Спорт

Тағы бір футбол лигасы құрылды

Қарағандыда шағын футбол мен футзал қарыштап дамып келеді. Жыл сайын әуесқойлар лигасының артуы – осы сөзімізге дәлел. Ақпан айының ортасында «Amanat arena» спорт кешенінде «Қарағанды медиа футбол лигасы» құрылды. Бұл лигада тек өнерпаздар ғана доп тебеді. Ақындар, журналистер, асабалар, әзілкештер, әншілер, әртістер, тағысын тағы…

Сурет автордан

Қарағанды өзінің спорттық аймақ екенін дәлелдегелі қашан. Әсіресе, футболдың өрісі кеңіген. Мәселен, Қарағандыдағы «KLLF» деп аталатын лигада 180-нен астам команда бар. Бұл – төрт мыңға жуық адамды қамтыған Қазақстандағы ең ауқымды лига екенін атап өткен жөн. Одан бөлек, «Dostyq leаgye» деген шағын футбол лигасы уақыт өткен сайын ауқымын кеңейтіп келеді. Мұнда қазір шамамен 200-ге жуық адам доп теуіп жүр. Бұлардың қатарына кеше ғана «Қарағанды медиа футбол лигасы» қосылды. Бұл доп додасы талап, ережелерді қатаң сақтайды. Мәселен, қандай да бір команданың сапына қосылу үшін өзіңіздің өнер өкілі екеніңізді дәлелдеуіңіз шарт. Мәдениет саласында қызмет атқаратыныңызды растайтын құжатты тапсырасыз ба, әлеуметтік желідегі парақшаңызды көрсетесіз бе, ұйымдастырушылардың көзін жеткізудің бірнеше амалы бар. Мұнда журналистер де қосыла алады. Қаламгерлер де, айтыскерлер де осында.

Әр ойынды тікелей эфирден тамашалай аласыз. Кәсіби операторлар қажетті жабдықтармен қамтылған. Тіпті, өнерпаздар арасынан сайланған комментаторлар да бар. Ойын барысындағы сәттерді өзінше бағалап, эмоцияларға әр беріп отырады. Командалардың ойынын ғаламтордан қайталап та көресіз.

Ұйымдастырушысы – Бегім Хантөре. Бір кезеңде «Жайдарман» әзілкештер байқауында жарқыраған талант иесі. Бүгінде кенді шаһардағы өнерпаздардың басын футзалда қосып отыр.

– Сахнада, тойда танысқан және жақсы араласып кеткен өнерпаз достарым өте көп. Көбі өнерден бөлек, спортқа да бейім. Кәсіби футзалшылардан кем ойнамайды деп сеніммен айта аламын. Міне, солардың басын қосып, медиа лиганы құрдық. Басты мақсат – саламатты өмір салтын насихаттау, алаңда бас қосып, достығымызды нығайту. Шығармашылықта жүрген адамдар осында келіп сергіп қайтады. Жанкүйер болып отырып, түрлі эмоциялардың куәсі боласыз. Ойыншылар арасында кикілжіңнің болмауын қатты қадағалаймыз. Төрешілердің барлығы кәсіби деңгейде. Күмәнді сәттерде олар VAR, яғни, бейнеқайталау жүйесіне жүгіне алады. Одан бөлек, комментаторлардың ойындарды жүргізіп отыруы да – ойыншылар үшін қызықты деп ойлаймын. Комментаторлар бөтен адамдар емес. Олар да – өнерде жүрген азаматтар. Алаңдағылардың бәрін таниды. Келешекте деңгейіміз бұдан да жоғары болады деп сенемін, – деді Бегім Хантөре.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген еді.

Газетіміздің алдыңғы сандарында шаһардағы футбол лигаларын түгендеп, ауқымын сипаттаған едік. Солардың барлығын қосып есептегенде, бір ғана футболмен 10 мыңға жуық қарағандылық айналысатынын аңдадық.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button