Иә, Еркін Баттақов сияқты асыл азаматтың  өмірден озғанына биыл 10 жыл болды. Ерте көктемде жолдасы Полина (біз Бану дейміз) мен балалары Ерлан мен Жамила  Астанаға шақырып, ас берді, аруағына құран бағыштады. Осының алдында Баттақовтар әулеті туралы түрлі-түсті, жақсы безендірілген кітап шыққан еді. Кітапта құдалары Сәбит Тоқаев, Қанат Наурызбаев, кластас, мектептес, өмірдегі достары Салкен Дәрібеков, Жеңіс Иманов, Аман Жанғожин, Қайролла Қоқышев, қызметтес әріптестері Нұрбай Кенжебаев, Қайыржан Жампейісов, Николай Лутюк, Марат Түспеков, көптеген жерлестері, туыстары, балалары Еркін досымыздың жарқын бейнесін әр қырынан ілтипатпен еске алады.
Орыс және қазақ тілінде жазған мақалаларымызда Ерекеңнің еңбек жолынан мынадай деректер келтіріппіз. 1974-1975 жылдары Қарағандыға асқазан, ішек жолдарын  диагностикалаудың жапондық жетілдірілген аспабы әкелінеді. Еркін белгілі онколог-ғалым Қани Мұсылманбековтің басшылығымен сол жаңа құрылғыны сынақтан өткізуге қатысқан санаулы мамандардың бірі еді. Оның қыр-сырын меңгеру үшін Алматыда, Мәскеу, Ленинград, Челябі, Харьков  қалаларында онкология, эндоскопия салалары  бойынша біліктілігін арттыру курстарын тәмамдайды. Осы орайда Ерекең  өзінің әріптес досы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болған Нұрбай Кенжебаевты мақтанышпен атайды. «Нұрекең екеуміз жапондық құрылғыны  тәжірибеден өткізгенде де, кейін осы бағытта жұмыс істегенде де қоян-қолтық қатар еңбек еттік,– дейді Ерекең. – Бірлесе білуіміздің арқасында әріптестеріміз бен қалың көпшіліктің көп алғысына бөлендік».
Медицина саласындағы еңбегінің едәуір бөлігін ол онкология проблемаларына арнады. 1987 жылдан облыстық онкологиялық диспансерде, ал 1995 жылдан облыстық диагностикалық орталықта эндоскопия бөлімінің меңгерушісі болды. 1998 жылы Х.Мақажанов атындағы көп салалы клиникалық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалды, осы міндетті сегіз жылдай мінсіз атқарды. Ел тарихына «оңтайландыру кезеңі» деген атпен енген күрделі уақытта ол шаруашылық және ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасынан табылатын. «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі»  төсбелгісіне, көптеген мақтау грамоталарына ие болды.
«Талантты – адам бар қырымен талантты» деген орыс мақалы бар.Ол тек тамаша дәрігер ғана емес, жүрген ортасының думаны болатын. Оның айтқан сөздері халықтың қайнар бұлағындай мақал-мәтелдермен ұштасып жататын. Ал ол ән салғанда  елдің бәрін тәнті етуші еді,- деп  еске алады  Қ.Жампейісов.– Ерекеңе оның шипалы қолынан ем алған адамдар рахметтерін жаудырып жататын. Алғыстарын газеттер мен журналдар арқылы білдіретін. Оны білген әрбір адамның  зердесінде   сағыныш ізі сақталып қалды, ол осылай біздің жүрегімізде қалады».
Шынында да Ерекең сан қырлы талант иесі еді. Машина жүргізетін, меншікті жеңіл автомобильдері болды. Тамылжыта ән салатын. Шаруашылыққа да мығымды еді. Құрылыс материалдары тапшы заманда  «Дворяндар ұясынан» екі қабатты «особняк»  салып алды. Баларының білім алып, лайықты азамат болып шығуына үлкен көңіл бөліп отырды.
Марат Алпысұлы Түспековтің естелігін тебірене оқымау мүмкін емес: «Мен тағдырымда Еркін Баттақұлындай тамаша адаммен кездескеніме қуаныштымын. Алғашқы кездескеннен-ақ бұл адамға ізгі ниет пен мейірлі жүрек тән екенін сездім. Мен әкемнен он жасымда жетім қалғанмын, ағам алыста еді. Ол маған әкем де, ағам да бола білді. Ол менің шамалы болса да әрбір қол жеткен табысыма шын жүректен қуанатын. Оның ақыл-кеңесімен Қарағандыға көшіп келіп, соның көмегімен Еңбек гигиенасы ұлттық орталығына инженер болып орналастым, содан директордың орынбасарына дейін көтерілдім. Еркін Баттақұлының кеңесімен үйде салдым, өмірімде басқа да жетістіктерге жеттім. Мен оның  қарапайым да өте қажет нақылын – «қашанда адамдар арасында бол, әрбір адамды  тыңдап, бағалай біл» деген қағидасына осы күнге дейін ризамын. Өйткені осы ақыл мені алға ұмтылдырып, жаңа жетістіктерге жетелейді».
Егіздің сыңарындай болып, эндоскопия саласын меңгерген әріптесі Н.Кенжебаев пен басқа да азаматтар Еркін мен Полина тәрбиелеп өсірген балаларын орынды мақтан етіп,  өзгелерге, барша өскелең жастарға үлгі қылады. Айтса айтқандай, ұрпағын жалғастырушы ұлы Ерлан бүгінде ҚР Президенті Әкімшілігінде лауазымды қызметте, ал әкесі мен шешесінің  еңбек жолын жалғастырушы қыздары Жәмила медицина ғылымдарының докторы, Алматыда Салауатты өмір салты орталығының бас директоры қызметін атқарады.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді халқымыз. Кеше ғана арамызда жайраңдап жүрген, көңіл төрінде азаматтық келбеті сақталған, жүрегімізде жылы жүзі мен  ізгі ісі, сырнайлы сазы жатталған, баршаға шапағатын тигізіп тұратын  тұлғасы асқақ, мәдениеті биік, білікті дәрігер Еркін Баттақов осындай азамат еді.

Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button