Ресми

Табиғатты қорғау – басты міндет

Мемлекет басшысының Жолдауын орындау мақсатында, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ормандарды молықтыру мен орман өсіруді ұлғайту бойынша жоспарлы көрсеткіштерді жеткізген болатын. Бұл көрсеткіштерге сәйкес, 5 жыл ішінде 22 500 га алаңға орман көшеттерін отырғызу, 100 млн. дана отырғызу материалын өсіруді ұлғайту жоспарлануда.

2021 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша басқарманың қарамағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы – 204 094 га. Ал, 2020 жылы 426,3 га алқапқа 769 700 дана жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды.

Орман көшеттерін отырғызу Қарағанды (100 га), Шахтинск (105 га), Теміртау (120 га) қалаларында, сондай-ақ Ұлытау (5 га), Ақтоғай (30 га), Егіндібұлақ (28,3 га) және Жаңаарқа (38 га) аудандарында жүргізілді. Ағымдағы жылға жоспар – 430 га.

Облыста жалпы ауданы 37,2 млн. гектар болатын 139 аңшылық алқаптары бар. Бүгінгі күні 112 аңшылық алқаптар бекітілген, яғни, 22,1 млн. га. Резервтік қор 15,1 млн. га алаңда 27 аңшылық алқапты құрайды. Балық шаруашылығы қорында жергілікті маңызы бар 127 және республикалық маңызы бар 3 су айдыны бар. Оның 82 су айдыны бекітілген, резервтік қор 45 су айдынын құрап отыр. Резервтік қордың су айдындары мен аңшылық алқаптарын табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жөніндегі конкурстар тұрақты негізде өткізіледі.

2020 жылы өткізілген конкурс қорытындысы бойынша 15 балық шаруашылығы су айдыны мен 15 аңшылық алқаптары бекітілді. Облыстық бюджет қаражаты есебінен 2020 жылы 288 550 дана тұқы балығымен 16 резервтік су айдынына балық жіберу жүзеге асырылды. Сондай-ақ, 107 су айдынына паспорттау жүргізілді. Ағымдағы жылы осы жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз, облыстық бюджетте қаражат қарастырылған.

Табиғат қорғау заңнамасын бұзудың алдын алу және балық шаруашылығы су айдындары мен аңшылық алқаптарының резервтік қорларында браконьерлікпен күрес мақсатында 2021 жылға арналған облыстық бюджеттен «Қарағанды ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шаруашылығы» КММ материалдық-техникалық базасын нығайту үшін қаражат бөлінді. Қазақстан Республикасының балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған республикалық бағдарламасының жобасына сәйкес, басқармаға келесі индикатор жеткізілді:

– 2030 жылға қарай 15 000 тонна көлемінде тауарлық балықты жасанды өсіру.

Гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және пайдалану

Облыста барлығы 262 гидротехникалық құрылыс бар. Оның ішінде 42-сі – облыстық коммуналдықта, 162-сі – аудандық коммуналдықта, 38-і – республикалық және 20-сы – жеке меншікте. Келешекте аудандардағы барлық гидротехникалық құрылыстарды облыстық коммуналдық меншікке алуды және оларды күрделі жөндеу бойынша кезең-кезеңімен жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз.

2020 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен Абай ауданының Топар авариялық бөгетін күрделі жөндеу бойынша жұмыстар басталды. Ағымдағы жылы жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Саран су қоймасы үшін қауіпсіздік декларациясы әзірленді. Бекітілген су шаруашылығы объектілерінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы техника сатып алынды.

Қоршаған ортаға қамқорлық

Қарағанды облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол картасы шеңберінде, облыстық бюджет қаражаты есебінен бірқатар іс-шаралар өткізілді және өткізілуде. 2020 жылы Топар өзенінің арнасын тазалау жұмыстары аяқталды. Биыл Шерубай-Нұра өзенінің арнасын тазалау жұмыстары жалғасады, облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Бұл су объектілерінің санитарлық жағдайын жақсартуға және су тасқыны қаупін азайтуға көмектеседі.

Облыстық бюджет қаражаты есебінен Қарағанды, Балқаш, Жезқазған қалаларының шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томдары әзірленді. Бұл құжаттар қоршаған ортаға әсер ететін жаңа нысандарды салуды жоспарлаудың бастапқы нүктесі болады. Атмосфералық ауаның жағдайын бақылау үшін облыстың 4 қаласында (Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған) 20 газ талдағыш станциялары орнатылды. Бұл онлайн режимде осы қалалардағы ауаның ластану жағдайын бақылауға және уақытылы басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы, Нұра (Киевка-Шахтерское-Пржевальское), Тоқырауын, Нұра (Мұстафин кентінен Самарқан су қоймасына дейін), Жезді (Жезді кентінің Көкбұлақ көшесінен облыстық маңызы бар автожол көпірінің соңына дейін), Кіші Бұқпа өзендерін санациялау бойынша жұмыс жобаларын әзірлеу аяқталады. Көму көлемін азайту және қаттытұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ұлғайту, сондай-ақ рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою маңызды міндет болып табылады.

Облыста «2018-2022 жылдарға арналған шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, ҚТҚ-ны заманауи кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі шаралар кешені» әзірленді. Облыстың даму бағдарламасына интеграцияланған нысаналы индикаторлар белгіленді.

Қатты тұрмыстық қалдық бақылауда

Жыл сайын облыста шамамен 600 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналады. Қатты тұрмыстық қалдықты жинауды, әкетуді және көмуді 31 мамандандырылған ұйым мен кәсіпорын жүзеге асырады. Басты міндет – 2030 жылға дейін халықты 100% қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтерімен қамтамасыз ету.

Өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және оларды өңдеу 2015 жылдан бастап жүргізілуде. Коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу көлемі олардың пайда болуының жалпы көлеміне қарай 2-ден 20%-ға дейін ұлғайған. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 25%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Облыста 2020 жылы 1275 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды.

Сонымен қатар, 30-дан астам кәсіпорын шлак блоктарын, темірбетон бұйымдарын өндірумен, кәріз және су құбырлары люктері үшін полимер-құм қақпақтарын шығару сияқты қалдықтардан дайын өнім шығарумен айналысады. Жыл сайын тұрғындар мен шағын және орта бизнес субъектілері арасында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды «бөл, тапсыр, қайта өңдеу» акциясы арқылы насихаттау бойынша іс-шаралар өткізіледі.

Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету. 2020 жылы басқармамен 3343 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жобаларға 384 экологиялық қорытынды, эмиссияға 1559 рұқсат және жануарлар дүниесін пайдалануға 1400 рұқсат берілді. Басқарма 2020 жылы табиғатты қорғау іс-шаралары, су және орман шаруашылығы саласында барлық нысаналы индикаторларға қол жеткізді.

Әсет ТАЗАБЕКОВ,

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button