Бас тақырыпМедицина

Талқыда – медицина мәселелері

Аймақтың денсаулық сақтау саласында негізгі деген бірқатар медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарғанымен, назар аударуды қажет ететін мәселелер әлі де бар. Атап айтқанда, ана мен бала денсаулығы, қанайналым жүйесінің аурулары, қатерлі ісік, жарақаттар мен хирургиялық көмекті ұйымдастыруға қатысты міндеттер тұр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облыстағы медициналық мекемелер басшыларымен өткен кеңесте талқылады. Онлайн басқосуда кадр саясаты, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стандарттарды сақтау мәселелері де талқыланды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің айтуынша, Қарағандыда қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 37,3%-ға төмендеген. Алайда, вице-министрдің айтуынша, кардиоқызмет жұмысында бірқатар кемшіліктер бар. Мәселен, инвазивті емес диагностикалық жабдықтар паркінің тапшылығы, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар науқастарға арналған кабинеттердің аздығы, кардиологтардың бірнеше жерде қосымша жұмыс жасауы. Сонымен қатар, ол Қарқаралы мен Осакаров аудандарының аудандық орталық ауруханасында орналасқан тері арқылы коронарлық араласу орталықтарының жеткіліксіздігіне назар аударды. Аталған аудандарда коронарографиялар мен жүрек тамырларын стенттеу айтарлықтай төмендеген.

В.Дудник терапевтер мен жалпы практика дәрігерлерінің инсульттің бастапқы және қайталама профилактикасы бойынша нашар жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, ишемиялық инсультпен ауыратын науқастарға жүргізілген жүйелі тромболизистің үлесі төмен. Сол себепті де жүрегі ауыратын науқастардың үйінде қайтыс болуы жиілеп кеткен. Жалпы, стационарлық деңгейде тромболитикалық терапияның төмен деңгейін, нейрохирургиялық белсенділіктің жеткіліксіз екенін және невропатологтардың жетіспеушілігі сияқты кемшіліктер әлі де шешілмей келе жатқанын айтты вице-министр.

Кеңесте онкологиялық көмек көрсету мәселелері де талқыланды. Аймақта қатерлі ісікті 0-I-ші сатысында анықтау деңгейі 31,8%-ға артқанын айтып өткен жөн. Яғни, сәйкесінше, көзге көрінетін қатерлі ісік түйіндерінің асқынған жағдайлары төмендеді. Әлбетте, бұл – жақсы көрсеткіш. Енді, төсек қорын кеңейту үшін онкологиялық орталықтың жаңа корпусын салу қажеттілігі айтылды. Одан бөлек, кадр тапшылығы, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарды диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етудің төмендігі өңірдегі онкологиялық қызметтің негізгі проблемалары ретінде аталды.

Ажар Ғиният бірқатар өрескел заң бұзушылықтарға жол берген медициналық ұйымдарды сынға алды. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына лицензия мен сертификаттар және медициналық көмек көрсету стандарттарының сақталуына қатысты негізгі салалық талаптарды бұзған медициналық ұйымды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Министр хирургиялық көмекті стандарттауда әдіснамалық көмек көрсету үшін республикалық ғылыми-зерттеу институттары мамандарын шақыруды ұсынды.

Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, өткен жылы аумақтық департаментке барлығы 694 өтініш келіп түскен. Оның 451-і қаралып, 266 өтініш негізінде тексерулер тағайындалған. Аймақ тұрғындарынан түскен өтініштер алдыңғы жылмен салыстырғанда 22,2%-ға артық. Сәйкесінше, былтыр жоспардан тыс тексерулер саны да артып, 30,4%-ды құрады.

– Орындалған мемлекеттік бағдарламалардың аясында құтқару пункттерінің жұмысын, олардың қандай деңгейде екенін, жабдықтардың бар-жоғын талдау қажет. Бұл жұмысты ІІМ-мен бірлесіп жүргізу қажет. Аймақта медициналық қызмет көрсетуді жақсарту бойынша іс-қимыл жоспарын қабылдаңыздар. Онда әр медициналық мекеменің жұмысы мен ролі көрсетілетін болсын. Барлық мекемеде науқастармен жұмыс бөлімін құрыңыздар, сондай-ақ, үнемі қызметкерлерді оқытып отырыңыздар, – деді кеңесті қорытындылаған Ажар Ғиният.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button