Тағам қауіпсіздігі талқыланды
Жуырда облыс әкімінің орынбасары Шагурашид МАМАЛИНОВТЫҢ төрағалығымен ветеринарлық және тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде семинар-кеңес өтті. Шараға ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН мен «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Игорь СЫТНИК қатысты.
Семинар-кеңес өз жұмысын бастамас бұрын аймақ басшысының орынбасары қатысушыларға шара мақсатын түсіндіре кеткенді жөн көрді.
– 2012 жылы қалалық және аудандық «Ветеринарлық станциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылған болатын. Сонымен қатар, қалалар мен аудандарда ветеринария бөлімдері құрылып, республикалық деңгейден штаттық бірліктер берілді. Ал, өткен жылы облыстық ветеринария басқармасы құрылып, оған жоспарлы ветеринарлық-профилактикалық, диагностикалық іс-шараларды өткізу, бақылау-қадағалау қызметі жүктелді. Алайда, кейбір олқылықтар, жіберілген қателіктер бар. Бүгін біз соны талқылайтын боламыз. Семинар-кеңеске ветеринария саласындағы облыстық және республикалық мемлекеттік органдар, Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Абай қалаларының әкімдіктері, қалалар мен аудандардағы ветеринария бөлімдерінің, «Ветеринарлық станциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының, мемлекеттік және жеке меншік зертханалардың қызметкерлері, ауыл және ауылдық округтердің әкімдері, мал шаруашылығы қожалықтарының, базарлардың, сауда және қоғамдық тамақтану нысандарының басшылары шақырылды, – деді Шагурашид Мамалинов.
Облыс бойынша ветеринарлық-профилактикалық, диагностикалық іс-шараларды өткізу, бақылау-қадағалау қызметін қамтамасыз ету жөнінде облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Саят Мусин баяндама жасады. Оның айтуынша, Қарағанды облысы аумағындағы эпизоотикалық жағдай бүгінгі күні тұрақталған. Барлық ветеринарлық-профилактикалық, диагностикалық іс-шаралар бекітілген жоспар бойынша жүзеге асуда. Қарағанды облысы аумағында тағам қауіпсіздігін бақылауды күшейту жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында облыстың ішкі сатылымына шығарылатын ет өнімдерін тасымалдау кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесуіне қатысты облыс әкімімен кешенді жоспар жасалынып, бекітілді. Бұл органдар қатарына ветеринарлық қызмет мамандары мен жергілікті полиция қызметі енгізілді. Сөйтіп, биылғы жылдың шілде-тамыз айларында ветеринарлық заңнаманы бұзған 90 заңбұзушылық оқиғасы тіркелді. Аталған заңбұзушылықтар әкімшілік шара қолдану үшін ветеринарлық инспекцияға жіберілді. Жауапкершілікке тартылған азаматтарға барлығы 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 954 мың теңгесі – Қарағанды қаласы бойынша. Сонымен қатар, ветеринария басқармасының мамандары жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып күн сайын таңғы сағат 5.00-ден бастап «Арай» базарында көтерме сатылымға шығарылған ет өнімдеріне тексеріс жүргізеді. Бақылау кезінде тұтас еттердегі союға дейінгі және сойылғаннан кейінгі алғашқы тексеріс таңбасының болуы, ветеринарлық жолдама құжаты тексеріледі. Бақылау барысында ветеринарлық заңнама талап ететін 65 ветеринарлық заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда – ет өнімдерін ветеринарлық жолдама құжатынсыз тасымалдау, тұтас етте алғашқы тексерістердің таңбалары болмауы, ветеринарлық анықтама қағазының дұрыс толтырылмауы. Бұдан бөлек, Қарағанды қаласының ветеринария бөлімінің мамандары ішкі сауда-саттықтың ет өнімдері сатылатын 47 сауда орындарын аралады. Соның барысында 12 Заң бұзушылық есепке алынды.
