Жаңалықтар

ТАБАНДЫ ЖҰМЫС – ОҢ НӘТИЖЕ

       Қарағанды облыстық ардагерлік ұйымы ресми түрде 1987 жылдың ақпан айында құрылған болса, осынау аса маңызды қоғамдық ұйым қызметінің есебі де сол мезеттен бастау алады.

Ұйымдастыру пленумында бірауыздан кеңес төрағасы болып сайланған Қ.Аманбаев үш мәрте Кеңес Одағының Батыры әйгілі ұшқыш И.Кожедуб эскадрильясының авиамеханигі болған Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Соғыстан кейін жоғары оқуды, одан соң аспирантураны бітірген жігіт педагогикалық жұмыста жүрген жерінен партиялық қызметке шақырылады да, нұсқаушылықтан басталған жол оны обкомның идеология жөніндегі хатшысы лауазымына жеткізеді. Тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақ ССР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қали Әлібекұлының адамдармен жұмыс жасаудағы орасан тәжірибе облкеңес төрағасы болған жылдары шешуші роль атқарды. Оның орынбасарлары болған П.Хлебов пен А.Серіков те өңіріміздің дамуына зор еңбек сіңірген, облыстық деңгейде жоғары жетекшілік лауазымдар атқарған жандар болатын.

Жарты ғасырдан астам еңбек өтілін артқа тастаған, соғыс қарсаңындағы және соғыс жылдарындағы қиындықтарды мейлінше көріп өскен, партиялық органдарда ондаған жылдар жемісті қызмет жасаған, жасы 98-дегі зейнеткер Ф.Маханова – облыстық кеңестің алғашқы жауапты хатшысы міндетін сегіз жыл атқарған екен. Фаина Гарифовна облыстық ардагерлер ұйымының қаз тұрып, қалыптасуына, абыройлы қоғамдық ұйым дәрежесіне жетуіне қажырлы қызметімен көп  пайда тигізген, ардагерлік ұйымдар қызметінің жасамыс адамдарды әлеуметтік тұрғыда қолдау ісінде нәтижеге жету кепілі – атқару органдарымен тонның ішкі бауындай тығыз қарым-қатынаста болу екендігін дәлелдеген жан.

1987 жылдың ақпанында Ленин аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы болып Р.Базанова сайланғанда, тәжірибелі партия қызметкері барлық кәсіпорын, мекемелерде, оқу орындарында бастауыш ардагерлер ұйымдарын құрды. Ардагерлер пікірін білу, олардың тұрмыстық жағдайын зерттеу, мұқтаж ардагерлерге қайырымдылық көмек ұйымдастыру, соғыс ардагерлері мен мүгедектері үшін арнайы дүкендер аштыру, медициналық қызмет көрсетілуін міндеттеу, бастауыш ұйым құру тәжірибесін семинарлар өткізіп тарату – Раиса Тимофеевнаның бастамасымен атқарылған іс-шаралардың жарым-жартысы ғана. Жеті жыл бойы облыстың орталық қаласындағы ардагерлер кеңесін басқара жүріп, ол ардагерлік активтің қалалық мектебін жүргізді.

Облыс ардагерлік қауымының сол жылдарғы өмірінде орын алған көрнекті оқиғаның бірі – Жеңістің 50 жылдығына орай «Боздақтар» («Книга памяти») кітабының 3 томдығының шығуы болды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері – полковник К.Бекенов, полковник А.Цукуров, подполковник И.Ершов, еңбек ардагерлері И.Грунской, Я.Малаховский есімді Іздеушілер тобы аса бай материалдар негізінде осы кітапқа майданда қаза болған 17971 қарағандылық туралы деректер енгізді. «Боздақтар» кітабы жұртшылық пен оқымысты-ғалымдардың пікірі бойынша, Қазақстан мен ТМД-да жарық көрген кітаптардың ішіндегі таңдаулысы деп танылды, оған Мәскеудегі Поклонная гора – Тағзым тауындағы Жауынгерлік Даңқ музейінің сөресінен құрметті орын берілді.

Облыстық кеңес және оның ардагерлік активі нәтижелі жұмыс атқара жүріп, кеңестің келешек құрамының жемісті жұмыс жасауына негіз қалап берді. 2001 жылдың ақпанынан 2011 жылдың желтоқсанына дейін ардагерлердің кеңесін басқарған Д.Мұстафин жинақталған іс-тәжірибенің таңдаулыларын бір ізге түсіруді міндеттеді. Сөйтіп, облкеңестің бұл кезеңдегі жұмысы  ардагерлік кеңестердің, тұрақты комиссиялардың рөлі мен беделін көтеруге жұмылдырылды. Табандылықпен атқарылған жұмыс оң нәтижесін берді, жұмысты ұйымдастырудың жаңа үлгілерін қолдану ардагерлер активімен жұмысты жаңа деңгейге көтерді.

Ардагерлер мен зейнеткерлердің проблемалар шешу үшін облыс аумағындағы ардагерлік ұйымдардың беделін нығайтудың тиімді жолдарын қарастырып, маңызды іске соғыс пен еңбекте шыңдалған ардагерлерді тартуға тура келді. Бұған ардагерлердің бастауыш, қалалық және аудандық ұйымдарының жұмысын жетілдіру, атқарушы орындармен, қолында билік тізгіні бар басқа да қоғамдық ұйымдармен, жастармен, бизнес-құрылымдармен тығыз қарым-қатынас орнықтыру арқылы ғана қол жеткізу мүмкін еді. Тығыз да іскер қарым-қатынастық одақтың алдағы күндерге жалғасатын оң нәтиже беретінін өмірдің өзі көрсетті.

