Жаңалықтар

Тағылымды кездесу, толғамды ойлар

«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалында өңірдің жанашыр азаматтарына арналған Community «Сана Сақшысы» кездесуі өтті. Жиынға қоғамдық бірлестіктің өңірлерді дамыту жөніндегі координаторы Жанарыс Хызыр қатысып, қатысушылармен пікір алмасты. Кездесу барысында азаматтар өзара тәжірибе бөлісіп, қоғамдық бастамаларды дамытуға бағытталған жаңа идеяларын ортаға салды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқосуда қоғамға бейжай қарамайтын, ортақ құндылықтарды дәріптеп, ел дамуына үлес қосуға ұмтылатын азаматтарды бір ортаға топтастырудың маңызы атап өтілді. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу қатысушыларға өзара тәжірибе алмасып, жаңа бастамалар мен бірлескен жобаларға тың серпін беруге мүмкіндік берді.

– Community – ортақ құндылықтарды ту еткен, ел болашағына бейжай қарамайтын, қоғам игілігі жолында еңбек етуге ұмтылатын азаматтарды біріктіретін қоғамдық бастама. Оның негізінде азаматтық жауапкершілік, саналы көзқарас, жауапты ата-ана болу мәдениеті, ізгілік пен өзара құрмет қағидаттары жатыр. Бастаманың негізгі мақсаты – азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық сананы нығайту, әр азаматтың ел дамуына қосар үлесі бар екенін нақты істер арқылы көрсету. Өйткені, қоғамның оң өзгеруі әр адамның өз ортасындағы жауапты әрекетінен басталады. Жиынның тағы бір маңызды тұсы – қатарымыздың жаңа жанашырлармен толығуы. Ортақ құндылықтарды бөлісетін азаматтардың бір мақсат жолында бірігуі – қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды қадам, – деді облыстық филиал басшысы Хабиба Дақынова.

Кездесуге Павлодар облысының да жанашыр азаматтары арнайы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бақұстар Шәпетайұлы бастаған белсенділер өз өңірлерінде қоғамдық жұмыстарға тұрақты атсалысып, азаматтық бастамалардың жүзеге асуына үлес қосып жүрген жандар. Олардың жинақтаған тәжірибесі мен белсенді ұстанымы кездесуге қатысушылар үшін маңызды тәжірибе алаңына айналды. Мұндай басқосулар өңірлер арасындағы өзара тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды талқылап, қоғам игілігі жолында ортақ мақсаттарды айқындауға және күш біріктіруге мүмкіндік береді.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button