Саят Мусиннің ерекше атап өткеніндей, тек сау малдар ғана союға жіберілуі тиіс. Ауру немесе күдікті, өлгелі жатқан, вакцина егілген және емдеу-профилактикалық мақсатта антибиотик егілген, жоғары немесе төмен дене қызуы бар малдар союға жіберілмейді. Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, ветеринарлық станциялардың ветеринар дәрігерлері малды союға дейінгі және сойылғаннан кейінгі тексерісі бойынша сою алаңдарында тіктөртбұрышты таңба қояды. Сонымен бірге, ветеринарлық анықтама қағазын толтырып, ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтуге жолдама береді. Ветеринарлық тексеріс малды тірідей сату кезінде де жүргізіледі. Ішкі сатылым бойынша жүргізілетін мал және құс сатылымдары кезінде тексеріледі. 2002 жылғы 10 маусымдағы ҚР Ветеринария туралы Заңына сәйкес, мал өнімдері ветеринарлық-санитарлық сараптамасыз сатылымға шығаруға тыйым салынады.
Алғашқы тексеріс жүргізіліп, тіктөртбұрышты таңба қойылғаннан кейін оның қасына сопақ ветеринарлық таңба қойылады. Тағам өнімдерінің ветеринарлық-санитарлық сараптамасы қорытындысы бойынша сараптама актісі немесе сынақ хаттамасы беріледі. Айрықша айта кететіні, союға дейінгі және сойылғаннан кейінгі алғашқы тексерістен кейін ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өту үшін ет тасымалдаушы көлік ветеринарлық ережелерге сай келуі қажет. Ішкі сатылым нысандарында сараптама актісі және сопақ ветеринарлық таңбасы бар ет өнімдерін ғана сатуға рұқсат етілген.
Баяндама соңында басқарма басшысының орынбасары әлеуметтік мекемелердің басшыларына, мейрамханалар мен кафелер иелеріне қарата жаппай уланудың алдын алудың қарапайым шарттарын айтты. Яғни, мал өнімдерін алу кезінде оның жеткізілген көлігіне, өнімнің қауіпсіздігін кепілдендіретін жолдама құжаттарының болуына баса назар аудару қажеттігін жеткізді.
Бұдан кейін облыс көлеміндегі ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Марат Мұхтаров мәлімет берді. Оның айтуынша «Ветеринарлық станциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны мамандары вакциналау, диагностикалық зерттеулер жүргізу жұмыстырын атқарады. Әрине, қол қусырып отырған маман жоқ екені белгілі. Өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға тырысады. Дегенмен, оқыс оқиғалардан ешқандай мемлекет сақтандырылмаған. Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия сынды мал өсірумен айналысатын елдермен шекаралас жатқан буферлік аумақ статусы бар Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары өзге облыстарға мал өткізе алмайды. Себебі, бұл елдерде аса қауіпті ауруларға вакциналау жүргізілмейді. Ал, тоғыз жолдың торабында тұрған Қарағанды облысы транзиттік облыс саналады. Аймағымыз тоғыз облыспен шекараласса, соның төртеуі буферлік аумақ саналатын облыстар. Сондықтан, Қарағанды облысы үшін үнемі барлығын бақылауда ұстау қиынға соғады.
Кеңеске Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров те қатысты. Облыс орталығына күн сайын 30 тоннадан аса ет және сүт өнімдері жеткізіледі. Орын алған эпизоотикалық жағдайға байланысты, Қарағанды қаласы аумағында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша күйдіргіні болдырмауға қатысты кешенді жоспар жасалып, бекітілді. Ішкі сауда нысандарында бақылау күшейтілді.
Қарағанды қаласының аумағында ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізуге арналған зертханалары бар 2 мал сою пункті, 4 мал сою алаңы, 8 жеке меншік базар, өндірістік бақылау жүргізілетін 32 өңдеуші кәсіпорын жұмыс жасайды.
Семинарда сонымен қатар «Қазагромаркетинг» АҚ облыстық филиалының директоры Бақтияр Омарханов, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Бауыржан Асайынов, облыстық ғылыми-зерттеу ветеринарлық станциясының директоры Сайран Дүйсенов баяндама жасады.
Жиын соңын «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Игорь Сытник пен ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин түйіндеді. Шараны қорыта келе, облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Рауан ҚАБИДОЛДИН