Қазіргі таңда облыстағы 673 бастауыш ұйымдар есебінде 193,8 мың зейнеткер  болса, олардың ішінде 178 ҰОС қатысқандар, 13,7 мың соғыс жылдарындағы тыл ардагерлері, 116 концлагерь тұтқындары, 24 ленинград блокадасын бастан кешкендер бар. Ағымдағы жылы «бастауыштардың» құрылымын оңтайландырудан соң ірілендірілген 24  ұйым жасақталды, жаңадан ардагерлердің 14 бастауыш ұйымы мен 91 цехтық ұйымы құрылды.

Атаулы даталарға орайластыра «Таңдаулы ардагерлік ұйым», «Таңдаулы тұрақты комиссия» сияқты айдарлармен облыстық байқау-конкурстар жариялау, жыл сайын көркемөнерпаз ардагерлер хорларының облыстық фестивалін өткізу секілді жұмыстың жаңа үлгілері жарқын дәстүрге айналып, кеңестер мен бастауыш ұйымдар жұмысына соны ырғақ сыйлады.

Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің Президиумы Қарағанды облыстық кеңесінің жұмысын тиянақты деп тапқандықтан, 2014 жылы кезекті республикалық семинар-кеңесті біздің ұйымымызға өткізуді сеніп тапсырған болатын. Бұл ауқымды іс-шара ардагерлердің облыстық ұйымы қызметінің келешек мүмкіндіктері аса мол екендігін айғақтады.

Мемлекеттік және ұлттық мейрамдарды мерекелеуге дайындық кезінде ардагерлердің материалдық, тұрмыстық  жағдайларын күйттеумен ғана шектелмей, елге еңбегі сіңген жасамыстарымыздың көңілін өсіріп, есінде қаларлық тамаша-сауықтар мен мерекелік концерт, театрландырылған көрініс сияқты мәдени-көпшілдік шаралар ұйымдастыруға жіті көңіл бөлетін болдық.

Орайлы тұста, облыс ардагерлері мен жастарының белсене қатысуымен салтанатты-салиқалы деңгейде кейінгі жылдары ғана өткізіле бастаған «Марапат өзінің иесін тапты» акциясын ауызға алу ләзім. Жастар санасына терең із қалдырған майдангерлерге кешігіп жеткен наградаларын тапсырудың осындай бірнеше рәсіміне нақты айғақ келтіре кетсек. Соғыстағы ерлігі үшін Г.Егоровқа тағайындалған «Даңқ» орденінің 3-ші дәрежесі соғыс ардагеріне 70 жылдан соң ғана табыс етілсе, Ұлы Отан соғысында 1944 жылы қаза тапқан майдангер Ә.Маясаровқа тиесілі «Отан соғысы» орденінің 2-ші дәрежесі майдангердің қызы Бану Маясароваға, бейбіт заманда жасы жетіп қайтыс болған майдангер К.Ковалевке тиесілі «Ерлігі үшін» медалі куәлігімен қоса даңқты жерлесіміздің ұрпағы А.Исинге табыс етілді.

Ардагерлердің облыстық кеңесі Ұлы Жеңістің 70-жылдығына арналған «Жеңіс сарбаздары. Қарағандылықтар 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында» атты мың даналық кітап бастырды. Кітапта соғысқа қатысып, елге оралып, бейбіт еңбекке білім-қажырын арнаған 526 қарағандылық жерлестеріміздің жауынгерлік және еңбек жолдары баяндалады.

Биылғы өткен есеп беру-сайлау науқаны облыстағы ардагерлік қозғалыс – ардагерлер ұйымдары алдында тұрған міндеттерді шешуге қабілетті зор жұмылдырғыш күш екенін, бастауыш ұйымдар төрағалары жаңа құрамының сапалық тұрғыда жақсарғанын, әйелдер салмағының елеулі көбейгендігін көрсетті. Бірқатар қалалық және аудандық кеңестерге мемлекеттік қызметте тәжірибе жинаған, облыс көлемінде, жергілікті аймақта абыройлы  зейнеткерлер жетекшілік ете бастады.

Заман талабына сай жұмысын жаңа деңгейге көтерген облыстық ардагерлер ұйымы осындай тың күшпен ардагерлік қозғалыстың 30 жылдығына нақты тындырылған істермен, алдағы ұйымдық, бұқаралық-саяси жұмыстағы міндеттерін айқындаған жағдайда келіп отыр. Облыс ардагерлері активінің жақында өткен кезекті семинар-кеңесі съезд белгілеген міндеттерге сәйкес, барлық деңгейдегі кеңестердің ұйымдық құрылымын нығайту мәселесіне арнады.

Ардагерлердің VII-ші съезінің шешімдерін басшылыққа алған облыстық кеңес  тұрғылықты жерлерде жаңа бастауыш ұйымдар құруды мақсат етіп отыр. Атап айтқанда, бірқатар селолық аудандарда ардагерлердің цехтық бастауыш ұйымдарын  құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыстық ардагерлер ұйымының отыз жылдық жолын баяндайтын «В строю, как прежде» («Баяғыдай, әлі сапта келеді») кітабын жарыққа шығарды.

Саналы ғұмыры тынымсыз іс-әрекетпен өткен жандар жасының ұлғайғанына қарамастан, өмірден тысқары тұра алмайды, ақысыз-пұлсыз ісімен қоғамға пайдасын тигізе түсуді көздейді. Қарттық ғұмыры осылай өтіп келе жатқан қадірменді К.Дүйсембеков, Қ.Медиев, К.Түсіпов, С.Дүйсебек, М.Сәтеков, Н.Вахитова, К.Аймурзина, Т.Еремеева, Ф.Ермаков және басқа активист-ардагерлер, сіздерге бас иеміз!

  Оралды ТӨРЕҒОЖИН, 

Қарағанды облыстық

ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button