Бас тақырыпТарих

Тағылымды сапар түйінделді

Қыркүйек айының соңында облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ұлытау – Алтын Орданың бесігі» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырған болатын. Алты күнге созылған сапар барысында жинақталған материалдардың негізінде арнайы фотоальбом мен деректі фильм дайындалып, тұсауы кесілді.

Тағылымды сапарды түйіндеуге арналған жиын экспедиция барысы туралы дайындалған көрмеден басталды. Мұнда мұржай экспонаттары, сапар барысында түсірілген фотосуреттер және қылқалам шебері Мәдихан Қалмахановтың Ұлытау жерінде жазған картиналары қойылған.

Бұл сапарды ұйымдастырған кезде оның қоғам үшін пайдалы болуын да назарға алдық. Сапар барысында тарихи жерлердің туристік бағыттары дайындалды. Сондай-ақ, жинақталған материалдардың негізінде фотоальбом мен деректі фильм әзірленді. Оларды мұғалімдер көрнекілік ретінде сабақ барысында қолдана алады, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.

Ернар Танабаев пен Вероника Боярова дайындаған «Ұлытау – Алтын орданың бесігі» деректі фильмінде экспедиция барысы көрсетіліп, жәдігерлердің тарихы жан-жақты баяндалған.

Мен Еуропаның көптеген қалаларында болдым. Ол жақтың әсері бөлек, әрине. Бірақ, іргеде тұрған Ұлытауға барған кезде мүлдем басқа сезімде болдым. Айтып жеткізу мүмкін емес. Шетелге қарап қызығамыз, ал, қолымызда барды бағаламайды екенбіз. Соны түсіндім. Алған әсерімді осы фильмде көрсетуге тырыстым. Сапар барысында түскен фотосуреттерді көрген шетелдік таныстарымның да таңданысы шексіз болды. Олар Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның қазақ жерінде жерленгенін білмейді екен, – дейді Вероника Боярова.

Жиын соңында сапарға қатысқан азаматтар экспедиция жалауына қолтаңба қалдырды. Бұл – келешек ұрпаққа қалдырған естелік. Алтын Орданың 800 жылдық мерейтойында дәл осы жалау тарихи жәдігердің бірі ретінде ұсынылмақ.

Басқа материалдар

Back to top button